Айналамызға көз жүгіртсек 12 саны барлық жерден табылады екен - жылдағы 12 ай, тәуліктегі қос 12 сағат, Зодиактың 12 белгісі, шығыс күнтізбесіндегі 12 жыл атауы, тағысын тағы. "Неге 12 саны сондай жиі кездеседі, 10-мен санау әлдеқайда ыңғайлы емес пе?" деген заңды сұрақ туындайды. Алайда 10 саны шынымен де соншалықты ыңғайлы ма?
Ежелгі заманда адамдарға 12-мен санау ыңғайлырақ болған. Бұның бір себебі мынада - 10 қалдықсыз (өзі мен бірді санамағанда) тек 2 мен 5-ке ғана болінеді, ал 12 саны 2, 3, 4, 6-ға бөлінеді. Күнделікті майда-шүйде есептерге шынында да өте ыңғайлы, әрі айтуға да жеңіл: "жартысы", "үштен бірі", "ширегі", "үштен бірдің екеуі". Әрі бір қолмен 12-ге дейін санау да еш қиындық туғызбайды. Қалайша дейсіз ғой? Мына суреттерге қарасаңыз бірден түсіне қоясыз.
Былай санағанда саусақтарды бүгіп емес, бас бармақты керек санға сәйкес буынға тигізіп санайды.
Осы 12-ге негізделген санақ жүйесі көне Мысырда пайда болып, біртіндеп бүкіл әлемге таралыпты. Бұл жүйенің әсері әлі күнге дейін көптеген халықтардың тілнде, салт-дәстүрінде көрініс тауып отыр.
Ең қарапайым мысал ретінде ағылшындарды келтіруге болады. Ағылшын тілінде 11 мен 12 сандарының жеке атаулары бар. Ақшалары 1971 жылға дейін де сол 12-ге негізделіп келді: 1 фунт стерлинг = 4 крона = 60 гроут = 240 пенс. Ұзындық өлшемдері: 1 ярд = 3 фут, 1 фут = 12 дюйм.
Басқа елдерде де 12 саны жиі кездеседі. Орыс тіліндегі "дюжина" сөзі де сол 12-ні білдіреді. Оның қазақшаланып «дожна» делінгенін де естігем. Қажетсіз сөз болса оны қазақшалаушы ма едік?
Ежелде 12-нің квадратын (144) гросс, ал кубын (1728) масса деп атапты.
Қазіргі музыка да 12 нотаға негізделген. Иә, 7 емес 12 нота, сенбесеңіз музыдан хабары бар таныстарыңыздан сұрап көріңіз.
Келесі жолы екі қолдың көмегімен 5-тен 10-ға дейінгі сандарды өзара көбейтуді қарастырамыз.
"Саусақ санамақтың" өткен тақырыптары: