(күнделіктің ескі парақтарынан)
Ессіз сезімге бағындырмадым,
Еріксіз сені сағындырмадым.
Қаламасаң, Күнім, ашып айтсаңшы,
«Сүйші мені» деп жалындырмадым.
Естеліктердің қалдырдың бәрін,
Кетіріп «әсем» өмірдің мәнін.
Бал арасындай гүлдерге қонған,
Мендегі гүлдің жұттың бар нәрін.
Білмеген аңдай өздік бір әлін,
Азулылармен айқасты тәнім.
Тырмысып құзға өспекші болып,
Гүлдей кіргізіп, өмірдің сәнін.
Тарам да тарам қу жүрек қалды,
Қақсай да қақсай жағым да талды.
Сүліктей сорып үміт арманды,
Алдың да кеттің мендегі барды.
Сағыныш келіп, жанар суланды,
Жеңіске жетіп, нәпсім қуанды.
"Жоғалып мен де кетейінші" деп,
Жүрегім үнсіз тағы сұранды.
Арманға несін үміт жалғадың,
Көңілдің сырын алдап, жалмадың.
Қызық көрдің бе, білмеймін, келдің,
Бірақ мәңгіге жанымда қалмадың.
Жарым жүректің таппай бір емін,
Ақсақ киіктей күн кешіп жүрмін.
Күнім-ау, сенсіз өткен әр күннің,
Қалайша енді толтырам кемін?
Үміттің дәнін рұқсатсыз еккен.
Жүректің өзің жаралап кеткен.
Емшісі болып оралшы қайта,
Сірә да, мен де тек сені күткем...
17.12.10
***
Кешірші мені, ұмыта алмағаным үшін,
Сезімімді ақылға салмағаным үшін,
Байланып жіпсіз тәккапарлығыма,
Махаббат бағына бармағаным үшін.
Ендігі жерде олай болмайды,
Жабырқау көңілім еш мазаламайды.
Менімен әсте бағың ашылмас,
Ал, жүрек сенің бағыңды қалайды.
Жаратқан өзің жар бола гөр деп,
Жаным сен үшін бақыт сұрайды.
Бақытты болсаң бұл бір жалғанда,
Қуаныштан көзім жасын бұлайды...
***
Сәулелердің ішінен сәуле көргем,
Ол сен едің жолыма жарық берген.
Сенімсіздік орнаған жүрегіме,
Сен едің үміттің де дәнін еккен.
Тамшылап қу жанымды уайым тесіп,
Жанардың жастар жібін күдік шешіп.
Күнім, кенет бір болмай қалсақ егер,
Құзар шыңнан ұшармын мұңға ілесіп.
Кетсең, Күнім, ала кет жүрегімді,
Жүрексіз білмейм қанша жүрерімді.
Бақытымды және де ілестіргін,
Жүре тұрам жамылып күрең мұңды.
23.07.11
***
Баласың әлі, қылығың тәтті, Күнім-ау,
Жарасар саған еркелеп, ұрсу, бұртию.
Балалығыңды ұғындым, сездім бүгін-ау,
Сен де ұғыншы балалығымды бір түйір?
Өкпелеу маған жарасар қылық, сірә да,
Еркелейінші, рұқсат берші, өтінем?
Сағынам сені көре алмай қалсам күнара,
Өзіңді, Күнім, расында ұзақ күтіп ем.
Жүрегім таппай өзіне пана, сабылды,
Үміттенді де, үзіле күтіп өзіңді.
"Ұмыт" -деп сені ақылым тағы жалынды,
Дегенмен, жүрек жүрек болғасын төзімді.
Сен үшін менің бақытым - бос сөз, бос арман,
Үмітім менің қиялдан, сірә, құралған.
Жалынып тұрып Жаратқанымнан сұранам,
Бағынды тапшы, бақытты болшы, Күн-Арман...
***
...сылдыр сөз, ұстатпайтын қаңбақ үміт,
Жағаласып көлеңкедей кетпес күдік.
Не боп кетті мынау өмір жанталасқан?!
Қаншама алдамшы, пәс күнді сүрдік?!
Жылатып, кімді ұнатып, кімді сүйдік?!
Кім үшін ар-ұятқа ессіз күйдік?!
Бой өскенмен, әй, осы өсті ме ой?
Қателіктен санаға нені түйдік?!...
***
Мен сені ойладым!
Ойладым!
Өзіңсіз мәнісін жойған күн.
Түсіме енген сол түндерде,
Сірә, сен мені де ойладың?!
Мен сені сағындым!
Сағындым!
Мені алдап келіпті сағым мұң.
Көргенде өзіңді шаттанып,
Бақыттың тұмарын тағындым!
Сен маған керексің!
Керексің!
Өзгеге ұқсамас ерексің!
Мен сенің мәңгілік тамырың,
Сен менде жайқалар терексің!
Мен сені бермеймін!
Бермеймін!
Ағылсын, қанекей, селдей мұң!
Талассын бір саған күллі әлем,
Мендіксің! Басқасын көрмеймін!
Мен сені әкетем!
Әкетем!
Жан білмес жер, сірә, бар ма екен?
Таба алсам бақыттың мекенін,
Сені, біл, аялап мәңгі өтем...
Мен сені әкетем...
8/12/12
***
Санамды сүйіп мұңдарым,
Өзімді өзім құлатам,
Өзімді өзім құшақтап,
Жылатып тұрып, жұбатам...
Құрбы да, дос та өзім... мен,
Сырымды ұғар қызықсыз.
Сынасатұғын төзіммен,
Мен, жалғыз, өзім... қызықпыз,
Қуантып, бірде мұңайтып,
Жек көріп, кейде ұнатып.
Үштаған сынды үшеуміз,
келеміз өсіп, гүл атып...