Сауда жасап тұрған адам неге алаңдайды?
блог
Қол қусырып біреуге қарап отырар заман емес. Тірі адам тіршілігін жасар. «Алма піс, аузыма түстің» ауылы алыстағалы қашан. Бірі- өз жүрек қалауымен таңдаған мамандығының шыңына шығар, бірі- бизнес әлеміне аяқ басар. Бірақ, сол бизнестің ебін тауып шыр айналдырып кеткендер бар, тәртіп сақшыларынан қашып, сауда жасап жүргендер бар. Бұл базарлар маңында, жүргінші жүрер жолдарда сауда жасайтын «жабайы базардың» саудагерлері хақында.
Сауданың қызған ортасы «Көк базардың» маңында «Түркістан» сауда және қонақ үйі бар. Сол ғимараттың адамдар жүрер жолы нағыз сауда орталығы дерсің. Бергі жағында 70 жасты алқымдаған әжеміз тәтті құрт пен темекі, одан кейін жастар киім-кешек пен беті ашық сиыр еті, қой еті араласып, ең соңында көкөніс, жеміс-жидек, сусындар сатады. Сол саудагерлерді бақылап, сөзге тартып көріп едім. Орта жастағы ерлер мен әйелдер, жастар жанына сұрақ қойып тақай бергенде ат-тонын ала қашты. «Өзім алаңдап тұрғанда, саған айтар ештеңем жоқ. Басымды ауыртпашы» деп тіпті, жанына жолатпайды. Тек сауда жасар болсаң ғана жақындай аласың. Сауда жасап тұрған адам неге алаңдайды? Кімнен қорқады? Әрине, тәртіп сақшыларынан. Тіпті олар қашуға оңай болсын деп заттарын ыңғайландырып алған. Кейбірі кішкене қалташа сөмкеге салса, кейбірі қолдарына ұстаған, дөңгелек арбаларға салған. Тек аяғы, белі ауырсада күн көрістің қамымен жүрген апа-әжелермен сырласуға мүмкіндік болды. Соның өзіне есімдерін айтпай, қашқалақтады. «Осы сауда жасап тұрған жерлеріңізге салық төлейсіз бе?» деген сұрағыма: «Әрине, төлейміз. Тұрғанымызға 600 теңге күніне. Ал милицияларға айына 15 мың теңге» деді бір әжеміз ішіндегісін бүкпестен. «Қай жақтан келеді екен деп уайымдап тұрамыз. Базар ішінен орын алу 2-3 мың доллар. Біз сияқтыларға ондай қаражат қайда?!» деді тәртіп сақшысы «келе жатыр» дегенді ести сала заттарын ала қашқан тағы бір апамыз. Тіпті кейбір әбден машықтанып алған саудагерлер өзге біреудің көлігінің үстіне заттарын жайып қойып сауда жасап отыр. Ал сол ғимараттың артынан Құран кітаптар, иіс сулар, жайнамаз, тәспі сатушыларды көресіз. Сондағы сатушы-ағай: «Бізге келіп «сауда жасамаңдар» деп айтады. Бірақ әлі күнге дейін орнымыздан қуған емес» деді. Беті ашылып, күннің көзінде таңнан кешке дейін тұратын ет, шұжықтарды айтсаңызшы. Соны халық алып жатыр. Ол еттер сау малдыкі ме, қайдан келген ет? Оны ойлаған не сатушы, не алушы жоқ. Егер олардың базар ішінде орны болса, қымбатқа түсер еді. Сол ашық түрде ет сатушылар үндеместан, саудасын жасай берді. Осы тәртіп сақшысы мен саудагерлер балалардың «қуаласпақ» ойынын ойнап жүрген секілді. Еш талмастан қашады, саудасын жасайды, алады. Бұл күнде қайталана беретін көрініс. Тек бір «Көк базарда» ғана емес, барлық қалаларға осы оқиға таныс.
Олар да адам баласы. Қанша бөгет қойсақ та нанын табу үшін саудасын жасайды. Оларға ерік бердік деп, азық-түліктерді ашық түрде шаң-тозаңның қасында сатуға тағы болмайды. «Жабайы базардан» құтылғымыз келсе, базардағы жалға берілетін орындардың бағасын арзандату керек немесе басқа бір амалы табылатын шығар...