Сауда-саттықта жүрген адамдардың көбі қу болады. Тауарын өткізуге тырысып, мақтай жөнеледі. Ал біздің отбасымыздың мүшелерінің қолынан сауда келе қоймады. Осыдан 10 шақты жыл бұрын мамам пияз сатқан екен. Қапқа салынған пияздың шет-шеті бүтін әдемі пияз болады да ортасына шіріктерін салып "кукла" жасап қояды барлығы. Елдер "мынау кукла ма, ортасы шіріген бе?" десе, мамам "иә, иә кукла ғой, ортасы шіріген" деп айта салады екен. Бұған қасындағылар қатты ашуланады. Сөйтсе мамам "енді шірік екенін үйіне барғанда бәрібір көреді ғой, ұят болады" дейтін.
Атам бір күні ешкісін сатып жатыпты. Бір кісіге буаз емес ешкі керек болып атама жақындап келіп, ешкісіне қарап:"ешкіңді алайын, буаз емес шығар" депті. Атам "жоқ, жоқ буаз емес" деп сайрап жатса, апам шыдамай кетіп "аздап буаз" деп сауданы құртып жіберген екен.
Туысқан әпкем орысшаға келте еді. Екеуміз жазда бір дүкенде сатушы болып істегенбіз. Мен 10 сыныпты бітірген кезім еді. Дүкенге бір орыс кісі кірді. Мен мына жақта сауда жасап жатқан едім. Орыс кісі мені күтіп тұрған. Бір кезде әпкем ана кісіге жақындап: "че вам надо я вам дам" деді. Әлгі орысқа "я Вандам" деп естілген екен. Ішек сілесі қатып "какой ты Вандам, ты женщина" деп қояды.