Сауатты жазудың маңызы

   Сауаттылық – қазіргі заманда адамдардан талап етілетін басты критерийлердің бірі болып табылады. Талап етілетін емес, көргіміз келетін дейікші. Себебі сауаттылық – адамның мәдениеттілігін көрсетеді. Не дегенмен екі сөздің басын біріктіре алмайтын адамды, сөздің аяғын жеп қойып сөйлейтін немесе хабарламаларда 2 сөйлемнің ішінде 5 қате жіберетін адамды мәдени бай деп айту қиын, әрине. Неге үйренбейсің деп қолқа салсаң, уақыт жоқ, ынта жоқ деп неше түрлі сылтауын айтады. Бұрынғы заманда тек ауқатты адамдар ғана білім алып, өздерін сауатты адамдарға жатқызатын. Ал қазір әр адам білім ала алады. Сонымен қатар ғаламтор желілеріне әр адамның қолы жетеді. Яғни әр адамның өздігімен білім алып, сауат ашуға құқығы бар. Сол себепті қазіргі заман адамдарының сауатсыз болуы – мәдениеттілігінің жоқтығы ғана емес, сонымен қатар жалқаулық, сананың төмендігі, яки өз-өзін дамытуға деген құлшыныстың жоқтығы.

    Сауатты болу неге маңызды? Сауаттылық, біріншіден,адамға сенімділік береді. Екіншіден, сауатты адамның жетістікке жетуге деген мүмкіндігі көбірек. Мысалы, өмірден бір жағдай алайық. Жұмысқа орналасуға  2 адам келіп тұр делік. Сұхбат барысында екеуі де жұмыс берушіге ұнады. Дегенмен біреуін таңдау керек. Осы сәтте өздерімен әкелген түйіндемелері үлкен рөл атқарады. Оқыған кезде-ақ кімнің басымырақ екендігі байқалынады. Жазу мәнері, ойын дұрыс жеткізуі – жұмыс іздеушінің сауатты жазып қана қоймай, сауатты ойлайтындығын көрсетеді. Осындай өмірден алынған қарапайым мысалдан-ақ сауатты болудың неге маңызды екенін түсінген боларсыз.

    Сауаттылық неге маңызды деген сұраққа тағы да басқа  жауап іздеп көрейік. Адам сауатты жазып, сауатты сөйлесе ол адам жайында жақсы ой қалыптасады. Адамдармен танысу барысында алғашқы әсердің маңызды екенін білесіз. Егер біреу хабарлама жазғанда немесе сөйлегенде көп қате жіберсе, ол адам жайындағы әсеріңіз теріс болуы мүмкін. Және алғашқы әсерді өзгерту өте қиын екенін барлығымыз білеміз.

   Сонымен қатар адамдардың бір-бірін түсінісуіне адамның ойының ашықтығымен қатар, өз ойын анық, сауатты жеткізуі маңызды. Дұрыс жеткізілген ақпарат міндетті түрде дұрыс талданады.

   Қадыр Мырза Әлі ағамыздың «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген керемет өлең шумақтары бар емес пе?! Өз тілінде қате жазатын адам, туған тілінің артықшылықтарын қолдана білмейтін адам өз тілін жетік біледі деп айта аламыз ба? Орыс жазушысы Максим Горький тіл жайында «тіл – ол білуге және жақсы игеруге тиіс құрал. Егер ол сауатсыз қолданылатын болса сынған яғни іске аспайтын құралмен тең» деген екен. Сонымен қатар сауатты жазу – дәстүрімізге деген құрметтің белгісі. Өзге тілде сауатты жазып, өз ана тілімізде қате жазатын адамның мәдениетімізге деген сыйластығының жоқтығын көрсетеді.

   Сауаттылық – тек туған тілімізді білу және ойды дұрыс жеткізу ғана емес, қазіргі таңда маңыздылығы жоғары ақпараттарды білу, белгілі бір салаларда ақпараттанған адам болу. Сауаттылық қызықты әңгімелесуші болуға мүмкіндік береді, жаңа әрі пайдалы таныстық орнатуға көмек болады.

   Сауаттылықтың маңызды екендігі барлығымызға түсінікті болды деп ойлаймын. Сонымен қатар сауаттылықтың тағы бір маңыздылығы – бақыт. Сауатты адам өзіне не керектігін біледі. Арман-мақсатына жету жолында әр қадамын ойластырып, ішкі ойларын тиянақтап қояды. Сауатты жан өз бақытының кілті неде екенін біледі және бақыты болуға үлкен күш салады.

    Бұл үлкен мәселе емес қой дейтін шығарсыз. Дегенмен сауатты болу – сіз бен біздің өміріміздің сапасын жақсарту жолдарының бірі. Сол себепті білім алып, сауатты жан атану үшін үлкен күш керек еместігін түсінсек деймін. Тек қана ынтаңыз болса болғаны. Осылайша күнделікті өмірде «Орфографиялық инфаркт» азайса деймін.



Бөлісу: