Аталмыш портреттің бүгінгі иелері чикаголық Карбоне әулетіне атадан мирас ретінде қалып, табысталған. Олар өмірдегі барлық сәттіліктерін осы туындымен байланыстырады. Оған дәлел: Карбоне әулетінің әрбір мүшесі портретпен тілдескеннен кейін қандай да бір табысқа немесе дегеніне жетеді екен.
«Бұл тек біздің тегімізге ғана қатысты емес. Біз достарымызға осы картинаның көшірмесін сыйға тартқан болатынбыз. Нәтижесі өзімізді де таң қалдырды. Айықпас дертке шалдыққандардың денсаулығы жақсарып, кедейлер табысқа кенелді», - дейді Марио Карбоне.
Марионың әкесі Луиджи Карбоне бұл портретті Италиядан 1897 жылы әйеліне сыйлық ретінде сатып алған. Осыдан кейін отбасылық өмірі құрдымға кетіп бара жатқан Луиджидің өмірі күрт өзгерді. Бедеуліктен зардап шеккен Карбоне ханым жүкті болып, егіздерді дүниеге әкелді. Ал Луиджи болса, кенеттен сауда-саттықта табысқа кенеледі.
Цыган қыз бейнеленген аталмыш туындыны үйді жөндеу кезінде сарайға қояды. Осының барлығына портреттің қатысы бар екендігіне сонда ғана көз жеткізеді. Себебі, сол сәттен бастап балалары ауруға шалдығып, үй өртенеді. Сондай-ақ, бизнесте де шығынға батады. Кейін қапа болған Луиджи сарайдағы портретті алып, бұрынғы орнына іліп қояды. Бірден сәтсіздіктердің барлығы жоғалады!
Цыган қыздың портреті Карбоне әулетінде ұрпақтан ұрпаққа табысталып келді. Әрбір буыны материалдық жағынан да, жеке өмірде де бақытты болды.
Бір кездері Карбоне отбасы портреттің көшірмесін жасауға рұқсат еткен болатын. Кейін цыган қыздың суреті америкалық газет беттеріне басылып шығып, оқырмандар оны қиып алып сәттіліктің нышаны ретінде үйлеріне іліп те қойған.