Сәттік қана ой. Сабыр бар, маза жоқ
блог
Сәттік қана ой. Сабыр бар, маза жоқ
Критиковать может любой дурак, и многие
из них именно этим и занимаются.
Сирил Гарбетт
Шыж-быж болып миы қайнаған. Бұған таңертеңнең басы дауға ілігіп, сауғалап отыруына бәлендей себеп те болған жоқ еді. Тек әлдекімнің қылпың мінезі мен өршіл, тым өршіл сөздері намысты қажаған. Шындығы шырылдап дейсіз бе, ақиқаты алқынып дейсіз бе, әйтеуір біреуде кеткен өші бар секілді дүрк көтеріліп, бұған қарайлата андағайлап шаба жөнелген қызығатын қыз-қатынның бәрі жын-шайтанның елесі болып көрінді. Көресі көздер неге көрдім деуіндей-ақ өкініп бақты. Тоқта...тоқта
Түк ұқтыра алмай отырғаным-ау... Басынан бастайықшы.
Әлдекімдер әулие деп әммеге жар салып жүрген, бұл мейрамсымақтың қай елде қалай тойланатынына дейін еңбектеніп жазған ортада. Иә, бар қызық осында басталған. Сол, Валентин даттың дәті қалай шыдап жүргенін қайдам, жер бетіндегілер мұны соншама жиіркенішпен айтады. Көрінде өкіріп, сол иығымен аунап қаңтарылмаса қайтсін енді. Әркім бір келіп, тілін салаңдата сағыздай өсекті көпіреді дейсің. Тұқиянымен тойтарып, тегін ұмытуға шақ қалады-ау кейде. Сөйтсе пимадай қап-қара жарнамасы күйе құралпы бетті өпкен, бояуы сіңген екен. Шып-шып әңгіменің өзі осы тақырыпқа келгенде шырылдап кетеді-ай. Жан дауысы шыға. Әлдеқандай елдегі әлдеқандай уақыттағы әлдеқандай әңгімеге бола осы қазақ та қайтпай бірін-бірі мүжіп жатады-ай. Түйіліп кеп соғады-ай. Онысын қайтесің, түге!
Даудың басы Валентиннің күні болды. Біздің кейіпкер осы күнді бала кезінен бері я мектебінде болсын я жоғары оқу орнынан болсын сабалақ ұрып, жындыша билеп тойламаса да сүйгеніне ақырын ғана бір ілтипат көрсетуді жөн дейтін. Аса бір қамкөңіл, мәз-майрам шақтарға енетін де кететін. Болды. Бұдан бақытты жан жоқ. Өмірдің қара жолағы бір емес, бірнеше жылға кейін ысырылған. Күні одан әрмен жарқырап, түні сыбызғының сазындай сыр айтушы еді-ай. Қылпың күмән, бұлдыр тұман бірдей-ақ сейіліп, арманның ақбозатымен алып ұшатын да кететін. Айтып болған секілдіміз. Сөйтіп, бұ кісі бабын тапқандай боп қомданып, төрт шумақ өлең жазбай ма. Ие, әрі ойланып, бері ойланып, қарымы жеткенге дейін шалып бақты. Өзіне ұнаған. Логикалық қате жоқ. Көркемдігі өзінікі. Өзгесін қайдам деді де блог тұғырына жайғастыра салды. Суретімен де көмкеруді ұмытпаған. Сөйтсе...
Сөйтсе дейсіз ғой, тәп-тәуір пікірлер айтылып, арманы андағайлап өсіп кетуге шақ қалды ма қалай. Әйтеуір міз бақпаған күйі тыным тауып отыра алмады. Ғаламтор деген несін алған. Үйреніп алдық-ау деп қатарын қарап, алды-артын түгендеп-ақ жүрген ғой. Сөйтсе бір сұңғыла (екі мағынасы бар сөз) келіп шаужайына жармасқанын қарай көр. Тыраулаған тырнадай тырнағымен бүріп-бүріп өтеді-ай әр сөзінде. Бұ кім еді дегендей ден қойып, дәтке қуат айтты өзінше. Күмілжіп, сайқалдана керіліп, көк аттыдай күліп айналсоқтап жүріп алғаны. «Қарадай отырып тиіскені ме» деп бұрқ етті. Содан не керек, тағы бірі шықты. Бұ жолы қыз бала. Бәлкім, кейіпкеріміздің ойын басқаша түсінген болар, ыстық махаббатты, аппақ арды, шандоз намыс пен ұлардай ұятты күл-талқан етіп, сарт та сұрт ұрысқа бастап кетті. «Өлең – өсекші» деген осы. Айтар дау сол – менің анандай бір талғамым, мынадай бір көргенім бар еді. Өлеңің ондай емес. Қысқасы, жақтырмаймын.
Иә, ұнатпауға болады ғой, талғам деген болады. Сөйтсе бұл кісі кейіпкеріміздің өлеңін түбімен қырып-жоюға бет алғандай боп түйіледі-ай. Айқай-ойқой сүреңнен кейін мынаған дау жоқ екен деу ғана қалды.
Ойлады: жігіт болса көзін көгертер ем, ұятсыз.
Жазды: жігіт болсаң көзің көгерер еді, ұятсыз.
Сүлейменнің жүзігі айтады: «Мұның бәрі де өтеді». Өтер. Делік. Сонда да дұшпанға балап, тушадай аласұрғаны несі дейді. Басқасы қызық емес. Түгі де.
Ал өзінікі өзінде. Арман мен мұраттардың жетегінен таймасын. Алла тайдырмасын дейік. Әумин.