Сатқындықтың "сандырағы" келді

Біздің өміріміз қандай қызық... Достық пен сатқындық, өтірік пен қастандық... Осылардың бірі өміріңізде орын алып жатса өкінудің қажеті де жоқ. Себебі, тіпті бір тал жапырақтың жерге үзіліп түсуі Алланың әмірімен болады. Көбіміз тағдыр деп налып жатамыз. Бұлай деуіміз өзімізді жұбату ғана. Өзімізді жұбатып бар кінәні тағдырдың шекпені етіп жаба саламыз. Мен өмірдің ағын татпасам, қарасына жолап, немесе қарасының зардабын татып көрмеген едім. Көп оқыған, көреген ағам айтқаны әлі есімде... «Қызым, сен шынайы өмірге енді ғана аяқ басып келесің. Сені өмір талай рет сынайды, сонда оған өкпелеме. Тіпті, адамдарды жек көріп кетесің» дегені бар еді. Расында, мені бір сынақ тағдырымды таразыға салып бір сынады. Ол сынақ кішкентай, түкке тұрғысыз болып көрінер, дегенмен, мен үшін орны үлкен, қайғысы тіпті үлкен болды. Себебі, бұл сатқындықтан болды. Сатқындық кімнің басында болмайды, алайда досыңның сатқанаы ең ауыры шығар. Сырыңды айтып, ойыңмен, алдағы жоспарыңмен бөлісіп жүрген сырласыңның сенің ойыңды ашып тастап, жоспарыңның күл – талқанын шығарғанда сенімнен қалады екенсің.

          Бұл менің басымнан өтті. Досым деп жүрген жанашырыммен мен университет қабырғасында таныстым. Оның өмірге деген көзқарасы, пікірі мен үшін маңызды болатын. Біреулер айтқан қате пікірді түзеп, барша адамнан тек кінәрат іздегенде мен солай шығар деп еріксіз оның айтқанына қосылып отыратынмын. Тіпті, тобымыз да бір болған. Күнде қасында жүрмесем де ара тұра жүздесіп, сол сәттерді ерекше бағалап уақытымызды құр кетірмей аз ғана уақыт ішінде пікір алысып, арасында кішігірім қалжыңдасып жүретін едік. Мен білгенім бір тоғыз оның біліміне ерекше қызығатынмын. Сондықтан ақылдасып тұратын жанашырым ретінде білімді досымды үнемі бірінші орынға қойып жүрдім. Бұл уайымсыз бірақ қарбаласқа толы студенттік өмірімнің астаң кестеңі бір күнде шыға келді. Досым мені сатып кетті. Менің барша сенімім мен үмітімді аяқ асты етіп таптады. Мен ашып айта алмайтын сатқындық тек өзіне аян. Ұяты білер деймін кейде. Құрбыларым мені жұбатып кейде «ондай достың деңгейіне түспе» деп сабама түсіріп отырады. Менде досыма сұрағым көп... неге олай еттің, неге ескертпедің... Сатқындық демес едім егер досым келіп маған барлық жайды ашып айтса... Түн ішінде келген хабарламасы дәл осы сатқындығын ашып берді. Ұялса ғой, тіпті, ұялмастан жіберген хабарламалары көңілімді тіптен түсіріп жіберді...

         Мен расында, оның деңгейіне түспеймін. Бұл менің басымнан өтіп отырған жалғыз сатқындық болмасы анық. Не болса да мен енді кішкене болса да адам тани бастадым. Кімге сенемін, маған дос болатын кім... Аузы күйген үрлеп ішеді дейді қазақ. Мен үшін бұл оқиға мәңгі есте қалатын оқиға болды. Енді сақтықпен ғана дос боламын. Ал, досыма айтарым, мен оған ренжігенім рас, дегенмен, енді жолымыз үнемі екі жақта болады. Сатқындықтың сандырағы деген осы шығар, ішімдегіні бөліспесем жанымды жеген осы сатқындықтың ізі жаныма маза берер емес...



Бөлісу: