СӘТ

 

Бауырына түн алса бұл қаланы,

Неге менің көңілім мұңданады?

Бір мейірім жетпейтін жас жанымнан,

Тағы да сол көңілсіз жыр қалады.

 

Өткен күннің жүрекке салмағы ауыр,

Жаныңды ұғар  бар ма дос,бар ма бауыр?

"Мені бәрі алдады...алдандым мен"

Айтшы түн,не опа бар жалғанда бұл?!

 

Жыл сырғиды өтеуін қайтармаған,

Дүниеге алданғанын байқар ма адам?

Менің ішкі шерімді кім түсінер,

Өлеңнен өзге ешкімге айта алмаған.

 

Қайғы ерте есейтіп асырды қыр,

Кешкедеймін бір дәуір, ғасыр түгіл.

...Айдын нұры секілді кемеріне

Сыймай тұрған қайтейін,жасымды бұл?

 

Тағдырымнан  бұл күнде қашырдың мән,

Не деп уәж айтаcың  ғасыр бұған?

Даңғаза бұл тірліктен қашқаныммен,

Өзімнен қалай өзім жасырынам?..

 

Бауырына түн алса бұл қаланы,

Неге менің көңілім мұңданады?

Бір мейірім жетпейтін жас жанымнан,

Тағы да сол көңілсіз жыр қалады.

13.06.2013



Бөлісу: