Ән қосып сағынышты күз деміне,
Жамылды сары шапан түз де міне.
Ақ жаңбыр тамшысындай тізіледі,
Сен жаққа ұшқан құстар тізбегі де, - дейді Әділ Ботпанов. Иә, әне-міне дегенше күздің ортасына да келіп жеттік.
Сары күз – сағым дала. Құдды бір жасыл әлем сап-сары сағынышқа айналғандай.
Қоңыр күз – қоңыр әлем – қоңыр саз. Менің жан дүниеме, шығармашылығыма қоңыр жел болып есіп шабыттандырғандай. Жалғыз маған емес, шығармашылықта жүрген кез кеген адамға шабыт беретін, поэзияларына, әндеріне арқау болған тақырып. Салқын күз.
Сыртқа шықсам сарғайған күзді көрем,
Жүдеу жүзді сонан соң қызды көрем, - дейді массагетшілер. Жайдары жаздың жылуын сағынады, білем. Жапырақтар сабағынан үзіліп, көңілсіз күй кешіп жатқандай. Алайда, мен күзді, күздің табиғатын, суығымен, салқын желімен, жаңбырымен жақсы көрем. Себебі, күз – молшылықтың, байлықтың, берекенің айы. Кырман басы тазаланып, бау-бақша жиналып, құс базары тарқайтын кез емес пе!? Адамдар күзді «жаңбырлы күз», «қара күз» деп айыптап жатады. Ал мен үшін күз – «Алтын күз».