Сары атымыз болатын. Қыс түссе бітті қарағай, отын суйреуге салсақ, жаз келісімен маркор тартқызып жер аудартатынбыз, арбалатып шөп тасытып, таудан жинаған таңқурайымызды артып алып келетінбіз. Өзі асау болғанымен жұмысқа көнбіс еді. Кешкісін байлаулы тұрған жерінен атама байқатпай мініп кетуші едім. Үйден шыққанда жай жүріп, үй қырдың артына таса болды-ау дегенде үзеңгімді соғып -соғып кеп шаба жөнелетінмін. Бір дөңнен екінші бір дөңге сай арқылы шабу- менің "кайфым" еді. Алдыңнан ескен желді ерекше ұнататын едім. Қатты шапты-ау деген кезде жүгенімнін шылбырын ертоқымға іле салып, есі кеткен адамша екі қолымды көтеріп шаттанатынмын. Сондай кезде ат пен өзім бір тұтас сияқты сезінесің. Тұяғымен әр басқан қадамын ат емес бейне бір өзің жүгіргендей айқын біліп отырасын.Поэзия сияқты, еш кедергісіз бірқалыпты ырғақты, ұйқастың ұйысуын қалайтындай, шабыстың бір ырғақты болуын тілейтінмін. Менің тілегімді сезгендей атым да кедергілерден мүлтіксіз өтіп отыратын еді. Жылдамдықты сүйетінмін, қазір де сол әдет. Көлікте де жылдамдықты қалаймын. Үрпиген сары шашым сары атымның жалымен бірдей қозғалып жататын. Неге екенін "ел не дер екен, ұят ау" деп ойламайтынмын. Қымсынбайтын едім,... қазір де қымсынбас ем. Сосын атымды қайта апарып тұрған жеріне байлап қоямын. Қара терге түскен оған "алғыс хат" ретінде бір тостақ жем әкелетінімді ол да біледі. Байласаң бітті кісінеп маған жалтақтап, күтіп тұрады. Кейде атам "әкең ***, осы ат өзінен өзі терлейтін ауруы бар ма" деп күжінеп жүруші еді. Қайдан білсін сары аты сары жиенін қыдыртып әкелгенін.