Күндегі әдетімше жұмыстан босай салысымен үйге қарай ентіге басып келе жатқанымда аула бұрышындағы қоқыс жәшігіне кішілеу қораптан әлдебір ескі қағаздарды тастап жатқан балақайды көзім шалды. Алғашында өзіммен өзім болып балақайға көңіл бөлмеген едім. Бірақ сол сәтте есіп тұрған самал баланың қоқысқа тастаған қағаздарын ұшыра бастады. Аяқ астындағы тозығы жеткен, жылдар өтуіменен сарғайып кеткен суреттер, дәптер беттеріне көзім түскен соң еріксіз еңкейіп бірнешеуін жерден қолыма алдым. Бұлар түрлі уақыттарда түсірілген, жас ерекшеліктері әр түрлі болған кісілердің суреттері еді. Бұл суреттерді қолға алып қарар екенсіз еріксіз ойға шомыласыз. Көбі сонау 40-50 жылдардағы сурет салондарында түсірілген жансыз бейнелер... . Арадан жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті.Бұл кісілердің бірі бүгін арамызда жоқ болсада, бірі өмір сүруде... . Дегенмен, ол кісілер кім болсада уақыты келіп соңындағы ұрпақтарының бірі елеусіз ғана, жоқ, елеусіз емес қатігездікпен ата бабасының естелігін таптауы мүмкіндігін ойлапта көрмеген болар бәлкім?
Негізінде ешбір кісі жаман күнінде суретке түсуді ойламайды. Жақын тусқандар немесе көптен кездеспеген достар суретке түсерде, "жақсы күндерімізден естелік болсын" дегенді көп қолданады. Демек, бұл суреттерде ол кісілердің қуанышты күндерінен бір естелік болса, бүгінде адам көңіліндегі сағынышты сәттерді қозғаушы бір күшке айналғандай. Жылдар өтуімен бұл үнді тез тез тыңдағың келеді. Өйткені адамзат табиғаты осы - нені жоғалтсаң, соны көбірек аңсайсың.Өкініштісі қоқыс жәшігіне сол ата бабасынан қалған естеліктің бір бөлігін тастап жатқан балақай мұны түсінерме екен? Жоқ әлі түсінбейді, өйткені ата - анасынан олар туралы еш нәрсе естімегенде.
Осы орайда бір оқиға еске түседі. Ол кездері біз студент едік. Автобуста егде жастағы бір кісімен жол серік болдық. Ол кісі көптен бері түсіне ағасы кіретінін, бірақ соғыста он тоғыз жасында қаза болған ағасынан ұрпақ, ең болмағанда сағынғанда есіне алатын бір дана суретте қалмағанын көзіне жас алып айтып берген болатын. "Ең болмағанда суретке қарап перзенттерім нағашысын еске алып жүретін еді", деген сөздерін ол кісі үлкен арманмен айтқан болатын. Сол уақытта ағасының ең болмағанда бір дана болсада суреті табылса ол кісінің жүрегін өртеп жүрген азаптың аз болсада жеңілдеуі анық еді. Өкініштісі бұл арманда оның кеудесінде орындалмастан қалды... .
Сарғайған суреттердің түрлі орынсыз жерлерде шашылып жатқанын көргенімде еріксіз жүрегің қобалжып кетеді. Жанұялық фотоальбомдарда көз қаршығындай сақталуы керек болған, келешек ұрпағына естеліктерді жандандырып тұрушы сарғайған суреттерді көшеге, қоқыстарға тастап жатқан кісілер өз әулеті тарихының бір бөлігін бүтіндей өшіріп жатқанына ақылы жетедіме деген ойға қаласың... !