Сарайшықтың 1741 жылғы жоспары табылды

Ресей мемлекеттік әскери-тарихи архивінен Сарайшық қалашығының түпнұсқалық топографиялық жоспары табылды. Бұрын-соңды жарық көрмеген және зерттеушілер назарынан тыс қалған құжат «План городу Сарайчик в Яика Гурьев городка в верх по реке Яик верстах в 60 снят прошлого 741 году» деп аталады.

Жоспардың масштабы 50 сажен (1 сажен – 2,16 м), бетіндегі мәтіндер XVIII ға­сырдың алғашқы жартысындағы шапшаң жазу үлгісімен берілген. Авторы белгісіз, алайда құжаттағы «Инженеру капитан Петру Кутузов» деген жазуға қарағанда, сызба сол кезеңде Астрахань инженерлік департаментін басқарған инженер-капитан Петр Кутузовқа жол­данған болуы керек.

Ғалымдардың ойынша жоспар ортаға­сырлық Сарайшық қалашығының жанынан бекініс қамал салу үшін жасалған.Себебі Орынбор комиссиясын басқарған В.Татищевтің Жайық (Оралдан) қала­шығынан төмен аумақты қорғау мақса­тында қамалдар мен бекіністер салып, оған Қазан әскери полкі мен алексеевтік және самарлық дворяндарды тарту туралы жобасы 1739 жылдың бас кезінде Петербургте мақұлданған болатын. Осы­ған орай жоспар аталған жоба аясында жасалуы мүмкін деп есептейді ғалымдар.



Бөлісу: