Сап түзеген сақшының сыры

Сап түзеген сақшының сыры
жеке
блог

Мен Алматы қаласының тұрғынымын. Ірі мегаполистің 2млн-ға жуық халқы бар, 800 мыңнан астам көлігі бар. Көлігі көп қалада МАИ қызметкерлері де көп болады. МАИ қызметкерлері демекші, хылықтың үлкен бөлігі оларға теріс пікір білдіреді. Мен де солардың бірі едім. (Төмендегі оқиға шамамен 5-6 жыл бұрын болған.)

Әдеттегі күндердің бірінде Райымбек даңғылының бойымен жүргенмін, тізгінімде көлік. Кенет, байқамастан бағдаршамның қызыл түсіне өтіп, жол ережесін бұздым. Дәл алдымнан МАИ қызметкері шығып, қызыл таяғымен тоқтауымды нұсқады. Мен тоқтадым. Көлігімнің терезесіне келіп, қызметтік куәлігін көрсетіп, өзін таныстырды. Есімі – Бауыржан, шені – аға лейтенант екен. Жол ережесін сақтамағаным үшін хаттама толтыратынын айтқанда, бірден есіме түскені – бағдаршамның қызыл түсіне өтсем, айыпбұл көлемі 30 АЕК(айлық есеп көрсеткіші) болады. Ол шамамен 60 мың теңге. «Аға, қазақпыз-ғой» деп асты-үстіне түсіп хаттаманы толтырпауға тырыстым. «Енді осылай сөйлеп шығасыңдар» деп аға лейтенант тыңдағысы келмеді. Ұзақ уақыт бойы өтініп,ақыры дегеніме жеттім. - Жарайды, бауырым. Бір жолға кешірейін. Бірақ, менің бір шартым бар,- деді аға лейтенант. - Иә, айта беріңіз? - Телефон нөмеріңді жазып бер, керек кезде хабарласамын. - Жақсы,- деп нөмерімді жазып бердім. Көп кідіртпей ертесіне телефоныма қоңырау шалынды. Сөйлессем, аға лейтенант Бауыржан екен. Баласын мектепке апаруымды сұрады. Мен келісіп, өтінішті орындадым. Бауыржан мырза кешкісін үйіне шахмат ойнауға шақырды. Үйіне барғанымда, екі бөлмелі пәтерде әкесі, әйелі, үш баласы тұрады екен. Отбасымен танысып, шәй ішіп болған соң, біз шахмат ойнауға кірістік. Мен керемет ойыншы болмасам да, бар ықыласыммен тырысудамын. Төрт-бес партия өтсе де, аға лейтенант жеңілер емес. Ойын барысында әңгімелесіп отырмыз. Қатты назар аудартқаны – отбасындағы жалғыз жұмыскер – өзі. Әкесі зейнетте, әйелі нәресте арқалап жүр, екі баласы мектеп оқушылары. Екі несиесі бар. Ал, айлығы 110 мың теңге екен. Осы өкінішті факторларды алға тартып, сұрадым: - Ағасы, осы сіздерді пара алады, адал қызмет істемейді, көлігі мен нөмірі қымбат көліктерді тоқтатпайды дейді, сол рас па? Сонда аға лейтенант Бауыржан мырза күрсініп, былай деді: - Эх, бауырым! Бәрінің сұрайтыны да айтары да осы! Мені адал қызмет атқарғысы келмейді деп ойласаң, қатты қателесесін. Алғашқыда ойым түзу, ісім айқын болатынды. Осыдан 1 жыл бұрын бір дөкейді тоқтатқан едім, маған қоқан-лоққы көрсетіп, қырам-жоям деді. Мен мән бермей, белдік тақпағаны үшін және телефонмен сөйлескені үшін хаттаманы толтырып, жазып бердім. Өкініштісі, өзімді таныстырып қызметтік құжатымды көрсеткенімде аты-жөнімді жазып алыпты. Арада бір апта өтті. Әлгі дөкейді тоқтатқаным үшін жұмысымда үлкен жанжал шығып, жұмыстан шығуыма бір-ақ қадам қалғанды. БАстығым араша түсіп, өз орнымда қалдым. Енді осыдан кейін қымбат көліктерді тоқтатқым да келмейді. Ал, пара мәселесі өзге әңгіме... Мәселен, сен секілділер көп. Жол ережесін бұзып, хаттама толтырмауымды жалынады. Кей адамдар тұрмыстық жағдайы нашар екендігін айтып, жіберуімді сұрайды. Қалай жібермейсін?! Енді бірі пара ұсынады. Алсаң, күнә тәрізді. Алмасаң, отбасымды асырауым керек, несие төлеу керек. Амал жоқ, аласын. Шын сөзім егер жағдайым оңалса, мүлдем алмас едім. БІрақ, мені қынжылтатыны –халықтың көбісі бізді жамандайды. Әсіресе, парақор деп балағаттайды. Алайда, өздері жол ережесін бұзғанда, бірден ақша беріп жөнеледі,- деп ішкі мұң-зарымен бөлісті. Осы кезде мен ұзақ ойландым. Сырттай қарасаң, салқынқанды, тепсе, темір үзетін тәртіп сақшысы. Алайда, үйінде үлгілі бала, адал жар, ақылды әке. Шахматты да асқан шеберлікпен ойнайды. Бұл – тапқырлық пен ақылдың белгісі. Осы тұста түсінгенім мен де сырттай ғайбат сөйлеппін. МАИ қызметкерлерінің бірі аяусыздықпен пара алса, енді бірі амалсыздықтан алады екен-ау. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – МАИ қызметкерлеріне қолайлы әлеуметтік жағдайды ұсынса, адал тәртіп сақшылары көп болар еді.