Санта Клаустың біздің Аяз Ата мен Дед Мороздан таяқ жегені туралы
блог
Бірінші сыныпта оқитын ұлымның мектебінде өтетін Жаңа жыл ертеңгілігіне тақпақ керек болып, ғаламторды апыл-ғұпыл ақтарып көрдім. Сондағы тапқандарым:
Аяз ата ақ сақалды,
Ақ таяқты пан ата.
Асып өтіп асқар тауды,
Жетті бізге таң ата.
* * *
Аяз ата келіп тұр,
Бізге сәлем беріп тұр.
Тақпақ айтқан балаға
Сыйлықтарын беріп тұр.
* * *
Аяз ата аппақ,
Кәмпиттері тәтті-ақ.
Кәмпиттерді көп берсе,
Тағы айтамын тақпақ.
Соңғы екеуі нағыз сұраншақтың тақпақтары екен. Кім білсін, «сен маған, мен саған» деген өлеңдер қазіргі заман талабына сай шығар. Бірақ, неге екенін, жыным ұстап, «ондай болса мә саған» деп, екі-үш шумақ мазақ тақпақ шығара салдым. Өлең тұрмақ қара сөз жазбайтын адамның қағаз түрткенінің клавиатура шұқылағынының нәтижесі міне:
Аяз ата, тақпақ айтам
Кәмпит берсең уыстап.
Бір шумаққа үлгірмейсің,
Сен күпіңде пысынап!
* * *
Ақшақар ертіп келді Ұлу жылын,
Қоянды қапшығына салар бүгін.
Үйіне біздің кештен қайтқаннан соң,
Бір талдап бұл байғұстың жұлар жүнін.
* * *
Дед Мороз бен Аяз Ата
Бір кеңседе істейді,
"Тайсонбыз!"1 деп Клаус сұмды
Құлағынан тістейді.
Іштен теуіп, бастан ұрып,
Өш алуда екі шал.
Қалмасыншы бұл соққыдан
Санта сорлы болып сал.
"Бұғылардан кәуап жасап,
Эльфтеріңді тойдырдың.
Дастарқанға ел көрмеген,
Арақ-шарап қойдырдың.
Christmas party2 өтті-кетті,
Шақырылмай біз қалдық.
Кетпес шығар енді есіңнен
Жіберілген осалдық!"
Сөйтіп алыс-беріс, сұраншақ тақпақтарды әжуалайым деп, өзім садисттік өлең жолдарын компьютерге тарсылдата салыппын. Себепсіз қатыгездік те қазіргі күннің бір көрінісіне айналып бара жатқандығы осыдан-ақ байқалмай ма? Осылайша "балаларға арналған өлеңдерді заманнымыз қулық-сұмдығынан бейхабар, жүрегі ақ, көкірегінде кіршіксіз таза ойлар ғана ұялаған жан – балалардың өздері жазу керек-ау" деген ойға келдім.
Мүмкін өзіміздің жаңа жылымыз Наурызға бір-екі ай қалғанда massaget.kz-те балалар өлеңдерінің конкурс-байқауын өткізіп жіберерміз? Сыйлықтарына демеуші тауып, қолданушыларымыздың қатарынан қазылар алқасын құрып осы секілді бір шараны өткізіп жіберуге қалай қарайсыңдар?
------------------------------------
1 - Майк Тайсон 1997-жылы кездесу кезінде қан қызуымен қарсыласы Эвандер Холифилдтің құлағының ұшын тісімен қыршып жұлып алған. Суретте сол сәт көрсетілген.
2 - Christmas party (ағыл. кристмас пати) - Рождествоны тойлау кеші.