«Ағаш көркі жапырақ, адам көркі шүберек» демекші, бүгінде ағаштан жапырақ кетпегенімен жастарымыздың үстінен шүберек кетуде десек, артық айтпағандық шығар. Сәннен мән кеткен уақыт. Батыс елдерімен экономикалық қарым-қатынасымыз дамып, шет елге есігіміз ашылғалы бері, өзге елдің мәдениеті де елімізге әсерін тигізіп жатқаны анық. Қазақ табиғатынан еліктегіш халық. Еліктегіш қасиетіміз киім кию үлгімізге де әсерін тигізбей қоймады. Оны қазіргі жастарымыздың сырт бейнесінен аңғару қиын емес. «Тайға таңба басқандай» көрініп тұрған бұл дүние, қазақ менталитетіне жат іс-әрекеттің бірі. Дегенмен, әр елдің өзіне тән киім үлгісі бар және болу керек. Осы тұрғыда қазақ халқымыздың ою-өрнекпен зерделенген ұлттық киімі өзіндік бір ғажайып дүние. Бірақ, қазіргі қазақ жастарының «Сән» әлемі туралы түсінігі мүлде бөлек.
Күнделікті қазақ ұлы мен қызының киіп жүрген киім үлгісі қандай? Бір сәтке көз алдымызға елестетіп көрелік. Кіндігін көрсеткен қыз, қысқа шорты киген бала. Қолдары кесілген, балақтары қиылған, қазаққа жат шет тіліндегі жазулармен киім киген жас. Тым қысқа көйлек, матасы жетпегендей, денесіне жабысқан, тырысқан тар киім. Шындығында, жан түршігерлік бейне. Ең ұяттысы, қаншама салт-дәстүрге, үлгі-өнегеге бай халықтың халінің осындай көрінісі қабырғаңды қайыстырады. Имандылықтың, ибалылықтың, ізгіліктің, парасаттылықтың қайнар көзі – салт-дәстүр. Отан сүйгіш, рухы асқақ, ойы салмақты, өрісі кең, көзі ашық, көкірегі ояу ұлт тәрбиесінің де бастауы – тарихы мол әдет-ғұрыптың күре тамырында. Ендеше, өз мәнділігімізді жоғалтып алмау үшін қазақы болмысымызды көрсететін, өзімізге жарасымды, үстімізге қонымды киім үлгісін кигеніміз жөн.