Сәнге айналған тақия несімен ерекше?
блог
Жаңашылдыққа жанымыз құмар XXI ғасырда халқымыздың асыл мұрасы – тарихымыздан сыр шертетін ұлттық бұйымдары заман ағымына сай ілесетіні қуантады. Сөзіме дәлел, ұлттық құндылықтарымыздың бірі де бірегейі – кешегі Абай, Сәкен, Қажымұқан Мұңайтпасұлы секілді ұлт зиялылары киген тақия қазір трендте. Ертедегі ұлттық бас киімнің бұл түрі жанаттың, сусардың, бұлғынның үлбірімен көмкерілсе, қазіргі дизайнерлер оны заманға сай жеңіл әрі ыңғайлы етіп ұсынып отыр. Солардың бірі – Moonshuaq заманауи тақия брендінің негізін қалаушысы Еркеназ Ақтілеуова. Дизайнер жұбайы Әлішер Бақытпен бүгінде түрлі қазақы нақыштағы өнімдерді халыққа ұсынып, ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртуда.
- Moonshuaq ұлттық тақиялар дүкенін ашуыңызға не түрткі болды?
Жолдасым екеуіміздің ұлттық киімді жалға беретін Qyrmyzy collection деген компаниямыз бар. Қазақстан бойынша 6 қалада жұмыс істейміз. Алдыңғы жылы киімдерді тек жалға берумен ғана емес, оны күнделікті киетін киімдер қатарына қалай енгізсек болады деген ой келді. Сол ойдың жетегімен қазақтың тақиясын қазіргі заманға сай етіп шығаруға бел будық.
Алдымен бренд атауын ұзақ іздедік. Кейіннен өзім Moonshuaq деп атадым. Moon – ағылшын тілінде "ай" деген сөз. Сонда "айдың шуағы" дегенді білдіреді. Осы атауды қоюымызға қызымыздың есімі Айбибі түрткі болды.
- Тақиялардың дизайнын өзіңіз ойлап табасыз ба?
Дизайнын жолдасым екеуміз бірге ойластырамыз. Бас киімнің негізін Абай киген тақияның формасына ұқсатып, қыздарға бейімдеп жасадық. Жалпы дизайны сол Абай атамыздың тақиясынан басталды. Ескі мен жаңаның ортасын іздеп, бір тоқтамға келдік.
- Сіздің негізгі мамандығыңыз қандай?
Негізі мамандығым режиссер, бірақ қазіргі істеп жатқан кәсібім - дизайн саласы.
- Тақияларды қай жастағы қыздар алады?
Сатып алушыларымыздың басым көпшілігі – 16-25 жас аралығындағы қыздар мен жас келіншектер.
- Ұлттық құндылықтарымызды заманға сай қайта жаңғыртудың маңыздылығы неде деп ойлайсыз?
Ұлттық аксессуар ғана емес, ұлттық дүниенің бәрін жаңғыртып, қазіргі заманға бейімдеуіміз керек. Себебі, қазір маған ұлттық киім, ұлттық әшекейлер тек бір реттік аксессуар ретінде ғана қолданылатындай көрінеді. Бір ғасырдан кейінгі ұрпағымыз бізді қандай киім киді деп ойлайды, сол кезде қазіргі шет елдің брендтерін айтамыз ба? Сол ой қатты толғандырады. Сол себепті қазірден бастап, өзіміздің ұлттық дүниелерімізді жаңғыртуымыз қажет.
- Moonshuaq дүкені негізінен қыз-келіншектерге арналған. Ал балаларға немесе ер адамдарға арналған бұйымдар шығару ойда бар ма?
Біз осы уақытқа дейін қыздарға арналған бір топтама шығардық. Одан кейін бүлдіршіндерге арналған тақиялар топтамасы болады. Кейіннен ер адамдарға арналған тақиялар шығарамыз деген жоспарымыз бар. Дизайнын күнделікті өмірде киіп жүруге қолайлы, заманауи үлгіде жасағымыз келеді.
- Алдағы уақыттағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз? Қыздар қауымын тағы немен қуантасыздар?
Болашаққа қойған жоспарымыз өте көп. Оның бәрін әзірге айтуға болмайды. Бірақ шет шағасын айта кетсем, жаңа үлгіде қыздарға арналған жаздық топтама дайындап жатырмыз. Оны өздеріңіз көріп, бағасын бере жатарсыздар.
- Сұқбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен: Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті Индира Бержанова