Сандардың сиқыры
блог
0 саны. Бұл сан абсолюттік символы. Шексіздік белгісі және жаратылмаған әлемнің саны болып табылады. Бұл барлық заттардың бастамасы. Графикалық жоба бойынша сақина немесе дөңгелек ретінде белгіленеді.
1 саны. Бір санын қазақ халқының ұғымында Алла жалғыз, Алладан басқа тәңір жоқ. Қай тілде болсын бірлік сөзінің түпкі түбірі саналады. Адам өмірін басқаратын, әр пенде ұмтылатын сан болып есептеледі. 1 санының омонимдері «намыс», «ұтыс» болып саналады.
2 саны. Күні-түні демалмайтын екеу: Ай және Күн. Қосылу, толықтыру символы. Жақсы мен жаман, ер мен әйел, күн мен түн, ақ пен қара. Екі санына қазақ халқының көзқарасы міне осындай болып келеді.
3 саны. Жалпы түркі халықтарында, соның ішінде қазақ халқында үш саны қасиетті болып есептелінеді. Үш қуат: ақыл, жүрек, тіл. Үш жүз: ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз. Үш құсты аққуды, қарлығашты, байғызды өлтіруге болмайды. Үш адамның ниеті бұзық өтірік айтатын, сөзінде тұрмайтын, аманатқа қиянат жасайтын. Адам Атаны жаратқанда жіберген үш қасиет ақыл, ұят, сабыр. Үш нәрсенің үш нәрсесіз болуы: басы бар, ақылы жоқ іс, ғылымы бар, амалы жоқ іс, байлығы бар, қайырсыз іс қылушы. Қазақтың үш биі Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би. Ел басқарған, азулы сөздер айтып, ел арасындағы дау-дамайларды шешіп отырған қазақтың үш биі. Аптаның үшінші күні, яғни сәрсенбінің сәтті күні деп сапарға шығатын болған. Осы күні басталған істің бәрі де сәтті болады.
Қазақ халқынан өзге де ұлттарда үш саны қасиетті болып саналған. Бір мен екінің қосындысы ретінде қандай да бір істің бастамасын да, жалғасын да білдіреді. Қытайларды үш саны біраз құбылыстың символикасы болып табылады. Жарықтың үш көзі – Жұлдыз, Күн, Ай. Үш бастау – Аспан, Жер, Адам. Отбасының үш элементі – еркее, әйел, ұрпақ. Үш саны қытайлардың түсінігінде Марс арқылы басқарылады және жалынға теңеледі. «Өсу» сөзінің синонимі.
4 саны. Қазақта төрт құбыласы сай, яғни «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген мәтел екеуінің мағынасы бір болып келеді. Ертеде бұл сан тұрақтылық пен беріктілік, әділдіктің белгісі болған. Ол шаршы болғандықтан, әлемнің төрт бұрышын, жылдың төрт мезгілін, табиғаттағы төрт құбылыс – от, жер, су, ауаны білдірген. Төрт аяғы тең жорға, төрт тұрманы түгел сай деген сандық мәндер арқылы айтылатын ұлағатты ұғымдар бар. Төрт кітап: Мұсаның кітабы – Таурат, Дәуіттің кітабы – Забур, Исаның кітабы – Інжіл, Мұхаммед пайғамбардың кітабы – Құран. Төрт асыл: иман, намаз, ілім, мейір-шапағат. Төрт дария: Ніл, Фират, Жейхун (Амудария), Сейхун (Сырдария). Қазақта Жаратқан Иеміз Адам Атаны жаратқанда өлім, ләпсі, ашу, нәпсіні, яғни төрт нәрсені адаммен бірге жерге жібереді деген ұғым бар. Сонымен бірге дүниеге жаңа келген нәрестенің тағдырына жақсылықты, жамандықты, рызықты және өмірді жазған.Төрт түлік мал, яғни қой мен ешкі, сиыр, жылқы, түйе. Төрт түлік мал қазақтың бірден-бір күн көріс көзі болып табылған. Қазақ халқының өмірін төрт түлік малсыз елестету мүмкін емес.
5 саны. Жоғарыда айтылған төрт бастаманың ортасында орналасып, жан-жағын басқарып тұрады. Қазақта бес нәрсені баянсыз – бұлттың көлеңкесі, еңбексіз келген байлық, қоқақтың достығы, жалған мадақ, опасыздың махаббаты деп түсінген. Қазақ халқы тілді, дінді, тарихты, дәстүрді, атамекенді бес анық деп атаған.
Абай атамыздың өлеңінде «Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым ойлап қой, Бес асыл іс көнсеңіз. Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ, Бес дұшпанды білсеңіз.» деп, бес саны жайлы айтып кеткен.
6 саны. Қазақта адамның күнделікті өмірде алты парызы бар. Біріншісі адамдардың бір-біріне сәлем беруі, екіншісі шақырса бару, үшіншісі кеңес сұраса – ақыл қосу, төртіншісі кез келген адамның сұрағына жауап беру, бесіншісі ауырып қалған адамның көңілін сұрау, алтыншысы қайтыс болған адамның жақындарына көңіл айту. Ақыл, білім, жомарттық, әділдік, шыншылдық, кең пейіл – адамның алты асқары. Алты саны дүниенің жаралуын білдіреді.
7 саны. Қазақтардың таным-түсінігінде жеті санының алар орны ерекше. Жердің жүзін мекендеген халықтардың көбісі, соның ішінде қазақтар ерте кезден-ақ жеті санында сиқырлық күш бар деп санаған. Біздің ата-бабаларымыз жеті санын қастерлеп, бірқатар таным-түсінігі мен табиғат құбылыстарын, аспан денелері мен заң жүйелерін жеті санымен сәйкестендірген. Аллаһ Тағаладан пенделеріне түскен қасиетті кітаптардың бірі – Тауратта жеті саны 500 рет қайталанады.
Жеті қазына – қазақтың дәстүрлі дүниетанымындағы философиялық түсініктердің бірі. Қазақ халқы Жеті қазынаны ер жігіттің өмірімен байланыстырып, оның ұғымына мыналарды жатқызады: жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы, берен мылтық, қанды ауыз қақпан, майланғыш ау, өткір кездік. Ер жігіттің жүйрік аты – қанаты. Құмай тазысы – абыройын асырар сенімді серігі. Мылтығы – қаһарлы оты. Қақпаны – серті, ауы - әдіс-айласы, кездігі – сұсы. Халық Жеті қазынаны өмір қажетіне негіз етіп таратқан. Қазақ халқының Жеті қазынаны – «жеті ырыс» деп атауының да мәні осында Аптаның жеті күні. Олар: дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі, жексенбі. Құдай бірінші күні жарықты, екінші күні аспанды, үшінші күні жерді, төртінші күні Күн, Ай және жұлдыздарды, бесінші күні балықтар мен құстарды, алтыншы күні аңдар мен адамдарды жаратқан, жетінші күні дем алған деген діни аңыздар бар. Аңыз әңгімелерге сүйенсек бұл әлемді жаратуға арналған жеті күн деп аталады.
Табиғаттың керемет туындыларының бірі – кемпірқосақ. Кемпірқосақ күн сәулесі жаңбыр тамшысына түскенде, жарықтың жеті түсі сынып, тамшы арасында пайда болады. Біз неге кемпірқосақ туралы әңгіме қозғадық, себебі кемпірқосақ жеті түстен тұрады екен. Олар: қызыл, қызғылт-сары, сары, жасыл, көгілдір, көк және күлгін. Жеті ата – қазақ халқының дәстүрлі салт-санасындағы адамның ата жағынан тегі таратылуының нақтылы жүйесі. Бала өзінен бастап әкесі, атасы, бабасы, т.б., жеті атасының нақтылы есімдерін кішкентай кезінен жаттап өседі. Бұлардан тараған ұрпақ бір атаның балалары саналады. Ал екінші жағынан баладан тарайтын ұрпақ әкеден төмен қарай жалғаса береді. Ағайындықтары жеті атаға толмай жақын-жуықтар бір-бірінен қыз алыспайды. Жеті атаға толғанның өзінде, бір рудың жастары некелесетін жағдай туса, ру ақсақалдары бір пәтуаға келіп, боз биені сойып, баталасып барып рұқсат ететін болған. Ататек атаулары: ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене. Бұдан әрі туыстық атаулар: жүрежат, туажыт, жұрағат, жат жұрағат, жегжат, жамағайын болып кете береді.
Жеті жұт. Бұлар: құрғақшылық, жұт (мал қырылу), өрт, оба (ауру), соғыс, топан су, зілзала (жер сілкіну). Жеті жоқ: жерде өлшеу жоқ, аспандай тіреуіш жоқ, таста тамыр жоқ, тасбақада талақ жоқ, Аллаһта бауыр жоқ, жылқыда өт жоқ. Жеті жетім: тыңдамаған сөз жетім, киюсіз тозған бөз жетім, иесіз қалған жер жетім, басшысы жоқ ел жетім, аққу, қазсыз көл жетім, жерінен айырылған ер жетім, замандасы қалмаса бәрінен де сол жетім. Жеті ғашық. Халықтың ән - жыр эпостарында жеті ғашық мынадай екі нұсқамен беріледі: а) Ләйлі - Мәжнүн, Жүсіп - Зылиха, Фархад - Шырын, Тахир - Зухра, Арзу - Қамбар, Уәлик - Ғарра, Уәки - Күлшаһ; ә) Ләйлі - Мәжнүн, Жүсіп - Зылиха, Фархад - Шырын, Баһрам - Күләнда, Сейпілмәлік - Бәдіғұл, Бозжігіт - Анула, Зияда - Хорлы.
Жеті санына әлем халықтары көзқарасымен қарар болсақ, онда бұл санды Пифагоршылар Афинамен байланыстырған. Ежелгі Египет философиясы мен астрономиясында ол өмірлік екі санның үш пен төрттің қосындысы деп қарастырылды. Үш адам - әке, шеше, бала өмірдің негізін қалайды. Ал төрт – бұл жарық, жел, жаңбыр, ылғалдылық жерді жеміс беруге дайындайды. Пифагордың ой қорытуы бойынша, үш пен төрттің қосындысы (үшбұрыш пен төртбұрыш символдары), аяқталғанның, тамамдалғаның, қорытындының белгісі деп санаған. Сондықтан жеті саны қасиетті сан, өйткені адам баласы қоршаған ортаны (жарықты, дыбысты, иісті, дәмді) басындағы жеті «тесік» (екі көз, екі құлақ, мұрынның екі танауы, аузы) арқылы түйсінген. Жапондарда жеті қайырымды құдай, адам өмірінде жеті рет сәттілік болады. Христиан дінінде жеті саны – сенім, үміт, қайырымдылық, әділеттілік, сабырлық, ақылдылық және рухтың күші. Жеті саны – жалпы жер бетіндегі халықтар ұғымы бойынша қасиетті сан.
8 саны. Көне заман адамдары сегіз санын сенімділіктің, шыңдалудың шыңы деп есептеген. Сегіз саны сегіз төбесі бар кубты білдіреді. Сегіз санының құпиясы әлемдегі мәңгілік үздіксіз қозғалысты білдіреді. Сегіз саны – мәңгілік символы. Символдық белгісі қос квадрат, егер оны бөлсе онда ол тең екі бөлікке бөлінеді. Тағы да бөлгенде, ол тең төрт бөлікке бөлінеді (2, 2, 2, 2). Сегі саны дыбысталуының арқасында ерекше құрметке ие. Сегіз санының омонимі – «гүлдену».
Бұл қытайлардың ең сүйікті саны. Сондықтан «Арты гүлденуге әкелсін» деген ниетпен 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының ашылу уақыты 8-ші айдың 8-ші жұлдызы сағат 8-ден 8 минут 8 секунд өткен мезгілде белгіленеді.
9 саны. Қазақ халқының Аллаһ Тағаланың бұйрығын екі етпей орындайтын тоғыз періштелер: 1. Жәбірейіл – пайғамбарларға Аллаһ Тағаланың сөзін хабарлаушы. 2. Мекайіл – барлық адамға, мақұлыққа берілетін ырыстың уәкілі. 3. Әзірейіл – барлық адамның, жан-жануарлардың жанын алатын Құдай уәкілі. 4. Ысырайыл – ақырзаманға дейін сұлыны алып жүретін періште. 5. Дардайыл – ай, күн, жұлдыздардың уәкілі. 6. Ысмайыл – жер бетіндегі киелілердің жебеушісі. 7. Зұлқайыл – қиямет күнінде адамдарды алып баратын періште. 8. Ахрайыл – барлық дария, көл, өзен, бұлақ суларының періштесі. Мәлік – жеті тозақтың уәкілі. Сонымен бірге қазақтарда тоғызқұмалақ – қазақ халқының ұлттық дәстүрлі ойындарының бірі, ақыл-ой ойыны.
Халықтар түсінігі бойынша қателіктер мен кемшіліктер бірлестігі. Тоғыз санының қасиетіне тоқталсақ, ана құрсағында нәресте тоғыз ай, тоғыз күн өсіп жетіледі. Бұл сан адамның ғұмырында пайда болып, жарық дүниеге келетінге дейінгі уақыт өлшемі. Тоғыз саны өмірге адам әкеледі. Ол үш үштіктен құралған. Көшпенділер тоғыз санын болмыстың шыңы деп санаған, олардың салт-дәстүрлері мен наным-сенімдерінде тоғыз саны қасиетті болып есептелінген. Тоғыс санының омонимі – «ұзақ өмір».
10 саны. Ертеде Тәуке хан «Не жаман?» деген сұраққа бір жауап берсе, үш жүздің билерінің бірі жауап берер деп, үш парақ қағазға бірден онға дейінгі сандарды жазып, үш биге жіберіпті. Сонда Қазыбек бидің берген жауабы мынадай болған екен: 1. Бірлігі кеткен ел жаман. 2. Егесіп өткен ер жаман. 3. Төсектен қашқан ер жаман. 4. Шідерден шошыған ат жаман. 5. Білік адамнан белгілі бала тумаған жаман. 6. Аймағын билей алмаған адам жаман. 7. Жетем деген мақсатына жете алмаған жаман. 8. Серкесіз бастаған қой жаман. 9. Төскейге шыға алмаған кәрілік жаман. 10. 60-та қыздай қосылған бәйбішеден айырылған жаман.
12 саны. Тек қазақ халқында ғана емес, барлық халықтар үшін он екі саны – қасиетті сан. Қазақтар он екі жылды бір мүшел дейді. Алғашқы мүшел жас қана он үш жыл, оған он екі жастан қосып отырсаң келесі мүшел шығады. Қазақтар мүшел жасты өмірдің қиын, қауіп-қатерге толы кезеңі деп түсінген. Қазақ жыл санауда он екі жылдың әрқайсысына он екі жануар аты берілген. Он екі саны көптеген циклды таңбалайды – он екі ай, он екі жыл, он екі қарақшы, он екі сағат... Қазақтың сандық мәндер арқылы айтылатын ұлағатты ұғымдары өте көп. Он екіде бір нұсқасы жоқ, он екіде бір гүлі ашылмаған, он екі саққа жүгіртті, он екі құрсау жез айыр, он екі қарыс, он екі мүше. Он екі сан «табыс», «тоқтық» ұғымдарын білдірген. Санның омонимі – «оңай ұтыс».
13 саны. Қазақ халқы үшін Аллаһ Тағаланың барлық күні сәтті. Тек, ниетің оң, ісің адал болсын. Алайда өзге халықтардың наным-сенімі бойынша, қазақтар да кейінгі кезде он үш санын сәтсіз санға балайтында шығарды. Біздіңше, бұл наным-сенім қазақтар үшін емес. Қазақта алғашқы мүшел жас осы он үшке тура келеді. Сол себепті халқымыз: «Он үште отау иесі», - деп ұлын ардақ тұтады.
Кезінде император Наполеон, мұнай алпауыты Пол Гетти, АҚШ президенттері Герберт Гувер мен Франклин Делано Рузвельт он үш санын қатерлі санаса, Диана ханшайым мінген автокөлік Париждің жер асты жолындағы он үшінші бағанаға барып соқтығысқан. Он үш санын қатерлі көргендіктен. Ағылшын теңізшілері әлі күнге дейін айдың он үшінші жұлдызында кемеге мінбейді, американдық кейбір авиакомпаниялар мұндай күні өз кестелерінен ұшуды алып тастаған. Ал, енді еуропалықтардың түсінігінше айдың он үшінші жұлдызы жұмаға сәйкес келсе, ол күн «қара жұма» деп саналады. Жалпы, «қара жұма» он бір жылда бір - ақ рет қайталанатын көрінеді.
40 саны. Қырық санына байланысты оның қасиетін ашатын мағыналы тіркестер көп көлемде таралған. «Қызға қырық үйден тыйым» дегенде ұғатынымыз қыз әдебіне деген көзқарас. Той жасап, қуаныш қызық болар болса, қазақ елінің бұрыннан қалыптасқан ұғымында «Отыз күн ойын, қырық күн тойын жасады» деген сөз қолданысы бар. Ер азаматтарға байланысты «Отызында орда бұзған, қырқында қыр аспайды» дейді. «Қырықтың бірі - қыдыр» деп үйге келген қонақ өзімен бірге ырыс, үйге құт әкеледі деп түсінген. 60 саны. Вавилон аңыздарында бұл сан үлкен мәнге ие. Оны олар «құдай саны» деп атаған.
Міне, әдетте соншалықты маңыз берілмей, өз жөнімен қолданыла беретін сандардың бәрінің мән - мағынасы бар екен. Қазақ халқының наным - сенімімен басқа халықтардың наным - сенімін салыстыра отырып аңғарсақ, сандар сырының құпиясының соншалықты тереңде жатқанын байқаған болармыз.