Сана. Естелік

Сана. Естелік
жеке
блог

Балалық шақ сәттері. Ауыл мектебі, алтыншы класта оқимын. Мектеп директоры төртбұрыш көзілдірік киген, шашы ақ баса бастаған азамат:
-Неге сиыр жолдың шетіндегі шөпті мүйізіне іліп алып үйге әкелмейді?, -деп сұрақ астына алды. Кінә бар, қылығымыз бар, қарау бар, қадағалау бар соның нәтижесінде директор кабинетінде бүкіл класс болып тізіліп тұрмыз. Кінә тартқан қылығымыз балалық немесе қасақана қылық деп те айта алмаймын. Оқу кестесі бойынша соңғы алтыншы тарих сабағына кірмей қойдық. Неге кірмей қойдық? Өзімізде білмейміз. Жоғарғы класс оқушылары сабақтан қашып кеткенін естіп-білгендіктен болар, алғашқы рет солай істедік. Қашқанымыз? Сабақтан қашқан түріміз сол, мектептің артқы ауласына барып жүріп алдық.Сабақтың қырық бес минутты бір-бірлеп өтуде. Бірден мектептен үйге қайтып бару ешкімнің де ойына келген жоқ. Бір-бірімізден жасырып мектепке анда-санда қарайлаймыз. Мектептегі күн аяқталды үйге тарқап қайтатын уақыт. Жол-жөнекей бағыттас, көрші болып бөлініп тарқай бастағанымызда алдымыздан бір оқушы шығып:
-Сендерді мектепке кірсің деп, шақырып жатыр. Директордың кабинетіне -деді де кетіп қалды. Мектеп директоры бізді бақылап-бағып қарағанын білдіртпейді. Тарих сабағынан қашып кеткен соң сол пәннің үй тапсырмасын бізден сұрады. Үй тапсырмасын ешкім білмейтін болып шықты. Тарих пәні бойынша өтіп жатқан тақырыптардан сұрақтар қойды. Сұрақтарға жауап бергеннен үндемей тұрғанымыз басым. Өткен тақырыпқа оралған сайын ежелгі тарихқа үңілдік те адамзат тарихының басы -алғашқы адамның қауымдастығына бір-ақ жеттік. 
Адамға ұқсас маймыл мен қазіргі адамды ажыратуға тапсырма алдық. Бұл жолы үндемеуге болмады. Түсіндіріп көрдік. Біреуіміз:
-Адам шоқпармен аңға шығады, -деді. Адамның осы бір қабілетіне қарап, оны маймылдан бір жақты ажыратпайтынымызға көзімізді жеткіздік. Өйткені маймыл таяқты, тасты да пайдаланып жемін табады.
Тірі маймылды ешқайсымыз көрмегендіктен маймылды күнде көріп жүрген сиырға айырбастадық. 
Директор кабинетіндегі он бес минут бір сағаттай көрінді. Аяқ талды, қарын аши бастады.
Соңғы сұрақты директор өзі қойып, қойған сұрағына өзі оған жауап берді. 
-Неге сиыр жолдың шетіндегі шөпті мүйізіне іліп алып үйге әкелмейді?, -деді де, біздің түрімізді анық көргісі келді ме көзілдірігін тануының үшіне қарай сырғытып көзілдіріктің үстінен қарап: 
-Сиырда сана жоқ, сендерде сана бар, -деді. Дауысы бір қалыпты:
-Сана, сана сендерді жануарлардан ажыратып тұрған.
Осы сөздерден кейін бәрімізді үйге қайтарды. 

P.S:
Қазір бізді қорғар еді. 
-Сана туралы неге айтасыздар, олар сана деген сөздің мағынасын білгенге жастары кіші емес пе,өздеріңізде кінә. Мұғалімдерін ұнатпайды, сосын сабақтан қашып кетті, -деп ақтар.
Біз болсақ мұғалімді ұнатамыз немесе ұнатпаймыз деп те ойлап көрген жоқпыз. Тек еліктегеніміз болмаса. Егерде мұғалімді ұнатпауға болатынын білсек директор ағамызға қылығымызды ақтау үшін солай деп те айта салар едік. Бағымызға ондай сөзді естімеппіз, әйтпегенде қылығымызды санасыз немесе саналы деп бір жақты айту қиын болар еді.