Самал+Қанат= Махаббат

Самал+Қанат= Махаббат
жеке
блог

Маған «Махаббат деген не?» деген сауал ең алғаш 3-інші сыныпта оқып жүргенімде қойылған. «Білмеймін» деп жауап бергенім есімде.  9 жасар бала ненің мәнісін білсін?  Азғантай сабыр етсеңіз, бәрін рет-ретімен баяндап берейін...

 

Үйге берілген тапсырмаларды мен үнемі анамның жұмыс үстелінің үстінде орындайтынмын. Үстел үстінде ылғи  қағаз-қалам, кітап пен газет-журналдар үйіліп жататын. Ал, орындықта   анамның сөмкесі ілулі тұрады. Ол сөмкеде  міндетті түрде бор болады. Өйткені, ол кісінің мамандығы-мұғалім. Мен өз мұғалімімнің тапсырмаларын  тағы бір пысықтап алған соң  сөмкемді асынып алып, мектепке қарай аяңдаймын. Мектепке дейін біраз жол жүру керек. Қалтаңда бор болса, жолды қысқартуға да болады...

 

Самал+Қанат=Махаббат,  Айгүл+Меңдіғали=Махаббат, Лаура+ Руслан =Махаббат. Қысқасы, бір күні  менімен  сыныптас 30 шақты баланың есімі  қосақталып, үй мен мектептің аралығындағы бағанаға, дүкеннің есігі мен әлдекімдердің дуалына, қақпасына, бір сөзбен айтқанда  бор жұғатын жердің барлығына жазылды. Біздің сыныпта ер балаларға қарағанда қыздардың саны аз болатын. Сондықтан Самал сынды аты аузыма бірінші іліккен қыздар екінші қайтара да  «махаббат дастанының  „   кейіпкеріне айналып шыға келді. Тізімде тек мен ғана жоқпын. Әрине, менің бұл қылығым  қыздардың да, ұлдардың да  “нервісіне»  тиіп,  «Апайға айтам!» деген  «угрозалар»  көбейді. Тізімде  менің ғана есімім болмағандықтан, жазуымды  да жазбай танығандықтан біздің сыныптың  Шерлок Холмстары  «махаббат дастанының»  авторын  бірден біліп қойған ғой. Не басыңызды қатырайын, апайым мені алдымен  балалардың көзінше  тергеп алып, ертеңіне мектепке мамамды шақырды.

 

 Басым салбырап тақтаның алдында тұрмын.  «Сен махаббаттың не екенін қайдан білесің?» -деп  мұғалімім жер жебіріме жетіп жатыр. (Ол «бізде секс болмаған» советтер одағының кезі болатын.Қазір ешкім таңырқамас еді, әрине.)  «3-інші сыныптың оқулықтарында  болмаса да, махаббат деген  сөзді қатесіз жазыпты»-деп тағы бір таңданды мұғалім. Мен оны анамның жұмыс үстелінде үйіліп жататын газеттердің бірінен қарап алғам.

«Ал, жауап бере қойшы, махаббат деген не?»-деп тағы бір шүйлікті апайым. «Білмеймін»  дедім мен. Шынында да білмейтін едім. Тіпті, әлі күнге дейін осы сұраққа жауап таба алмай қиналып қалатын кездерім болады. Ал, сыныптастарымның бұл сұрақтың жауабын тапқан-таппағандарынан хабарым жоқ. Білетінім-қазір барлығы дерлік үйлі-баранды.