Тәрбие-тал бесіктен басталады

Тәрбие-тал бесіктен басталады
жеке
блог

Адам баласы шыр етіп дүниеге келгеннен бастап, яғни, қоғамға, өзі-өсетін тіршілік ортасының мүшесі болады. Адам дүниеге келісімен өзі көріп отырған адамдардың іс-әрекетіне, қимылына, ас ішуіне, жүріс-тұрысына, сөйлеуіне, ойнауына, әңгімелесуіне таңдана қарап, өзі де сол көргендерді есту мақсатында әрекет жасайды.
Осыған байланысты «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» - дейді халық. Сондықтан баланың ең әуелгі өсетін ортасы, отбасы тәрбиесіне өте терең көңіл бөлу керек. Егер отбасында жақсы тәрбие алған болса, өскенде сол тәрбиенің ізімен баруы сөзсіз. Отбасындағы барлық адамдардың іс-әрекетіне, бала тәрбиесіне бірінші әсер ететін орта. Бала сол ортаға қарап өседі. Сол үшін балаға отбасындағы тәрбиені қоғамдық ортаға байланыстыра отырып берген адам ұтады.
Тәрбиенің қиындықтары көп, сол қиындықтан қашпаған ата-ана ғана саналы тәрбие бере алады. Ол үшін баланың не істеп жүргенін, кіммен ойнайды, қай жерде жүргенін, тапсырманы қалай орындағаны сияқты жұмыстарын қадағалап, түсіндіріп, жан-жақты тәрбие беру, оны әрі қарай дамыта білу керек. Отбасындағы өзара қарым-қатынастың дұрыс болуы, бала тәрбиесінде әке мен шеше рөлінің өте маңызды екені белгілі.
Тәрбие адам тағдырын шешетін ұлы іс. Ұлы істің бастау бұлағы, қайнар көзі – отбасы. Отбасындағы тағылым мен үлгі өнегенін, балабақшадағы тәлім тәрбиенің жүйелі бірізді жүргізулерінен бастау алатыны баршаға белгілі. Халқымыз: «Балаңа бес жасқа дейін патшаңдай қара» дегеннің терең мәні дәл осы кезде іске асатынын меңзесе керек.
Көшпелілердің материалдық мәдениеті көші-қонға ыңғайланып жасалған. Мұндай көшпелі мәдениет үлгілеріне
• біз жиналмалы, жығып-тігуі өте жеңіл киіз үй
• ер-тұрман, ат әбзелдер
• теріден, ағаштан жасалған ыдыс-аяқтар
• бесік және басқа да тұрмыстық заттарын жатқызамыз.
Соның ішінде киіз үйге тоқталатын болсақ:
Киіз үй-тек баспана емес. Ол халықтың өмірлік салт -дәстүрінің таңбасы қызметін атқарады. Шексіз даланы көк теңізге теңейтін пікірдің жаны бар: көкжиекте, көк аспанның астындағы шексіздікте ақшағала дөңгелек киіз үйлер аралдар тәрізді, олардың арасын дала кемелері — түйелер мен ұшқыр қайық — аттар қосып тұр. Қатал үскірік аяздан, шілденің аптап ыстығынан қорғайтын, тез жинап, тұрғыза қоятын баспанаға киіз үй өте сай келеді. Дөңгеленген сыртқы пішіні қатты желге орнықты болса, туырлықтар жауыннан кейін тез кебеді. Шаңырақ —шеңбер тәрізді шабағынан және күлдіреуіштен тұрады. Оның төбесін түндіктің жартылай ашық тұруы, бір жағынан, тұрмыс қажеттерінен туса (жарық түсетін терезе, түтін шығатын мұржа, таза ауа), екінші жағынан, шаңырақ шексіз аспанның белгісі, мәңгілікке апаратын жол іспеттес. Егер киіз үйге жоғарыдан төмен қарасақ, онда шаңырақ күнге, ал уық, керегелері оның сәулелеріне ұқсас.
Ұлттық мәдениет және салт-дәстүр
Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Ұлттық код– ең алдымен, тілде, сосын дәстүріміз бен салтымызды, мінезімізді айқындайтын ділде, ұлттық мәдениетте. Қазақ баласының тағылымы мол тарихында мәдени-рухани болмысы ізгілікпен әдіптеліп, қарапайымдылықпен шыңдалып, парасатпен шырайланған. Ұлттық кодымызда ізгілік, адалдық, перзенттік инабаттылық, адамгершілік, парыз, этикет, ақыл-парасаттылық кеңінен өрістеген, молынан қамтылған.
Ұлттық мәдениет– тұтас бір жүйе. Оған халықтың тілі, ділі, мәдениеті, әдебиеті, өнері, сондай-ақ халықтың әлеуметтік және мәдени қауымдастық ретінде пайда болуымен бірге туындаған әдет-ғұрыптар,салт-дәстүрлер, жол-жоралғылар, ұғым-түсініктер, дағды, көзқарастар жатады.
Салт-дәстүр ұлттық құндылықтардың бірі
Салт-дәстүр — әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы; қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтың үлгілері. Күнделікті қолданыста бір мәдени топты екіншісінен айыратын және бейресми жолмен реттейтін қабылданған мінез-кұлық ережесіне немесе әлеуметтік әрекеттерді жөнге келтіретін терминге жатады.
Салт-дәстүр – халық өмірінің айнасы. Оның жас ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесі таудай ақ. Алайда оны жаңа ғасыр жастары ата-баба көзіндей қып, қажетіне қолданып жүр ме? Осыған байланысты салт-дәстүрдің бірнеше түріне тоқталғанымыз жөн.
Шарана шайқау - ұлттық салт-дәстүр.
Жаңа түскен жас келін туыс ауылдарды қыдырып жүргенде, көпті көрген даңсалы бәйбішелер, жас келінге «шілде суына сал» деп күміс теңге, моншақ-маржан, жүзік, сырға сияқты бұйым береді. Жас келіншек босанғанда, баланы шаранасынан шайқап жуып тазартады. Шарана суды қазақтар шілде суы деп атайды. Бағанағы берген нәрселерді суға салады, оны баланы шомылдырған әйелдер таласа-тармаса шарана суын шайқап алады. Оны қазақ кәдесінде «шарана шайқау» деп атайды.
Жасау - жігіт жағынан келген қалыңмал мөлшеріне шамалас, кейде одан да асып түсетін, ұзатылатын қызға берілетін мал-мүлік.
Жасауға берілетін мал-мүліктер:
Ақ отау: екі үзік, екі туырлық, бір түндік. Ескерту: ақ отаудың шаңырағын, кергесін және жарты жабын киізін күйеу әкеледі.
Көрпе-төсек: ағаш төсек, құс төсек, көрпе-жастық, төсеніш көрпе, құрақ көрпе, жүкаяқ, сандық, жағлан.
Төсеніш: бірнеше текемет, сырмақ, откиіз, 4-5 алаша, 2-3 кілем.
Киім-кешек: әрқайсысы тоғыздан тон, ішік, көйлек-көншек, шапан, камзол, бешпент.
Ыдыс-аяқ: қазан-ошақ, құман, саба, торсық, шара, шөміш, ожау, қасық, тостаған, күбі, келі, кебеже, асадал, саптыаяқ, тегене.
Қару-жарақ: ер-тұрман, садақ, берік сауыт, қалқан, берен қылыш.
Көлік және сауын малы: әр түлік бойынша бір-бір мал.
Сойыс малы: сойыс малы бір, бір жарым жылға мөлшерлеп беріледі.
Құрал-жабдықтар: балта, шот, балға, ара, егеу, ине, біз, үскі, талыс және т.б.
Түйемұрындық
Қызы ұзатылып көшіп келе жатқан көш көрші ауылдың тұсынан өткенде, көрші ауылдың әйелдері, көш алдынан арқан керіп тосады да, алдыңғы түйенің бұйдасынан, мұрындығынан мықтап ұстап алады, оны жүргізбей «түйе мұрындық» деген атпен кәде сұрайды. Көш бастап келе жатқан кексе әйел оған жол өтеп, көйлек беріп құтылады. Оны қазақ кадесінде «түйе мұрындық» деп атайды.
Қазақ ырымдары.
Ырым дегеніміз – халықтың сенімімен, ақ ниетінен, шын көңілінен туған ұлттық ерекшеліктің бір саласы. Өз алдына бір жақсылықтың ­ немесе жаманшылықтың хабаршысы, адамды сақтандырушы, сондай-ақ халық мінезі және әдет-ғұрпымен біте қайнағанын көруге болады. Ырым мен тыйым сөздерінің мағынасын ажыратып көрейік. Бұл ретте белгілі этнограф Сейіт Кенжеахметұлы: «Дәстүрде ырымның екі түрі бар. Олар – салт ырымдары және сенім ырымдары.
Қазақ ырымдарына шолу:
«Жанып тұрған шырақты үрлемейді» (үй тұрмысына қатысты ырым-тыйым)
Қазақ ырымдары ішіндегі кең таралғаны бұл үй тұрмысына қатысты ырым-тыйымдар. Олардың өзіндік тәрбиелік мәні бар. Мұны білген бала ұлтының салтын, болмысын терең біліп өседі.
• Түнде сандықты ашпайды – біреу-міреу өледі ( өте қажет болған жағдайда «жылан кіріп кетті» деп айтып ашады).
• Түндікті бақанмен тіреп қоюға болмайды – жау шақыру деген ырым.
• Жанып тұрған шырақты үрлемейді – адам ұмытшақ болады.
• Шәугімнің шүмегін есікке қаратып қоймайды – ырыс-несібе кемиді.
• Есіктің босағасын керуге, табалдырығында тұруға болмайды – жау шапқанда ғана үй иелері босағаны керіп, табалдырықта тұрған.
• Киіз үйде құмырсқа көбейіп кетсе – жылқының екі тезегін уыққа іліп қояды.
• «Тәңірден тілеп алған» сәбиінің екі аяғына ата-анасы ырымдап, баланы «тіл-көзден, түрлі пәле-жаладан қорғайды» деп қымбат бағалы металдан білезік соқтырып тағып қояды.
Малдың алдынан бос ыдыспен шықса – сүті азаяды» (төрт түлікке қатысты ырым-тыйым)
Төрт түлікке байланысты ырым-тыйымдардың мәнісі малдың киесі бар екенін сездіруге, соны біліп, құрметтеуге шақырып тұрғандай әсер қалдырады. Төрт түліктің өзге де қасиеттеріне, кейбір әрекеттеріне қарай отырып ауа райын, табиғат болмысын, өзге де нәрселерді болжай алған халқымыздың рухани қазынасында осынау тақырыпқа арналған ырым-тыйымдар молынан ұшырасады. Солардың бірқатарына тоқталамыз.
• Сойылған малдың қанын төрт түлік (әсіресе, сиырдың) көзінше төгуге болмайды – сүтінен айырылады.
• Малдың алдынан бос ыдыспен шықса – сүті азаяды.
• Сиырдың желіні іссе – таңертең ерте кебіспен ұшықтайды.
• Ит ұлыса – шаңырақта жаманшылық болады.
• Қарғалар тобымен шуылдап ұшса – қыста күн суытады, жазда ауа райы өзгереді.
• Үкі түнде ауылдың сыртынан шақырса – ауылда көп кешікпей өрт, қайғылы жағдай болады, үкісін жұлып алып, бойтұмар етіп сақтаған адам қатерге ұшырамайды.
• Егер тауық ұясына ерте қонақтаса – жауын-шашын болады, бір аяғын бауырына алып, ұзақ тұрса – күн суытады.
«Тойдым» емес, «қанағат» деген жөн
(тағамға байланысты ырым-тыйым)
Қазақ асты ерекше қадірлейтін халық. Сондықтан ас-ауқатқа, тағамға байланысты қалыптасқан ырым-тыйымдар астың қадірін арттыруға, ысырапшылдыққа жол бермеуге бағытталғаны сөзсіз.
• Қызға кәрі жілік ұстатпайды – оң жақта көп отырып қалады.
• Балаға ми жегізбейді – былжыр, ынжық болады.
• Ішіп отырған шайға сама түссе – қонақ келеді.
• Ас ішіп болған соң «тойдым демейді», «қанағат» деген жөн.
• Тұзды бейберекет шашпайды, астың иманы – тұз деп қарайды.
• Егiннiң тұқымы үшiн бiреу қарызға дән сұраса ренжiмей бередi, дәндi адам емес, қара жер тiлеп жатыр деп ырымдайды.
• Қазақ танымында ақ өнімдері, яғни ағарған жақсылықтың нышаны, пәктіктің, тазалықтың символы ретінде қалыптасқан. Сондықтан ағарғанға қатысты ырымдар өте көп. Мысалы, байқаусызда ақты төгіп алса, саусағын батырып, маңдайына жағу ырымын жасаған. Сосын аяққа басылмас үшін жақсылап тазалап, сүртіп алатын болған. Ақты аяқасты ысырап етпеген.
Дәм үстіне келіп қалған адам немесе бір нәрсені сұрап, анықтап білуге кірген адам асығыс болып, дәмге қарамайтын жағдайда дәмнен үлкен еместігін білдіріп, қандай да бір дәмнен ауыз тиіп шығады. Жерге құт дарыту ырымын жасайтын қариялар жерге алғаш себілетін дәнді екі бұтының арасынан өткізіп, бісміллә деп лақтырады. Бiр жылда адамның көптеген арман тiлектерi орындалып, мақсатына жетiп, табысқа кенелсе, сол жылды құт жылы санап ерекше еске алады. Осы жылы құт-береке ортаймасын деген ырыммен сол жылдың атауы болған жануардың басына ақ құйып, ырым жасайды. Сол сияқты үйге кірген жыланды өлтірмей, басына сүт, айран, құйып шығару ырымы да бар. Бұл жерде ақ тағам – таза пиғыл, ақ тiлеудiң, жақсылыққа жорудың символы. Сонда, жыланның басына ақ құю оны перiштеге балауды бiлдiргенi болып шығады. Кейде тіпті үйге кірген жыланды өлтірмей, басына ақ құю жамандыққа жақсылықпен жауап берудің белгісі саналған.
Қорытынды
Талбесіктен жербесікке дейін деген ұғымда қаншама мән мен сыр жатыр. Адамның тал бесіктен шығып тұлға болып қалыптасып оның жер бесікке тапсырылуына дейінгі жолда салт-дәстүр мен ырымдар әр мәдениетте ретімен орындалып отырады. Перзент дүние есігін ашқан сәттен бастап орындалатын қазақтың ұлттық мәдениетінде салт-дәстүрлер мен жөн-жоралғылар өз құндылығын әлі де жоғалтпай, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіліп жатыр. Ұлт сабақтастығын жоғалтпау үшін өз руханиятымыз бен ұлттық мәдениетіміздің құнын өшірмес үшін бұл дәстүрлердің орны жоғары.