"Күй" повесіндегі салт-дәстүрлер
блог
Осы мақаланы жазу барысында, әрине, ең бірінші оның еңбектерін оқып шықтым. Жазушы еңбектерін оқи отырып, оның суреткерлік шеберлігіне таң қалмасқа шараң жоқ. Таң қала отырып, шығармаларына негіз болған ұлттық үрдістер, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптардан мол тәлім - тәрбие аласыз. Қарымды қаламгер Әбіш Кекілбаевтың қай шығармасын алсаңыз да халық дәстүрлері кең көрініс тапқан. Жазушы шығармалары қазақ халқының салт -дәстүрлерін молынан дәріптеген. Әр оқырман жазушы туындылардын оқи отырып , халық дәстүрлерінен мол сабақ ала алады. Атап айтар болсақ, жазушының «Күй» повесінде ата-бабаларымыз бен түркімен ұлтының ұстанған, салт-дәстүр мен әдет- ғұрыптардың айырмашылықтарымен, ұқсастықтарын әдемі суреттей білген. Мысалы: «Қазақтың кісісі өлген қаралы ауылы біреу келіп, біреу кетіп күніне сан мәрте жоқтау айтылып, абыр-сабыр боп жатады. Бұл ауыл тас түнеріп алған. Келіп жатқан да, кетіп жатқан да ешкім жоқ. Бұл маңайдағы түркімендердің бәрі Дәулет әкелген күні келді. Бұлар оны бір күн қонақ қып, оң жаққа қойып күзеткен де жоқ. Келген бойда жерлеуге әкетті.Олардың ғұрыпынша өлген кісіні түн асырмай күн батқанша жерлеп үлгеру керек. Әйтеуір өліктің ертеңге қалдырмай бетін топырақ жапсырғаны сауап» деген жері кездеседі. Қазақ халқында өлген адамның мәйітін 3 күн үйде сақтаса, түркімендерде сол күні кешке қалдырмай жерлеу керек екен.
Қазақ халқында «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген өте жақсы мақал бар. Бұл мақалдың астарында, өлі аруақтарды құрмет тұтып, құран оқып, мінәжәт ету. «Күй» повесіндегі мына бір жолдарда: «Құрбан қария анадайдан мола көрінсе болды, машинаны тоқтатып, жерге түседі. Сосын үшеуі шығып зиратқа беттейді. Құрбан қауымның құбыла жақ алдына шығып, дұға оқиды. Дұға оқып болған соң, қасынан бір уыс топырақ алып, қара молаға ішіндегі топырағы ойылып, қымыздық шыққан ескі көрдің үстіне тастайды. Сосын машинаға жеткенше артына қарамайды, тырс үндемейді». Бұл дегеніміз, өлі аруақтарды сыйлау, құрметтеу.
Тағы бір жолдарда түркімендер мен қазақтардың әдет-ғұрпын салыстыра келіп, ата-бабаларына ас беру салтын мына бір жолдарда былай деп көрсетеді: «Алты тұтқын бір сәт уайымды ұмытып, түркімендердің асы қандай болады екен деп, айналасына қызыға қарасты. Қазақтардағыдай ашылып-шашылып жатқан бұлар жоқ. Қазақтың асындағыдай қарқ-қарқ күлкі де, өжеңдескен дау-жанжал да, шырқырап көкке сермеген ән де, тартылған күй де жоқ. Беліне шарқыт буып, қыз-келіншек жиылған жерлерді төңіректеп, жер бетіне сыймай желпініп жүрген жігіт-желең де көрінбейді. Қатар-қатар үй де тігілмеді, шолпылары сылдырлаған қыз-келіншектер де әкелінбеді. Шапса шашасына шаң жұқтырмас арабықан ағызба арғымақтар да ертеден қара кешке дейін қаңтарулы тұрды» Бұдан көретініміз, ешбір жұртпен салыстыруға келмейтін қазақ халқының кеңпейілдігін, даладай дархан көңілін, қонақжайлылығын салыстыра көрсеткен. Және қазақ халқында той болса, « отыз күн ойын, қырық күн тойын» жасаса, түркімендерде тек мейрам наурыз кездерінде тойланады, әрі кетсе 2-3күнге созылады.Повесте осы секілді салт-дәстүрге байланысты жайттар кездеседі.
Ата мен әже одан қалды әке тәрбиесі, қазақ ауылындағы саф алтындай сақталған ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптан сусынын қандырып өскен жазушы ұлттық менталитетті терең біліп қана қоймайды, оны сақтап, қорғау қажеттігін де биік ой талғамымен ұғынады. Қаламгер туындыларының тек жалаң, суреткерлік қиялдан ғана емес, терең зерттеу, оны талдап, таразылау нәтижесінен туғандығы көре аламыз.
«Өзге замандас жазушылары секілді, Әбіш Кекілбаев та өз халқының ежелгі әдет-ғұрып, дәстүр-ғұрыптарын егжей-тегжейлі, кейде қызыға суреттеуге бейім, ол көшпенділер өмірінің қазір ұмытыла бастаған этнографиялық детальдарына ерекше мән береді, бірақ арзанқол экзотика жетегінде кетпейді, сол детальдардың әлеуметтік- философиялық мән-мағынасына үңіліп, халық өмірін, адам жанының ішкі иірімдерін ашуға тырысады» – деген болатын Әбекеңнің замандасы әдебиетші Герольд Бельгер. Міне, осындай тамаша, салт- дәстүрлер повесте әдемі бейнеленген. Әрине, «Дәстүрдің озығы мен тозығы бар»- десек те, жоғарыдағы аталған салт-дәстүрлеріміздің біз үшін орны ерекше екені даусыз. Айшықты тіл иесі Әбіш Кекілбаевтың осындай жас ұрпаққа тәлім-тәрбие берер, әдет- ғұрыптарды дәріптеген тамаша шығармаларын мектеп бағдарламасына енгізіп, жас ұрпақ оқып өссе бір ғанибет болар еді!