Қазақ халқының ауа-райын болжау тәсілдері туралы не білеміз?
блог
Халқымыз табиғат тылсымын ықылым заманнан-ақ түсініп, оны өзінің тұрмысына арқау етіп, қолдана білген. Солардың бірі – халықтың ауа райын болжау тәсілдері. Назарларыңызға көшпелі қазақ халқының табиғатпен тығыз байланысының нәтижесінен туған ауа райын болжау тәсілдерін ұсынғым келіп отыр.
Қысы-жазы далалық өмірде қызмет еткен халқымыз үшін алдағы күндері мен айларын біліп, болжап отырудың маңызы аса зор екені баршамызға мәлім. Халық арасында аспан әлемі мен жердегі болатын табиғат құпияларын ерте болжай білетін талантты адамдар болған. Олар аспанға, жан-жануарлар мен жәндіктердің іс-әрекеттеріне, жүріс-тұрысындағы өзгерістеріне қарап келер күнді, айды немесе қыс пен жазды болжап отырған. Мұндай адамдарды "жұлдызшы" деп атаған. Халықтық қағидаларға қалыптасқан болжамдар және оның атаулары мен реттері әдеттегідей қазақы жылдың басы наурыз айынан басталады.
Мәлімет кітапхана сөресіндегі көз көргенмен, қол бармайтын «Қазақ халқының салт-дәстүрлері кітабынан» алынған. Су жаңа кітаптың ішіндегі орасан зор байлықты күнделікті көріп, оқып жүрген газет арқылы жеткізуді жөн көрдім.
Өліара. Ескі ай бітіп, жаңа ай туғанға дейінгі аралық. Аспанда ай көрінбейтін кезең. Өліара кезіндегі ауа-райы туар айда қайталанады деген тәжірибие қалыптасқан. "Өліарада жауын-шашын болса, туар айда жауынды-шашынды болады" дейді халық. Бұл болжам әрқашан айна қатесіз келіп отырған.
Амал. Жыл он екі айда айналып соғып тұратын ыстық пен суықты, қар мен жаңбырды, жел мен боранды халық бір сөзбен амал деп атаған, яғни жылдың әр мезгілдеріндегі табиғат құбылыстарының өткінші әрі тосын, аз уақытта болып өтетін өзгерісі мен көрінісін және оның бірнеше түрлерін айтқан. Ұлттық сандық амалында жеті амал бар: күннің тоқырауы, қарашаның қайтуы, үркердің батуы, мұздың қатуы, киіктің матауы, қыс тоқсан, ай тоғамы.
Құсқанаты. Наурыз айының соңғы күндерінде жылы жаққа ұшып кеткен жыл құстары ұшып келе бастайды. Құстардың келуімен қар аралас жаңбыр, суық жел тұрады. Мұны ел құсқанаты деп атап кеткен.
Аласапсыран. Көктемде наурыз айының аяғында немесе сәуір айында қар күрт еріп, жер лайланып шаруашылыққа, жалпы жүріп-тұруға қиын күндер туады. Осындай жайсыз күндерді аласапыран дейді.
Бесқонақ. Наурыз айының 17-21 күндері аралығында болатын жауынды-шашынды күндер. Бұл - әр жылы соғып өтетін суық, әрі лайсаң мезгіл. Жұрт, расымен де, бесқонақты қонақ күткендей күтіп, онан сақтанып отырады.
Қызыр қамшысы. Сәуір айының орта кезінен аса бере алғаш найғзағай ойнайды, жаңбыр жауады, жер бусанады, оңттүстік өңірлерде жаздың жылы күндері басталады. Осы сәттердегі найзағайдың жарқылын халық "қызылдың қамшысы шартылдады, қыс кетті" деп есептейді.
Тобылғы жарған. Сәуірдің соңғы күндерінде 2-3 күнінге созылатын суық жел соғады. Бұл - тобылғы бүршік жарды, яғни өсікдіктер тамыр жайды, алғашқы көк шыға бастады деген сөз.
Қызыл жұмыртқа. Мамыр айының алғашқы онкүндігінде дала (су) құстары балапанын шығара бастайды. Осы кездерде 1-2 күнге созылатын суық болады.
Құралайдың салқыны. Мамыр айының аяғында алғашкы күз нышаны біліне бастайды. "Таразы туса таң суыр" деген мәтел осындайдан шыққан.
Мизам шуақ. Қыркүйек айының екiншi онкүндігінде салқын басталады, жаңбыр жауады, түнде шөп басына шық түседi. Осы кездерде күндіз шуақты күндер де болады. Далада ұзыннан-ұзақ мизамдар (өсімдік ұлпасынан пайда болатын, сағым iспеттi ақ сiлбі) шұбатылады. Мұндай жылы мезгiлдердi мизам шуақ деп атайды.
Сүмбіленің тууы. Сүмбіле жұлдызының көрiнетiн мезгілі. «Сүмбіле туса - су суыр» дейді халық қағидасы, яғни қыркүйектiң сонғы онкүндiгiнде күз келедi, суықты күндер, жауын басталады. Карашаның қайтуы. Караша айында кұс жылы жаққа қайта бастайды. Бұл кезде алғашкы қар түседi, күн суиды.
Қырбастың қызылы. Желтоқсанның басында болатын алғашкы аяз. Қазақстанның солтүстiгiнде қыс ерте түседі. Бұл кездерде қатты аязды суықтар болады.
Текенің бұрқағы. Желтоқсанның соңғы онкүндiгiнде қазақ даласында қатты боран соғады. Дәл осы кезде киiк текесi маталады, яғни киiк күйегі басталады. Бұл 2-3 күн iшiнде толық аяқталады. Мамыр айының аяғында киіктердің лақтауы 2-3 күннен әрiге созылмауы да осыдан.
Күннің таласуы. Халықтың айтуында «күн бой көтерді» дейтін уақыт қантардың алғашқы күніне сәйкес келедi. Бұл кезде де ауа райы өзгередi, қар жауады немесе сыртыма жүреді.
Міне, осылайша данышпан ата-бабаларымыз өзінің зеректігі мен аңғарымпаздығының арқасында табиғаттың сан түрлі жұмбағының шешімін таба білген. Ғажап, иә? Сен де, оқырман, қазақша ай атауларын біліп, санаңа тоқып жүр.