Салт дәстүрді дұрыс ұстанып жүрміз бе?
блог
Қазақ халқы салт-дәстүрге өте бай халық. Атап айтар болсақ, көрімдік беру, сүйінші сұрау, кәде сұрау, ат тергеу, құда түсу, сәлем беру және т.б секілді салт-дәстүрлеріміз халқымыздың мәдениетін байыта түседі. Сондай-ақ, қазақ мәдениетінде ежелден келе жатқан «қыз алып қашу» дәстүрі бар. Дегенмен, қазіргі кезде бұл дәстүрді дұрыс түсінбей жататындар көп. Бұрынғы қоғамда қызды ұзату, сырға салу, құда түсу секілді түрлі жол-жоралғыларды жасап, қызға қалың мал төлеуге шамасы келмеген жайғдайда, жігіт өзі сүйген қызын алып қашқан. Бұдан байқайтынымыз, аталған дәстүр заманның қажеттіліктеріне қарай пайда болған. Дегенмен, қазіргі кезде бірімізге қарындас, бірімізге әпке болған аяулы аруларымызды еркінен тыс, «бұл біздің дәстүріміз» деп бөтен үйдің босағасын аттаттырып, басына ақ орамал жауып жататындар да кездеседі. Мен мұны дұрыс емес деп санаймын. Мұндай жағдайда, қыз алып қашуды дәстүр емес, қылмыс деп айтамыз. Адамды ұрлап, заңсыз бас бостандығынан айыруға кез келген елдің заңы да, діні де рұқсат бермейді. Салт-дәстүр – халықтың мәдени дамуының көрсеткіші. Оны дұрыс қолдану – әрбір ұлт мүшесінің парызы. Өз басым бала кезімде алып қашу үрдісінің бірнеше рет куәгері болғанмын. Сондай-ақ, жақында көршіміздің қызын алып қашып кеткенін естідім. Осы орайда, расында бұл дәстүрдің әлі де қолданылып келе жатқанына қатты таң қалдым. Және бүгін мен сіздермен қыз алып қашу дәстүр ме, әлде қылмыс па деген мәселені талқылайтын боламын. Қазіргі қоғамда алып қашу дәстүрін дұрыс ұстанып жүрміз бе?
Бұл сұраққа жауап беру үшін ең алдымен алып қашудың мақсаттарын толығымен ашып алсақ. Сонымен, жігіт қызды не себепті алып қашады? Ең бірінші себебі, ежелде «қыздың құны қырық жылқы» болған, ал мұндайға шамасы келмеген жігіт қызды алып қашатын болған. Сонымен қатар, қазақ әдебиетіндегі «Қамар сұлу», «Шұғаның белгісі» және «Бақытсыз жамал» сынды туындылардан байқайтынымыз, ата-анасы әлеуметтік теңсіздікке байланысты қыз баласының сүйген жігітіне қарамай, басқа жігітке тұрмысқа берген. Мұндай жағдайда, қызды ата-анасының рұқсатынсыз, бірақ қыздың өз еркімен «ата-анасынан» алып қашқан. Бұл – алып қашудың екінші себебі. Яғни, мұндай жағдайда қыздың келісімі өте маңызды роль атқарған. Сізде қазіргі заманда бұндай дәстүрдің орындалуында өзгерістер бар ма деген сұрақ туындаған болар. Жоғарыда аталған құда түсу, сырға салу, қалың мал беру сияқты жоралғыларды орындаудың өзіне қаншама қаражат керек. Сол себепті, қазіргі кезде де материалдық шығынды азайту мақсатында қызды екі жақтың келісімен алып қашады. Бұл – екі жақтың да ата-анасына тиімді. Сондай-ақ, қазіргі таңда да бірін-бірі сүйген жұптарға кейбір ата-аналар қарсы болып жатады. Бұл жағдайда, жігіт қыздың рұқсатымен оны алып қашады. Байқап отырған болсаңыздар, аталып жатқан жағдайдың барлығында қыздың келісімі бар. Біз бұны дәстүр деп айта аламыз.
Алайда қыздың келісімін елемей жататын жағдайлар да кездесіп жатады. Бұл да дәстүр ме? Мен сіздермен шынайы болған оқиғамен бөлісейін. Танысымның әпкесін өзі мүлде көрмеген бір жігіт алып қашып кетті. Ата-анасы қызын алып қайтуға барған кезде, жігіт жағы қызға «жұртқа сөз боласың», «қайтып келген қыз боласың» деген сияқты пікрілер айтып оны көндірген. Қуанышқа орай, олар отбасын құрып, қазіргі таңда бақытты өмір сүруде. Бірақ та еркінен тыс, келісімінсіз алып қашып кеткен барлық қыз дәл осылай бақытты бола бермейді. Тіпті, алдыңғы жылы Қырғыстан Республикасында алып қашудың құрбаны болған екі қыз өздеріне қол жұмсағаны туралы бүкіл елдің жаңалықтарында тарап кеткен болатын. Әрине, бұндай жағдай бізде де бар, бірақ арнайы ресми ақпарат берілмейді. NUR.kz сайтындағы статистикаға сүйенсек, біздің елімізде соңғы жылдары 250 алып қашу оқиғасы тіркелген, ал оның 7-еуі ғана сотта қаралған екен. Не себепті «ұрланған қыздар» танымаса да, тіпті өмірінде мүлде көрмесе де сол үйдің босағасында қалып кетеді? Себебі, қызды алып келген кезде «табалдырық аттап қайта кетсең, бақытсыз боласың», «жұртқа мазақ боласың», «ата-анаңның жүзін жерге қаратсың» деп алып қалады. Онымен қоса, қызды шығып кетпесін деп жасы үлкен әжелер табалдырыққа жатып алып, «мені аттап өтсең теріс батамды беремін» деп үгіттейді. Ал, біздің халқымызда, теріс бата алу ең жаман қарғыспен тең. Сол себепті де, амалсыз келісіп сол үйдің келіні болып қалады. Әрине, мұндай жағдайда қыз алып қашуды дәстүр деп айту ақылға қонымсыз. Солай емес пе?
Өкінішке орай, көптеген отбасылар бірін-бірі жақсы түсінбей, мінездері сай келмей ажырасып кетеді. Отбасы –мемлекеттің іргетасы. Яғни, бұл бір мемлекеттің дамуына кедергі келтіреді. Мұндай жағдайда, аяулы аруларымыз өздерінің заңмен қорғалатынын ұмытпау керек. Заңгерлердің айтуынша, көптеген қыздар өздеріне жасалған зорлыққа көніп, сол үйде қалып кетеді де арыз түсірмейді, кейіннен өмір бойы бақытсыз болып өтеді дейді. Ағайындары да істі ушықтырмай, жылы жауып кояды. Кейбір ата-аналар қызын алып кетудің орнына, жалған намыстың жетегіне түсіп жатады. Қыз алып қашу ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабының екінші бөлігінің «а» тармағында көрсетілгендей «адам ұрлағаны» үшін қылмыс болып саналады. Адам ұрлаушы, яғни қыз алып қашқан жігіт төрт жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Және оған көмектескен азаматтар да қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл кодекспен еліміздің әрбір азаматы хабардар болуы тиіс. Яғни, алып қашудың құрбаны болған кез келген қыз өзінің заңмен қорғалатынын ұмытпауы қажет. Қыз алып қашуды салт-дәстүр деп сылтауратып, қылмыс жасауға жол беруге болмайды. Әрине, бұл - менің ойым. Сіздер қалай ойлайсыздар?
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қыз алып қашуды ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүр деп өзін сүймеген қызды өмір бойы бірге тұруға мәжбүрлеу қылмыс болып саналады. Ата-бабамыздың ұстанып келген салт-дәстүрлерін бұрмаламай дұрыс ұстана білу – әрбіріміздің міндетіміз! Қыз алып қашу дәстүрі екі жақтың сөз байласуымен, ата-ананың разылығымен орындалатын дәстүр. Отбасы махаббат пен сүйіспеншіліктен құрылуы қажет. Кез келген аруымыз өз жұптарын жете танып, сүйгеніне тұрмысқа шығып бақытты болып жатса нұр үстіне нұр болар еді!