Сәлем түзелмей, әлем түзелмес!
блог
Сәлем түзелмей, әлем түзелмес
Сәлемдесу – әдеп, сыйластық, ізгілік, ілтипат пен адамшылдық қасиеті. Амандық сұрау, сәлем беру – мәдениеттіліктің ең алғашқы белгісі.
Әр халықтың, әр ұлттың аман – саулық сұрауы мен сыйласуының әдебі әр түрлі. Ертеден-ақ қазақ халқының дәрежесі тең болған, дегенмен, жақын таныс емес адамдар бір- бірінің бір қолын алып қана амандасқан; ал таныстар (ер адамдар) бір-біріне екі қолдарын береді және сонан соң, екі жаққа алма кезек иық тірестіріп құшақтасады немесе керісінше бір-бірін кеуделеріне қысып құшақтайды. Мұндай қимылдар кездесу кезінде жасалады. Әйелдер де кездескенде жалпы қабылданған әдетті сақтаулары тиіс. Әлеуметтік жағдайлары тең әйелдер кезіккенде қол алыспайды (еш уақытта сүйіспейді), тек бірі екіншісіне жәй ғана иіледі. Егер аға сұлтанның әйелдерімен қарапайым әйелдер кезігіп қалса, қарапайым әйелдер жанарларын төмен түсіріп, ізет көрсетіп иіледі. Бірақ, ханша немесе белгілі сұлтан әйелін кездестіргенде қараша өкілі жанарын төмен түсіріп, иіліп, бетін сипап сәлемдесуі керек. Жас әйел жасы үлкен туыстарының алдында бір тізесін бүгіп, иіліп сәлем салады. Құдалары төс қағыстырса, келіндері иіліп сәлем салған. Орнын білген қариялар жастарына қарамастан, «алыстан алты жастағы бала келсе, алпыстағы қариялар сәлем салған» деген қанатты сөзді ұстанған.
Ал жапондықтар 3 түрлі иілумен сәлемдессе, италияндықтар оң қолдарымен қалпақтарын шешіп, сол қолымен құлағын тартып, тілдерін шығарады екен. Кенияның Абама елді мекеніндегі тұрғындар кісіге үлкен құрмет ретінде, оған түкіреді екен.
Қашанда «сәлем – сөздің анасы», сондықтан да сәлемдеріңіз әрдайым түзу болсын. Себебі «сәлем түзелмей, әлем түзелмес»!