СӘЛЕМ - СӨЗДІҢ АНАСЫ

СӘЛЕМ - СӨЗДІҢ АНАСЫ
жеке
блог

 

...Ата әңгімесін төтесінен кіріспесіз бастап жіберді.
– Қандай халық болсын оның жер жағдайы мен тұрмыс-тіршілігі сол халықтың болмысына, мінез-құлық жаратылысына өз таңбасын салып, санасына сіңетіні белгілі. Алла тағала қазақ халқын бірін-бірі сағынысып жүрсін, бірінің қадіріне бірі жетсін деп әдейі ұлан-байтақ жер беріп, сол керіліп жатқан кең жерге ала бұлттан тамған тамшыдай қазақтарды сирек шашып жіберген секілді. Бәлкім, содан да болар, ата-бабаларымыз кісі көрсе, қуаныпты. Танысын-танымасын ұшырасқан адамға сәлем беріп, жөн сұрасып, әп-сәтте кедергісіз шүйіркелесіп, ұршықтай үйіріліп кетеді екен. Әрине, тоқтаусыз алға жылжитын өмір өзгеріссіз болмайды. Халықтың әдет-ғұрыптары, үдіріс-дағдылары заман өзгерісіне бейімделіп отырады. Бірақ ежелден келе жатқан ұлттық қасиеттер,ұлттық белгілер жоғалса, онда жеке атауға ие болатын халық ретінде күні бітер еді. Ол – қасірет. Ол – соры қайнап, сормаңдай болған халық. Ешкімнің басына ондай күнді туғызбасын.
Қазақ халқы – өзінің қат-қабат тарихында небір нәубетті асулардан асып, басынан талай зобалаңды кешірген,мұңы қордаланған шерлі халық. Сонда да өзіне тән ұлттық қалпын шамасы жеткенше сақтап келеді. Соның бірі –адамға үйірсектігі. Күні бүгінге дейін ауылды жерлерде бейтаныс адамдардың өзі бір-бірімен амандасып, «жол болсын» айтып жатады. Ал құжынаған халқы бар қалалы жерде кездескеннің бәріне сәлем беру мүмкін емес, – деп ата үндемей қалды да, темекі шеге бастады.
...Кейде қалада жүріп-ақ көзіне көзің тура түскен адамға үндемей өте шықсаң өзіңнен-өзің біртүрлі қысылып,ыңғайсызданып қалатын кезің болады. Егер танымасаң да, жанарың тіке ұшырасқан кісіге сәлемдессең, әлдеқалайкөңілің сергіп, бір жақсылық жасағандай жағымды сезімде боласың. Өзгелерді білмеймін, өзіме солай көрінеді.Меніңше, сол сезім ертеде өткен бабалардан қалған қанымызда бар қасиет болса керек. Бір жағынан, бала кезіңде құлаққа құйылып, көкейге түйілген тәрбиенің де әсері үлкен бе деймін. Анам Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистеріндегі сәлем жайлы айтылған өсиетті қайталаудан жалықпайтын. Хадисте «Сәлем – Алланың жердегі есімдерінің бірі. Біріңмен-бірің сәлемдесіп жүріңдер. Мұсылмандар бірінің қасынан бірі өтіп бара жатып та сәлемдескендері жөн. Сәлем беруші сәлем алушының есіне сәлемді салғаны үшін бір дәреже артық сауапқа иеболады. Байқаусызда біреу сәлеміңді алмай қалса, бәрбір сенің сәлеміңді одан гөрі жақсырақ періштелер алады»делінген екен...
                  Зейнеп АХМЕТОВА, "БАБАЛАР АМАНАТЫ" кітабынан үзінді