Салалық “Денсаулық” журналына талдау

“Денсаулық” журналы -денсаулық сақтау мәселелеріне арналған ай сайын қазақ тілінде шығып тұратын ғылыми-салалық журнал. Ең алғаш рет 1929-1932 жж. Қазақ ССР кезінде “Денсаулық жолы” деген атпен басылымға шыққан. 1990 жылдың қаңтар айынан бастап журнал Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі мен республикалық кәсіподақтар кеңесінің органы ретінде қысқартылған "Денсаулық" атауымен қайта құрылды. Журналдың алғашқы нөмірі 40 беттен тұрды, оның 36-сы арабша, 4-і латын әріптерімен басылған еді. Журналды шығаруда оның алғашқы бас редакторы болған денсаулық сақтау халық комиссары Мұхамедғали Қойшыбайұлы Тәтімов үлкен рөл атқарды. Басылым беттерінде дәрігер, ғалым Халел Досмұхамедовтың мақалалары жиі жарияланып тұрды.

Журнал қазіргі заманғы медицина мәселелеріне, әсіресе аса көп тараған аурулар мен қауіпті індеттерге баса назар аударып, олардың алдын алу, емдеу шараларын дер кезінде көтеріп келеді. Қоршаған ортаны қорғау мен сауықтыру, судың, ауаның, топырақтың ластануы, биосферада экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы, Қазақ­станның әскери сынақ алаңдарына айналған аймақтарындағы (Семей, Батыс Қазақстан, Қызылорда) ради­ация кесапаты — журналдың негізгі тақырыбына айналды. Заман талабына сай басылымға шығып тұратын журналдың интернет желісінде ресми сайты да құрылған. Сайт бетінде “Айдарлар” бөліміне кіріп, көз жүгіртер болсақ, 20-ға жуық айдар санын байқаймыз. “Дәм-дәру”, “Керек дерек”, “Медицина жаңалықтары”, “Дәрігер кеңесі” сынды айдарлардың ішінен тағамдардың адам денсаулығына тигізер пайдасы мен зияны, медицина саласына байлананысты тың жаңалықтар, дәрігер маманның кеңестері мен ойлары, жалпы денсаулық жайлы қызықты да маңызды материалдарды табу қиынға соқпайды. Журнал оқырмандарының жас ерекшеліктері мен физиологиялық айырмашылықтарын ескере отырып, бала саулығына қатысты “Бала-бауыр етің”, әйел денесінің өзгешелегіне байланысты “Әйел денсаулығы” тәрізді айдарларды да назарынан тыс қалдырмаған. Журналдың тағы бір үлкен артықшылығы- менталды денсаулық тақырыбын да сөз етуі. Қоғамда көпшілік “денсаулық” деген ұғымға тек тән саулығын жатқызып жатады, ал жан саулығы жайында, өкінішке орай, сөз тіпті де қозғалмай қалады. Журналдың “Психолог не дейді?” айдары арқылы оқырмандарының психологиялық танымын ұдайы кеңейтіп отыруы мақтауға тұрарлық дүние екенін мойындамауға болмайды.

Алайда соңғы жылы халық аузынан түспей жүрген өзекті Covid-19 мәселесіне қатысты жарияланған тек бір мақаланы ғана таба алдық. Елді сонша дүрліктірген, неше түрлі жалған ақпараттың пайда болуына ұйытқы болған бұл проблеманы халық арасында түсіндіру  көзі ашық, көкірегі ояу журналисттердің қолында емес пе еді? Олай болса, денсаулық тақырыбын жіті талқыға салатын интернет басылымда неліктен актуалды тақырып жайлы кеңінен жазылмаған, жарияланбаған деген сұрақ туындайды. “Коронавирус инфекциясынан қорғанудың негізгі шаралары” тақырыбында жазылған, сақтық шарасында жарияланған бір ғана мақаладан басқа түк жазылмағандығы, ашылмағандығы жүректі қынжылтады.

Бірқатар медициналық мақалаларды оқу барысында жағымды әсерде қаласыз, материалдар жүйелі, ғылыми фактілерге негізделіп жазылған. Көздің жақын көргіштігінен тіпті организмді шынықтыру жаттығуларына дейінгі тақырыптар ашылған.

Қорытындылай келсек, “Денсаулық” журналы өз жан мен тән саулығына баса назар аударып, күтінетін, медицинаға қызығушылық танытатын жандарға арналған таптырмас қызықты салалық басылым.



Бөлісу: