Сақ болыңыздар, "МАСКАЛАР" тағылад(ы)!

Сақ болыңыздар, "МАСКАЛАР" тағылад(ы)!
жеке
блог

Менің еліміздің киелі қара шаңырағының студенті атанып жүргеніме 1 жыл 6 ай болды. Әрине, бұл да біраз мерзім. Осы мерзім ішінде адамдарды көздеріне, іс-әрекетіне, сөздері мен әрекеттерінің бір екендігіне қарап бағалауды, сынауды, сенуді және сенбеуді үйрендім. Осы алған сабақтарымның ішінде біздің қазақтың қыздары туралы түйгенімді ортаға салсам ба деймін...

Қыздар... Басында келгенде мен адамдарды, соның ішінде қыздарды екі топқа бөліп қарадым: бірі маған ұнайтындар, жүзі жылы, мейірімді жандар, ал екінші топ керісінше. Сол кездегі маған ұнайтын қыздардың жартысынан көбісімен қазір амандасқым да келмейді. Ойымды өзгерткен – студенттік өмірдің қызығы мен шыжығы...

Кейбір қыздар сенімен сәлемі түзу болып, күліп қарап, өзін жақсы көрсетуге тырысқанымен, сенің артыңнан сөздің түр түрін айтады екен...

Кейбір қыздар сенің көзіңше “Анау қыз маған ұнамайды! Ол саған да ұнамайды ғой, иә? Қарашы, екеуіміздің ойымыз бір екен!” деп тұрса, сол “ұнамайтын” қыздың жанына барып, сен туралы дәл жаңағы сөздерді кері айналдырып айтады...

Кейбір қыздар сенің біліміңнің жоғары екендігін көріп, өздеріне көмек керек болған кезде бөлмеңе келіп, хал жағдайыңды сұрап, сабағына көмектесіп болғаннан соң сенімен тіпті амандаспай кетеді...

Кейбір қыздар көпшілік ортасында барлық жақсы тақырыптарды қозғап, білім, ғылым, дін салаларынан хабары бар екенін жариялап, өздерін “идеал” қылып көрсеткенімен, “маскасын” пайдалана алмай қалатын кездері болып, жан досым деп жүрген адамдарын сатып, соларды төмендету арқылы, өздерін кейбіреулердің көзіне жақсы көрсеткісі келетін кездер де басымыздан өткен...

Кейбір қыздар жігіттерге өздері ыңғай білдіріп, барлық жігіттерге жалтақтап, бірі болмаса, бірі қарап қалар деген үмітпен жүреді...

Кейбір қыздар, кейбір қыздар... Әрине, көпке топырақ шашып отырғаным жоқ, дегенмен де осындай қыздардың бар екендігін жігіттер қауымы біліп жүрсе деген ой ғой менікі... “Көз – адам жанының айнасы” демекші, адамның көзіне терең үңіле қарап, сынай түсіп, бағалаған жөн деп ойлаймын.

 

P.S.: 100% идеал, жақсы адам болмайды, бұл қыз не деп кетті деп ойлап қалмаңыздар... Менің айтпақ ойым жақсылығынан жамандығы көп қыздар туралы. Маскалар туралы... Жалған сөздер мен жасанды жағымпаздық хақында...

Сурет olpictures.ru сайтынан алынды