Жақында Арман Дәулетияровтың «История московского Чингисхана» деген биографиялық кітабын оқыдым. Жалпы, оқыдым да блог жазу керек деп ойладым. Ішінде айтқым келетін, пікір білдіргім келетін тұстары көп болды.
Менің негізгі айтқым келгені, қарапайым ауылдың қазақ баласының Ресей шоу-бизнесін бағындыра алуында, менеджерлік қасиетін дұрыс бағытта пайдаланып, үлкен жетістікке жеткендігі. Ең бастысы, ол ешқашан өзін қазақпын деуден қашпай, керісінше екі ел арасындағы мәдени-ынтымақтастықты дамытуда елеулі еңбек етіп келе жатыр. Сондай еңбектерінің нәтижесінде «Құрмет» орденімен марапатталған екен.
Кітапта жас кезінде Мәскеуді бағындыруға келіп, небір шытырмандарды бастан кешіріп, қазірде шоу-бизнестегі өмір мен әртістердің қарым-қатынасы, жалпы өнер адамдарының қасиеттері мен ішкі жан дүниесіне үңілуге тырысқан. Шоу-бизнес әлемінде өзіңді жоғалтып алмау үшін қандай қасиеттерге ие болуың керек, сол жайында сөз қозғайды.
Сонымен қатар, өмірдегі, өнердегі достары Бағлан Сәдуақасов пен Мұрат Насыровты еске алады. Екеуінің қазасы жайлы осыдан біраз жылдар бұрын интернет жарыса жазған еді. Екіншісінің өліміне байланысты небір қауесеттер таралды.
Міне, кітапта осы үшеуінің достығы жайлы, Ресей шоу-бизнесінің бағындырудағы амалдары мен кикілжіңдері, кейінгі Мұраттың досынан айрылып, ауырғандығы жайлы сөз қозғалады. Арман да өз кезегінде екі бірдей досынан айрылып, дінге бас ұрғанын, кейін ғана өзіне келгенін, отбасының қадіне жете білгені оны құтқарып шыққанын айтады.
«А-студиның» 25 жылдығына байланысты «Пусть говорят»-тағы эфирінде неге дәл сол адамдар отырғандығы осы кітаптан кейін түсінікті болады. Бір қызығы, Алла Пугачева Мұрат Насыров өмірден қайтқанда көңіл айтуға келіп «Біз үлкен дарынды музыканттан айрылдық. Саған қарайласпағаныма, қалыңды біліп келмегеніме кешір» деп кешірім сұраған екен.