Сахна мәдениетін қаншалықты сақтап жүрміз?

Қазір екінің бірі - әнші, екінің бірі – өнер адамы. Шын талантын мойындатып жүргендер де бар, «атың шықпаса жер өрте» деп танылғандар да жетерлік. Барлығының басын тоғыстырып тұрған, ол – киелі сахна.

Өнер адамының басты мақсаты сахнаға шығып өнер көрсету ғана емес, киелі сахна мәдениетін сақтай білуі де керек. Бүгінде қай әншінің қандай деңгейде екенін халық бағамдай алады. Олардың сахнада өздерін қалай ұстайтынын да айтып бере алады десек қателеспейміз. Десе де кезегі келгенде айтылмаған сөз жетім демей ме?

Сахнада қолды қалтаға салып тұрып (арнайы қойылым болмаса), немесе теріс қарап ән айту киелі орынның мәдениетіне жат қылық. Ал сахнадағы қимылың айтып тұрған әніңе келіспесе, онда көрермен көңілінен шықты деп баға беруге келмейді. Мәселен,  қайғылы әнді күліп тұрып айту – көрер көзге ерсі көрінері анық.

Әншілер көбіне тойда өнер көрсетіп жүргенін жақсы білеміз. Оған ешкім қарсы да емес. Десе де тойдағы көңіл-күйді киелі сахнаға алып шығу - басты қателік. Өйткені, халық алдында сахнаға шығу – бір тойдан екінші тойға кіріп ән айтып кету емес. Соңғы уақытта тойдағы жаттанды тілекті үлкен сахналарда да айта салатын әншілерді де байқап жүрміз. Тіпті, бір композитордың еске алу кеші өтіп жатса да сахнаға шығып, көңілді би билеп, қошемет үшін шыр-пыр болып жүргендеріне не дерсің?! Әлде ол еске алу кешіне келгенінен хабарсыз ба екен?!

P.S. Кеше Алматыдағы Өмірбек Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында бард әнші, ақын Табылды Досымовты еске алуға арналған үлкен кеш өтті. Кеш барысында танымал әншіміздің бірі (есімі құпия қала берсін) сахнада бар өнерін сала билеп, неге қол соқпайсыңдар дегендей қимылдарымен көрермен назарын өзіне аударды. Ал Табылдыны еске алып, оның бейнеқордағы әндерін өз орындауында көріп тыңдап отырған халық, тойда секектеп жүргендей өнер көрсеткен әншінің өнерін қайдан құрметтесін? Ал мен болсам, анау әнші «той тойға ұлассын», «бақытты болыңыздар» деп айтып қоя ма деп қуыстанып отырдым...



Бөлісу: