Сериалдар... Түркия, Корей Республикалары, Латын Америкасы, Бразилия, т.б. мемлекеттерде түсіріліп, еліміздің көптеген телеарналарында күндіз-түні көрсетіліп жатқан сананы улаушылар...
novostiua.net сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, Мысыр мемлекетінің Отандық телеарналары түрік сериалдарын көрсетуден бас тартыпты. Бұл бас тартуға екі ел арасындағы саяси келіспеушіліктер де себеп болды деседі. Алайда мұнда ең біріншіден тәрбие мәселесі тұрғаны анық. Ал tengrinews.kz сайтының тілшісінің зерттеуіне сүйенсек, еліміздегі телеарналарда күніне 10 сағат бойы әр түрлі телеарналардан түрік сериалдары көрсетіледі екен. Енді ойлап қарайық: ол сериалдардың ішінде 12 жасқа толған жасөспірімдерге көруге болатындары да, кәмелетке толмағандарға көруге болмайтындары да күндіз түні көрсетіліп жатыр. Бірінші мәселе: ашық эротикалық сипаттағы кадрлар болмаса да, бір-бірін аймалап, сүйісіп жатқан жұптардың махаббаттары бірде болмаса, бірде көрсетілері анық. Оны ата-анасы үйде жоқ болған кезде кәмелетке толмаған балалар көреді. Оны көрген баланың әрине психологиясы өзгере бастайды. Арғы жағы, қызығушылығы туралы ойлай беріңіз... Екіншіден: тағы да тәрбие мәселесі. Кез келген сериалда біреудің жұбайы басқасына еркін, ашық түрде барып, бір-бірін алдап жүре береді. Жұбайлар былай тұрсын, сериалдағы жасөспірім кейіпкерлердің ата-анасын алдап, жігітімен(қызымен) үйіне қонбай жүре беруі сіздің балаңызға да сондай ой салуы мүмкін. Үшіншіден: отбасы мүшелерінің барлығы көбінесе түскі және кешкі шәй үстінде бас қосады. Бұл уақытта тамақ-шәйін ішіп болған соң ата-ана 10-15 минутын балаларымен әңгіме айтысып, керегін сұрап, білмегенін үйретудің орнына... Не істейді деп ойлайсыз? Әрине, сериал қарайды. Тағы да тәрбиеге әкеп соғып отыр. Айта берсе көп қой. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: ол сериалдардан сізге ешқандай да пайда жоқ. Одан да ата-ана болсаңыз бала-шағаңыздың тәрбиесімен айналысыңыз, егер жас болсаңыз сериалға жіберетін уақытты ата-анаңызға үй шаруасында көмектесуге немесе білім алуға жұмсаңыз.
P.S.: Тәрбие, тәрбие деп неге қайталап жаза берген деп ойлап отырған шығарсыз? “Адам баласының жаман құлқы - жаратылысынан емес, өскен ортасында көрген үлгі-өнегесінен” деп айтып кеткен екен Мұхтар Әуезов. Көп ақша табамын деп, сериалдардағы жасанды жандардың тағдырына алаңдаймын деп, келер ұрпақтың тәрбиесін ұмытып кетпейік! Тәрбиесіз, рухсыз өскен жасты сіздің тапқан ақшаңыз да, сериалдардағы жансыздарыңыз да қайта тәрбиелей алмайды.