Сағыныштың жылдамдығы

Сағыныштың жылдамдығы
жеке
блог

Қап-қараңғы. Көшеде жалғыз келемін, баяғыша... Тек үнсіздік, аяғым тиген сайын «қытыр» ететін жалаң асфальт, мен. Құлағыма салып алған құлаққабымның да берері аз. Сондағысы, жаттанды әуендер. Келемін. Әйтеуір, келе жатырмын. Күз жақындағанынан хабар бере ме, білмеймін, сырғып түсіп жатқан жапырақтар. Жапырақтарға қарап есіме қараған анименің атауы сап ете қалды. «Секундына 5 сантиметр». Бұл – сакура ағашының гүлінің жерге құлау жылдамдығы. Автордың ойынша, сағыныштың  жылдамдығы осындай екен.

Мына қарапайым қайыңдар, емен мен жеміс ағаштарының жапырақтары ше? Олардың жапырақтары өздері аңсаған жерге қанша уақытта жетеді екен?!

Қызық, жапырақтар да үш ай бойына жерге жетуді аңсай ма екен?

Дәл сіз бен біз секілді... Бітпейтін сағынышпен арпалысамыз. Тіріні сағынамыз. Ол түгел болса, аспанды мекендейтіндерді сағынамыз.

Сіздікін қайдам, менің сағынышым жүрегімнің соғысымен өлшенеді... «Түк,түк,тук...» Минутына 76 соққы. Сәби кезде сағыныштың не екенін білмеген соң ба, аз болатын. Қазір күшейіп келеді. Асыққан сәтімде одан да күшейе түседі. Мендегі сағыныш – шексіз. Тек менің жүрегім тоқтап, сакура жапырағы секілді жерге денем тиген сәтте ғана тоқтайды. Ол жерде де...

Қап-қараңғы. Үнсіздік. Мен.

Тек қазір жүрегімнің соққысы ғана қуантады.

Сіздің сағынышыңыздың жылдамдығы қандай?

 ...