Сағыныш екен сол бір кез

Жақында Nokia компаниясы Microsoft Mobile деп өзгертілді... Дәурені бітті...  

Осыдан 6 жыл бұрын Nokia телефоны – бренд еді. Сол уақыттары қолында Nokia 6300 телефоны бар адам – ең заманауи адам саналатын. Сонымен қатар, сол кездері ең үздік әлеуметтік желі – mail.ru агент болатын. 

- Кешке агентке кір.

- Блогқа жаза бермеңдерші.

Осындай диалогтар көп болушы еді.  «Авторизация жіберші», «Анкетасын көрші» деген сөз тіркестері хит-тұғын.

Ол кезде біз қас қарайған шақта 3.6 версиялы агентке кіретін едік. Ол кездерде сенсорлы экран деген жоқ. Сол замандағы жастар «кнопкаларды» патырлата хабарламалар жазатын. Тіпті мақтанғысы, өзін көрсеткісі келіп өліп бара жатса, микроблогқа жазушы еді. Сондағы жазатын нәрселері: «Бәріне кеш жарық», «85», «Агент тупит», «Достар, бірлік жіберіңдерші, қатты керек боп жатыр», «Жасұлан, біз бүгінгі күнді керемет өткіздік, ия?» сынды ешкімге қызықсыз блогтар жазылушы еді. Осы микроблог деген ғажайып талайларды ұрыстырды, татуластырды, жылатты, күлдірді. Небір қыздар осы микроблог арқылы: «бір күні мен сенен түк болмағандай кете барамын, сол кезде сен мендей ханшайымнан айрылып қалғаныңа өзегің өртене өкінетін боласың» деген мағынадағы фразаларды жазды. Өзін көрсету, өзгелердің назарын өзіне аудару үшін.

Айтпақшы, сол замандағы жастар қыздарға, (жігіттерге) «достық» (авторизация) жіберетін. Қыздар жағы біледі, егер «ава»-дағы суреті әдемі болса болғаны, жігіттерден «дың, дың» деп хабарламалар толассыз келіп жатқаны. Ал, кейде агентке кірсе, «дың, дың, дың, дың, дың» деп телефон қатып қалатын. Содан телефонды өшіріп қосуға тура келетін. Телефонмен бірге жүйке де бір өшіп, бір қосылады. Бәріне кінәлі конференция ғой, сол баяғы. Содан: «кім мені конференцияға қосты?», «не үшін», «ренжімеңдер, мен конференциядан шығамын» деп ренішті хабарламалар жөнелтілетін конференцияға.

Статус деген бар-тұғын. «Онлайн», «отошел», «не беспокоить», «невидим», «звезда», «сердце», «болею», «дома», «я пришелец» секілді. Жаралы жүрек жастар статустарына «сердцені» қойып, оған «.....» деп нүктелер қоятын. Ғашығына өз сезімін білдіру үшін, «біреулерді» қызғандыру үшін, біреулерге мақтану үшін: «менде де қыз бар» дегендей. Кейбір қыздар өздері үнсіз ғашық болған жігіт статусынан басқа бір қыз есімін көрсе, жылап та алатын.

Сол кездері лексиконымызға: «запрос, дружба, анкета, авторизация, конференция, ава, статус, микроблог» деген сөздер енді.

Mail.ru agent-те – «Мой мир» деген парақша бар еді. 90-шы жылғы жастар дәптер-анкета арнаса, 00-ші жылғы жастар интернеттегі «Мой мир» парақшасына өз суреттерін қоятын, «мирына» кім кіргенін, яғни «гости»-ларды көретін.

- О, Замира кіріпті «мирыма»!

- Охо, суретіме +10 қойыпты. Қалай қойды екен?

Иә, сол кездері +10 деген болушы еді. +1, +2, +3, +4, +5-тер жасылмен боялса, +10 қызылмен боялатын. Оны тек VIP-тар ғана қоя алады. Егер суретімізге +10 қойылса, мәз болып, ол  суретті парақшамыздан 1 жылдай алмай жүретін едік. Ол кезде қазіргідей тып-тыныш Like баса салу деген жоқ. Тек, қана комментарий қалдыруға болады: «Базар жоқ сурет екен, брат», «сооl photo», «бауырым, сөз жоқ», «Әдемі», «Про100 красавица», «Ты лучшая» сынды. Олар жауап қайтарады: «Thank you bro», «ой, рақмет, жаным, мен де сені целую».

Сол уақыттары газет-журнал беттерінде mail.ru агентті жамандаған мақалалар қаптап кетті. «Ойбай, жастар агент деген ауруға шалдықты», «қайран, агент, жастарымызды зомби еткен».

Айтып-айтпай не керек, 2012 жылдан бастап Nokia,агент дегендер күрт құлдырай бастады. Орнына iPhone, Facebook, Vk, Instagram, Twitter деген алпауыттар шықты. Жастар жаппай осында қоныстана бастады. Себебі, мұнда өте ыңғайлы, ақпараттарды оңай жібереді, суреттерді тез алмасады.

Бірақ, бәрібір де адам деген сол баяғы кездерді сағынады екен. Сол баяғы агентті. Сол баяғы Нокианы. Ең бастысы, сол баяғы қарапайымдылықты. Ол кезде бәрі қарапайым еді. Қазіргідей жылтырақ емес. Ол кезде ішкен-жегенімізді, жүрген-тұрғанымызды Instagram секілді элитті парақша бетіне сағат сайын шығара бермейтінбіз. Ол уақыттары «Мой мирға» айына-жылына 1 рет, ары кетсе 5 рет қана сурет қоюшы едік.

Қазір анда-санда агентке кіремін. Кірсем, мұнда тып-тыныш. Өлі тыныштық. Баяғы у-шу орта жоқ. Сол баяғы албырт сезім жоқ, сол баяғы шын қарапайымдылық жоқ...

Қайда екен сол бір кездер?..



Бөлісу: