Сағыныш

Сағыныш
жеке
блог

   Бір күні етжақын ағайындарымыздың бірі де бірегейі, қария кісі дүниеден өтті... Бұл хабарды естіген әкем жанұшыра жаназа намазына қатысуға асығып шығып кетті. Үйде анам екеуміз ғана қалдық. Түс қайтқан соң әкем жаназадан оралды. Қос жанары қып-қызыл, бұрын-соңды әкемнің мұндай түрін көрмеген мен қорқып кеттім. Ол дереу бөлмесіне қарай беттеді, соңынан анам ілесті. "Не болды екен? Бұл жай, күнара болып жатқан жаназа ғой" деп іштей алаңдап отырдым. Шамамен жарты сағат өткеннен соң анам бөлмесінен шығып менің жаныма жайғасты. "Мама, тыныштық па? Әкеме не болған?" - деп сұрадым жүрегім бірдеңеден секем алып. Әкем бөлмесіне кіріп, бір жылап алыпты да анама: "Өлік шыққан үйде жоқтау айтып тұрған жамағат өте көп. Бауырлары, ағайындары тұр. Ал, мен өлгенде не болмақ? Жоқтап келген жұртпен көрісер бауырларым да, туыстарым да жоқ", - деп атадан жалғыз қалғанына қайғырыпты... Сонда анам: "Балаларымыз бар емес пе? Ертең қызды қияға, ұлды ұяға қондырған соң қатарымыз көбейеді", - деп жұбатқан екен. Егер ата-ана, бауырлары тірі болғанда әкем төрт құбыласы тең болып, бауырларының ортасында еркелеп жүрер ме еді...

  Менің әжем 19 құрсақ көтерген, Қонаевтың құрдасы, колхоздастыру заманында құрылыс бригадирі де болыпты, сол құрылыс басында ата-әжем жүргенде алғашқы 5 баласы бірдей құлаған майшамның салдарынан кепе үйде өртеніп кете барған. Содан кейін туғанының бәрі де 7-8 жасында өмірден өтіп, бірінен соң бірі сәбидей үзіле берген екен. Тек әпкем мен әкем ғана аман қалған. Екеуінің жас аралығы 12 жыл. "Арасында ағаларымның болғаны, олармен ойнап жүргенім еміс-еміс есімде", - деп отырады әкем. Суырып салма ақындығы бар атамның нәзік жүрегі шыдамаса керек, әкем алты жасқа толғанда жалғызына "ӘЛІППЕ" ӘПЕРУГЕ ҒАНА ҮЛГЕРІП, өмірден ерте озған екен. Әжем де жастай төсек тартып жатып қалған... Мектеп табалдырығын енді ғана аттаған, әлі оң мен солын танымаған бала жүрегіне әке қазасы қатты соққы болды. Бұл соққының бәріне төтеп берген әке, жүрегіңнен айналдым!

Айыра алмай жүргенде ақ-қараны,

Айырылып сендерден жоқ қарадым,

Көрінгенді сендер деп жалт қарадым,

Сурет те жоқ сүзіліп қарайтұғын,

Бейнелерің жүректе сақталады.

                                    *************************

    Көзін көрмедім, құшағында еркелеп өспедім. Өйткені, әкемнің өзі анасынан 16-17 жасында айырылыпты. Ол мені көруді арман еткеніне кәміл сенем. Мен шар етіп дүниеге келгенімде қолына алып, торсықтай шекемнен иіскеп, сүйгісі де келген болар. Жалаңаш, күнге күйіп, топыраққа аунап жатқанымды көріп, айқайлап шақырып, алдына шауып келгенімде үстімді қағып қолыма құртын ұстатуды арман еткен де болар. Бұлай айта берсем сағынышым таусыла ма?!