Сағындым сені...

Сағындым сені...
жеке
блог

         Кей кездері оны сағынып, ойға терең шомып аламын. Түсіме де еш кірмеді. Көзден кеткен соң, сана-сезімнен де өшкендей, сірә... Ол «Алматыға кел!» деген сөзді айтпаса, ар жағын білмедім... Алматыға кел деді... Әйтпесе, мен үшін Алматың тек теледидардан ғана көрінетін. Байқоңырдан Қызылордаға шыға бермейтін мен үшін Алматың – шетел тұғын. Аллаға шүкір, Алматыға да жеткізді.

         Жүргеновке тапсырамын деп әдебиетті де таңдай салған едім. Әйтпесе, қандай мамандықты қалайтынымды өзім де еш білмедім. Доп қуып жүре бергендіктен, не нәрсеге қабілетті екенімді де анықтай алмадым. Ол болса, әдебиет таңдағаныма қарсы болар еді. Тіпті, «бәрібір» деген сөзді айтқызбаушы еді. «Қандай тамақ жейсің?» немесе осы секілді сұрауларға «бәрібір» деп жауап бергенімді қатты қаламайтын. Нақтырақ айтуымды талап қылатын. Мен қасқа оны онша елемейтінмін.

         Бәйгеқұмға жазда келуші еді, каникулға. Онсыз қызық болмайтын. Қаншама қызықты тәтті сәттер, өмір парақтары сол шақта сақталып қалды. 2008-де өмірден өткені мені есеңгіретті, есалаң етті. Түс көріп жүргендей, оның өліміне сенбей жүрдім.

         Бөле тәтем 1985 жылы туылған еді. КазГУ-дың мехматын ба, білмедім, әйтеуір, математика саласын бітіргентұғын. Мәгәстратураға түспей қалды. ҚазПоштаға жұмысқа орналасып еді. Ал мен... Мен 2009 жылы мектеп бітіріп барам, оқуға түсірерсің деп... Иә, тағдыр сюжеті «режиссердің» шешімімен осылай өзгерді.

         Мен оның жалғыз бөлесі едім. Ал менің... Оның ағасы, әпкесі, інісі бар. Міне, солардың бәрі менің бөлем болады. 2008-де жазда Алматыға барғанымда хабарласпады деп ренжіген де еді. Мен сорлы... Білмедім ғой! Күз соңында күзбен бірге бақиға аттанды. Әкесінің аузы күз! Ал күз болса жыл сайын орала береді біздің мекенге...

         Айнұр тәте, түсіме бір рет болса да кірші! Мен сені сағынам ғой! Сен кеткелі мен пессимистпін, меланхоликпін, түңілгішпін... Әлі күнге дейін Асқар Жұмаділдаевтің екінші қызы Алтынайды таба алмай жүрмін. Алматыда сен оған қамқоршы тәтесі, сырласы болдың ғой... Мен тек одан сен жайында естеліктерді сұрағым келеді. Алматыда қандай болғаныңды, не нәрсеге алаңдағаныңды, не нәрсеге қуанғаныңды – бәрі-бәрін сұрап білгім келеді. Қырсық қыз шет елде оқып жүр. Енді тағдыр мені онымен бір арнада тоғыстырса болғаны... Қайдам!? Оның Әлия апасы банкте қызмет қылады екен. Ол да Германияда оқып келген емес пе!?

         Алмасбек інің Алматыда Жәутіковте он бірінші класта оқып жатыр. Интернатта тұрады. Оның да тегі сенікіндей – Жұмаділдаев.

         Сені сағындым! Түсіме бір рет болса да кірші! Өтінемін! Сенің нені армандап кеткеніңді де білмеймін. Бәлкім, мен үшін аманатың болар еді...

         Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын! Алла күнәларыңды кешірсін! Қияметте сені өзінің шексіз мейірімі мен рақымына бөлесін!