Бірінші сыныпты аяқтап, әліппемен қоштасу кешін өткізгенде қолыма нан ұстап, тықылдап тақпақ айтқаным есімде. Қандай тақпақ екенін ұмытыппын. Сонда партаға жайғасқан ата-аналар ішінде әкем жылап отырды...
Бесінші сыныпқа көшкен оқушыларға мектеп бойынша неміс тілі сабағын жүргізетін. Маман жетіспеді ме екен, немістердікінен басқа шет тілін үйретпеді сол кезде. Болашақта қиналып қалмағанымды көздегені болар, әкем ағылшын тілі сабағы жүріп жатқан көрші мектепке ауыстырды. Мектепке алып барып, мені жаңа сынып жетекшіме әбден табыстап жатқаны есімде...
Тентек оқушы болдым, ұлдарға қоқан-лоққы көрсеткенді жаным сүйетін. Староста болғанымды алға тартып, тек менің айтқаным орындалуы керек деп ойлайтынмын.
Алтыншы сынып шығар, бір партада отыратын баламен ерегісіп қалдым. Қырсықтығына күйініп, басынан кітаппен бір қойдым. Ол үндемеді. Үнсіздігі, қарсыласпауы ыза тудырса керек, жазу жазып отырған дәптерін қаламмен қырнап сыздым. Дәптері жыртылып қалды. Ашуланып кеткен сыныптасым қасында тұрған менің көкірегімнен бір тепті. Асқазан тұсқа тиген соққыдан дем жетпей, бүрісіп отырып қалдым. Үйге шағым айтып келмеуші едім. Сол күні сарафанымда қалып қойған балшық тиген аяқ киімнің ізін әкем көріп қойды. Өзім кінәлі екеніме қарамастан ертесіне мектепке келіп, парталас баламның жанын шығарды...
Бірде үйден өтірік сұранып, бешірге кеткенімді біліп қойды әкем. Маған үндемеді. Балалығымдағы ең ауыр жаза – әкемнің маған ренжіп, сөйлемей қоюы болатын. Басқалар құсап, айқайлап ұрысып, қол көтерген емес мүлде. Ренжіткеніме жылап, енді қайталамайтынымды айтып, кешірім сұрағанымда: - «Саған өтірік айтуды үйретіп пе ем? Берген тәрбиемді жоқ қылғаның не?» - деді. Сөйтті де құшағына қысты...
Оқуға түсіп, Алматыға аттанарымда маңдайымнан сүйіп, көзіне үйірілген жасты көрсеткісі келмей, теріс бұрылып кетті...
Дипломымды әкелгенде қолына ұстап, ұзақ отырды. «Қызым, тәтті етіңе ащы таяқ тигізбей өсірдім. Тұмсықтыға шоқытпадым, қанаттыға қақтырмадым. Енді үлкен азаматсың. Ненің ақ, ненің қара екенін жақсы білесің. Байқап жүр,» - деді. Ақ батасын берді...
Сол кеткеннен Алматыдан ара-тұра ауылға барып тұрғанмен әкемнің жанында көп болғаным жоқ. Тіршілік дейміз, жұмыс дейміз, жағдайын сұрағанмен оның мені сағынатынын, қасында еркелеп жүргенімді қалайтынын ойламадым да.
Соңғы кездері көп сырқаттанды. Сонда тек мені уайымдап жылай беретін. Қан қысымы көтеріліп, инсульт алды. Дәрігерлер үміт жоқ екенін айтып, үйге жіберді. Әкем ес-түссіз қорылдап жатты. Алматыдан асыға жетіп, қасына барып: -«Әке, мен келдім,» - дегенде жұмылып жатқан көзінен жас ақты. Жүрегім езіліп кетті. Кезінде мен үшін тұлғасы алып боп көрінетін денелі әкемді сырқат дәрменсіз күйге түсіріпті. Құшақтадым, маңдайынан, бетінен сүйдім, бірақ, әкем берген тәрбие мен адамдықтың өтеуі үшін ештеңе істемеппін. Аузына су тамызып отырдым. Сонда маған бірдеңе айтқысы кеп жатқандай болды. Әкем жазылып кетеді деген сенім мол еді менде. Молда: - «Алаңсыз аттансын ана дүниеге, балалары, туыстары, ризашылықтарыңды беріңдер,» - деді. Аузыма «ӘКЕ, өсіргеніңізге, жеткізгеніңізге ризамын, менің қателіктерімді кешіріңіз, бақұл болыңыз» дегеннен басқа сөз түспеді. Ажал алдында жатқан әкемнің көзінен аққан жасты көру өте ауыр еді. Тағы да маған бірдеңе айтқысы келді...
Әкемді сағындым... тірегім бар деп, шіреніп жүруші ем... Төрт ағам болғанмен, әкенің орны үңірейіп тұрады. Енді анама Аллам ұзақ ғұмыр берсе екен. Төрт ұл үй болды, балалары өсіп келеді. Өздері өсірген қыздың аяққа тұрып, адам болғанын, тәрбиесі мен ақылының нәтижесі қандай болғанын көрсе деген ем...
Аза тұту күні. Қаншама жан күңіреніп, қабырғасы қайысқан күн. Шейіт кеткен марқұмдардың жаны жәннатта болсын! Жақынынан айрылу дегенді білем ғой, көкірегің қарс айырылады...
Әкелеріңіз, аналарыңыз аман болсын!