Қанатты қиялым жетелеп, қырды да, ойды да кездім.Сонау Эвересттің басына шығып шыңылтыр мұзына алақанымды тигізіп, Мариан шұңғымасының тереңіне түсіп түбіндегі қараңғылықты сезініп,үрейден жүрегім қорқынышқа қамалып қайтты. Арман, шіркін, басыма жүгенін іліп, тізгінімен ары да жетеледі, бері де жетеді. Тумысы бөлек тұлпардың қалай жасырам десең де қасиеті көрініп тұрады емес пе? Аласұрған жүректің арманға мойынсұнып, өткенін ұмытуы мүмкін бе? "Ит тойған жеріне, ер туған жеріне" демей ме дана қазақ. Бүгінде елімізді беделді университеттерінің бірі, Қазақстанның тұңғыш оқу орны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетте оқып жатсам да көңілім тыныштық тауып, жайланар емес. Неге? Себебі, себебі...
жырақтағы туған жерім кетерімде самалымен майдайымды сипап, тұнығымен таңдайымды сулап, жұпарымен аңқамды толтырып, кеудемде кіршіксіз махаббатын қалдырып жіберген еді. Сол бір кірсіз махаббаты, менің онда қалған сезімім, балалық шақтың шуақты, ескірмес естеліктері,бәрі, бәрі, бүгінгі көңілімнің тыншымастығына себепкер болып отыр. Мен сонау Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданы, Алғабас деген шағын ғана ауылдың, сағымданған сары даланың, мұнарланған Қазығұрт етегін жайлаған елдің ерке самалымен тербелген терегі едім, қыстауында қалтырап, жайлауында жаз көңілі жадыраған, көктемінде көңілі шалқыған, күзінде "күземге түскен қоңыр қозысы едім. Он сегіз жылды артқа тастап, бүгінде арман атты арғымақтың тізгінене ие бола алмай Алматы қаласына топ ете түстім.
Өкінбеймін...
1-курс болған соң, 18 жыл бойы "ана мен әке" дейтін қос бәйтеректің панасында, саясында саялап өскендіктен, алысқа шығып, түзде жортып көрмеген арлан текті бөлтірік болғандықтан-ау, бәлкім, ауылымды - оның тауын, тасын, самал желін, топырағын қатты сағындым. Қазір-ақ кетіп қалғым келеді, бірақ, сол біраққа тірелген көп сынақ, сынаққа тірелген көп сұрақ бар? Бәрін тастап ауылға жетіп барсам, сағынышымды басармын, ал мұндағы сабағым, алдағы жоспарларым не болмақ? деген сияқты кезекте тұрып кезегін күткен сан сұрақтар жауары сөзсіз. Тілім бар деп тілегімді, сөзім бар деп сырымды, сезімім бар деп сағынышымды ақтармақты мақсат еткен ем. Сөздерім жүйесіз болып, санаңызда сұрақтар туып жатқан болар.
Кешірім сұраймын...
Ең бастысы менің сырым мен сезімімімді, кеудеме сыймай жатқан, блокпен жазуға тілімнің айшығы жетпей жатқан сағынышымды сезіне алсаңыздар болғаны.
Көп сөзбен көпіртіп, сөздің дәмін кетіріп жіберген шығармын.
Кешірім сұраймын...
Айтқым келгені....
Қысқасы - САҒЫНДЫМ