Сағым Матқали есімді бауырымыздың жазбаларын сүйіп оқимын. Жазу мәнері ерекше бұл жігіттің әңгімелері де басқалардікіне ұқсамайды. Бұйырса, аздаған қателерін түзеп, еңбектенсе, жақсы жазушы болады деген үміт бар. Сағымның ең соңғы жазған "Қылмыскерлер лигасы" атты әңгімесі де жақсы шығыпты. Оқып көріңіздер!
"Қылмыскерлер лигасы"
Жұбайынан келген тосын хабарламаға абдырап, тосырқаған күйі келесі әрекеттеріне есеп бере алмады. Қайрат ендігі жерде қоярда-қоймай үйіне ертіп әкелген бөтен келіншектің әйеліне ұсталып қалмауын ойлады. Содан болар, әрекетін тездетіп, Элина есімді әйел кісіні табалдырығынан аттатқанша тыншыған жоқ. Дірілдеген еріндері "Кейін түсіндіремінге" салса, қолдары киім-кешегін сөмкесіне тықпалап әлек. Ал табан астында істің байыбына бара қоймаған Элина, сұрақтарына қанағаттанарлық жауап алмаса да міз бақпады. Сөйтіп, түсініксіз бойда подъезден алыстап кете барды.
Ұрлық жасап, әшкере болмаған қылмыскердей еркін әрі жайлы тыныстаса да, ішкі түйсігі әлденені ескертіп тұрғандай сезінді өзін. Сөйтті де, жұбайынан келген хабарламаны қайта шолып шықты.
- Қайрат, үйдемісің? Қазір барамын.
Демі тарылып, "Дәл осындай сәтте төбе көрсететін қандай қатын едің өзің?!" деп іштей кемсеңдеп жатыр. Қайратты мұншалықты әбігерге салған жұбайы - Тұрсынкүл еді. Бірнеше күн бұрын "Төркініме жібермейсің" деп күңкілдеген соң, амалсыз келіскен. Енді міне, қылмыс үстінде әшкере етуге сәл ғана қалды. "Әйтеуір ескерткеніне тәубә" деді ол.
Сәлден соң күткен адамы да есік қақты. Іштей қорқыныш бұғауласа да, "Қорқатын дәнеңе жоқ" деп Қайрат өзін тежей білді. Үзіліссіз, өктем қағылған есікті ашып, баяғысының келгеніне көзі жеткен соң үнжұрғасы тағы да түсті.
- Көкем-ау, төркініңнен су шықты ма? Әлде қанымды ішу үшін әдейі сұранып келдің бе? Екінші нұсқа бойынша келсең, әуелден ескертіп қояйын, денемде масамен ортақтасар да қаным қалмады, өзің ада қылып кеткен соң... Енді адам сыпатты өмір сүріп көрейін деп едім, онымнан түк шықпайтын түрі бар,- деп бірден жұбайына итмерездік танытты. Алайда, мұндай озбырлыққа көндіге қоятын Тұрсынкүл болсын ба, ол да қарап қалмады.
- О не дегенің, Қайреке? Төркініме бардым дегенше курортқа бардым демеймін бе?! Ондағы өмірім сөз жоқ, тамаша! Тек... мұнда... суырмада қомақты ақшам қалып қойыпты. Соған анама алтын жүзік алайын деп... Иә, соған келгенмін.
Бұл сөз Қайраттың дәл жүрек тұсына қадалса керек, көздері жылмыңдап "Ақша?" деген күйі табалдырықта аңырап тұрып қалды. Ал Тұрсынкүл кідірместен жатын бөлмеге кіріп кетті... Кенет, "Қайра-а-а-а-а-т!" деп бақырсын кеп.
Әлгі эпизодта Тұрсынкүлмен тіл қағыстырып, дөрекілік танытқанымен түптің-түбінде әйелінің ашуланғанынан Қайраттың қорқатын әдеті бар-тын. Сол себепті, жұбайының айқайынан лезде-ақ жатын бөлмеге ағылып келді. Сөйтсе...
(Абыр-сабырда Қайраттың жатын бөлмеге кіріп, ішін тінтіп шығуға мүмкіндігі болмады. Сөйтсе, әлгі Элина есімді келіншек, аптығып жүріп қызыл шұлығын еденге түсіріп алған көрінеді. Осымен Қайраттың әуселесі құрыды деңіз!)
- Мынау не?! Қып-қызыл боп оратылып жатқан..? - деді Тұрсынкүл ызаланып, әрі таңдана.
- Шұ...шұ-шұлық...
- Рас па? Ал мен пальто деп ойлаппын!
- Қайдам, ол бүгін пальто киген жоқ,- дегені сол, сөзінің тіпті де орынсыз айтылғанын түсініп, лезде өз аузын қымтап тастады.
- Не? Олың кім? Сен ит... әлде менің көзіме шөп салып жүрсің бе?
Ішінен "Үлгермедім" деп өкінішпен айтқысы келді де, өзін басып:
- Қооой! О не дегенің, жаным? Мен ғаріпке сенен өзге кім көз салар дейсің... - деп ақталғандай болды.
- Оңбаған, айт жаныңның барында! Есімі кім? Айгүл ме? Жоқ әлде Сәуле ме? Жо-жо-жоқ, мүмкін Шынар болар?! Иә, иә... Өткен жолы "Сенің Азаматың сондай тәуір-ақ кісі!" деп еліргенінен бір пәлені сезіп ем. Сол екен ғой !
- Тоқта! Азаматың кім?! - деп сұстанды күйеуі.
- Аа..? Мен со-ла-ай... солай дедім бе? Иә, иә, "ер азаматың" деп сені үлгі қылып, асқақтатқаны ғой о шіркіннің ! Оны қойшы... Ол менің үйіме келген емес. Ал сенің желөкпе қыздарың, байқауымша жиі қонақтайтын сыңайлы. Солай ма?
- Нені меңзеп тұрсың-ей сен? Сосын, "Ол менің үйіме келген емес" деп кімді айтасың? - деген күйі қыпылықтап қалды.
- Шынарды айтам... - деп қылмысын жасырып, сөзін кәдеге жаратты.
- Шынар келді емес пе өткен жұмада?
- Қашан?
- А! Иә, ол кезде сен үйде емес ең... - деді де Қайрат "өтірік айта алмайтын" тілін тағы да тістеді өкініштен.
- Қап-бәлем, осы жолы қолға түстің. Ол неге менің жоқтығымды пайдаланып үйге келіп жүр?
- Қарызға ақша сұрап келіпті.
- Бердің бе?
- Бердім... - деді саябырлаған үнмен. Бұл жауапты Тұрсынкүл де үрейлене тосыпты. Ұзақ ойланды.
- Азамат та беріпті... - деп күрсінсін Қайраттың әйелі.
- Өй, Азаматың кім тағы? - дей бергені сол еді, сыртқы есік тағы да хабар берді. Бір-біріне сұраулы жүзбен сәл қарады да "сен аш" дегендей ымдасып қалды.
Алғашында Қайрат есікті ашуға Тұрсынкүлді жібермек болған. Алайда, есік алдында Элинаның тұру қаупін ескерді де, өзі бармаққа ниеттенді. (Бұл уақытта Элина шұлығын сылтау етіп қайта келуі де ықтимал еді.)
Ал Тұрсынкүл "көңілдесі Азаматтың" келіп қалмауын іштей тіледі. Демек, күдік пен қорқыныш мөлшері екеуінде де бірыңғай. Содан болар, есікті ашуға да екеуі бірге барды. Есік табалдырығына жеткен соң "Бісмәлләмен" бет сипап, есікті де әлдебір үреймен ашты. Сөйтсе...
(Әу баста бұл подъезден Элинаның асығып шығып бара жатқанын байқаған Азамат, "шап" беріп білегінен ұстады. Сөйтсе, әлгі Азаматымыз Элинаның некелескен күйеуі екен. Күдік көрсетіп тергепті де, мойындатпаққа подъезд ішіне әйелін қайта кіргізіп, "оқиға орнына" алып баруды талап етіпті. Содан...)
Бұл есік - төрт бірдей пенденің қылмысын әшкере етер "алтын есік" екенін оқиғадағылардың бәрі түсінді. Содан, сыртқы есік ашылған бетте төртеуі де бір-біріне сұқтана қарап ұзақ телмірді де, сырттан келген қонақтар әуелгі болып қателесіп кеткенін аңғартты.
- Кешірем өтінеміз, есік бойынша қателесіп кетіппіз. Бізге бір қабат жоғары екен.
- Иә, иә, ондай-ондай болып тұрады емес пе? - деп сөздерін жалғап кетті Тұрсынкүл мен Қайрат.
Есік жабылды. Бөлме іші тым-тырыс...
Авторы: Сағым Матқали