САҒИ АҒАНЫҢ ҚОЛТАҢБАСЫ
блог
Бұрынырақта Асанәлі Әшімовтің «Майраның әні» атты кітабын тауып оқыған едім. Бұл кітап өзімде болмады, кімнен екені есімде жоқ, біреуден сұрап оқыдым. Араға біраз уақыт салып Асанәлі ағаның баласы – Сағи ағаның бақилық болғанын естідім. Асанәлі ағамыз ғана емес, қазаға бар қазақтың қабырғасы қайысты. Алла Сағи ағаға өзі сомдаған Шоқанның ғұмырын берген екен, аққан жұлдыздай жарқ етіп өмірден өтті...
Жылылық сыйлайтын кейбір оқиғалар адамның санасында өшпестей болып сақталып қалады. Менде, аллаға шүкір, ондай сәулелі сәттер көп. Арман арқалап Алматыға келдік. Алматыда қалу бақыты бұйырыпты. Бұған да шүкір, тәубе! Бірақ менің алдымда тақтайдай тегіс жол жатты деп айта алмаймын. Қазір ғой, қалалық тіркеуді көбі проблема көрмейді, ерен санамайды. Ал біздің кезімізде қалалық тіркеусіз жақсы жұмысқа орналасу мүмкін емес еді... Баспанасыз көп қазақтың бірі болдық. Әңгімені әріден бастап отырғаным да – сол. Өз басым жатақханасы бар мекемені жағалап жұмыс істедім. Қазіргі «Қазпошта» акционерлік қоғамында газет таратушы болып жұмысқа тұрғаныма да сол баспанасыздық себеп. Оған түк өкінбеймін. Жақсы адамдармен араластым, дастарқандарынан дәм таттым. Әңгімелерін тыңдадым. Бүгінде аты аңызға айналған талай тұлғалардың үйіне мен емін-еркін кіріп-шығып, еркелеп жүруші едім. Олар үшін мен «кішкентай қарақыз» болатынмын.
Менің қарауыма жататын үйлердің бірінде немересін түрлі үйірмелерге жетектеуден жалықпайтын бір орыс апа тұратын. Ол үнемі шетелден хат алушы еді. Өзге елге кеткен қызының хатын қалай күтетінін білем ғой, хатты жәшікке тастай салмай, пәтеріне апарып беретінмін. Ол апаның жүзі сондай таныс сияқты көрінетін маған. Бір жолы айнаның алдындағы суретке назар салып, қадала қарадым. Актриса! Светлана Ступакова! Қалай байқамағам, хаттарды жазатын Света екен. Сол жылдары отандық «Тоғысқан тағдырлар» сериалының қайталауы жүріп жатқан. Сағи аға өмірден өтті, араға уақыт салып Бикен апа бақилық болды. Сериалдағы Глебтің бұрынғы әйелі, тренажер бөлмесіндегі кеңесші болып ойнайтын Люся көрінбей кетті... Сол кезде ол өзге елге қоныс аударған екен.
Суреттегі бейнені таныған соң бөлмені көз жүгіртіп өттім. Бір кезде кітаптардың арасында тұрған «Майраның әні» көзіме оттай басылғаны. Сонымен не керек, сол күні кітапты сұрап алдым. Қайта бір оқып шығуға. Үйге келген соң байқадым, кітаптың соңғы бетінде Сағи ағаның «Свете от Саги! «Свети» всегда, «свети» везде» деген қолтаңбасы мен өзі салған шарж бар екен. Екі-үш күннен соң кітапты иесіне апарып бердім. Шынымды айтсам, қимай әрең қайтардым. Араға бір апта салып әлгі кітапты қайта сұрап алдым.
«Сағи аға өмірден өтті. Света болса, шетелде тұрады. Светаның анасы жасы келген кісі... Тіпті актриса кітапты алып кеткеннің өзінде өзі өмірден өткенше қастерлеп ұстар, сосын оған кім иелік етеді? Өзге ұлттың адамдары менің тілімде жазылған кітапты лақтыра салса ше? Мен қазақпын, баламның баласы да, оның баласы да қазақ болмақ. Демек, бұл кітапты қазақ қастерлеп ұстамай ма, өйткені ондағы қолтаңба қазақ үшін құнды...». Қысқасы, осындай ойлармен кітапты қайта иесіне, аллам өзі кешірсін, қайтаруды «ұмыттым», қайтаруға асықпадым да... Бұл кітапты Асанәлі ағама берем деп жүргеніме де содан бері 13 жыл өтіп кетіпті-ау...
...Бүгін Сағи ағаның туған күні.