Сағаттар сырғиды, минуттар жылжиды

Сағаттар сырғиды, минуттар жылжиды
жеке
блог

Үйге мектептен кірген бетім осы. Үйге кіре салып қаламыма жүгіруіме себепші болған - уақыт. Иә, дәл солай, уақыт.

Үйге автобуспен келдім. Өз аялдамамнан түсу үшін дайындалып, алдыңғы есікке жақындап тұрдым. Неге екенін қайдам жүргізушінің алдында тұрған кішкентай ғана сағатқа көзім түсті. Сағаты, минуты, секунды барлығы да жазылып тұр. Сол сағатқа қарап тұрып, терең ойға баттым.

Уақыт зымырап өтеді. Қайтара алмайсың, қайталай алмайсың. Мен қазір жазып отырғанымды өшіріп өзгерте аламын, алайда, сол қате жазылған сөздеріме кеткен уақытымды қайтара алмаймын. "Уақыт керуеніне бөгет жоқ",-демей ме дана халқымыз. 

Біз уақытты бағаламаймыз. Осы уақыттың өтуін санаумен-ақ өміріміз өтіп жатқан жоқ па? Кейде қолымыздағы сағатқа қарап "мына уақыт өтпеді ғой тегі", "бес минутым бес жылға созылды ғой" дейтін де кездеріміз бар. Жоқ әлде өтірік пе? Бұл дұрыс емес. Себебі біздің өміріміз өмір сүрумен емес, өмірдің қадірін кетірумен өтіп жатыр. Бір қарағанда қалыпты жағдай секілді көрінер, бірақ сол бос уақытымыздың басын қосқанда қанша уақытты құрайтынын есептедіңіздер ме? Иә, шынында да көп. Бос уақытты құр сандырақпен не уақыт тоздырумен өткізгенше, оны пайдалы нәрсеге жұмсағанымыз әлдеқайда жақсы болар еді. Уақыт та байлықтың бір түрі. Жай ғана байлық емес,уақыт - асыл қазына.

makala.kz/ruhaniat/uakyt-degen-omir сайтының деректеріне сүйенетін болсақ бүкіл әлемге танымал КСРО-ның Ғылымдар Академиясының академигі Отто Юльевич Шмидт 14 жасында өз өмірінің жоспарын егжей-тегжейлі жасап қойған. Өз жоспарын жазып, оның жүзеге асуына қанша уақыт кететіндігін есептегенде 900 жыл уақыт керектігін көреді. Шмидт жоспарын 150 жылға қысқартады.

Өз өмірін сағат-минутына дейін жоспарлап қойған ол өмірінің соңғы күніне дейін 150 жылға құрған жоспарын орындайды. Ал Шмидт неше жасында өмірден өтті? 64 жасында. Яғни ол өз жоспарын уақытынан 2.5 есе аз уақытта бітірді.

Отто Шмидтің жағдайы уақыттың басты байлықтардың бірі екендігінің дәлелі деп санаймын. Егер адам уақыттың өткінші екендігін түсінсе, ол мұндай қадамға бармас па еді?!

Бәлкім уақытты бағаламау мақсатсыздықтан шығар? Мақсатсыз адамдар өмірін бір күндікпен өткізеді. Олар ертеңіме не болады демейді, болашақ туралы ой қозғамайды. Сондықтан да теріс жолға түседі. Мақсаты бар адам алға қарай талпынып, оқып, ізденіп, қадалған жерінен қан алмай қоймайды. Ол уақыт қадірін түсінеді. Мақсатына жету жолында еңбектенетіні соншалық, уақыттың қалай өткенін де байқамай қалады.

Ислам діні де уақыттың бағалылығын дәлелдейді. Уақыт - өте құнды және шектеулі. Адамға бір рет қана берілуде, қайта айналып келмеуде. Сондықтан уақытты ең құнды амалдармен өткізу керек. Өйткені пайғамбарымыз (салаллаһу алейһи уә сәлләм) "Ертен істеймін деген адам құрыды, зиян кетті" деген.

Өмір деген бір тұтам дүние. Бүгін бармыз, ертең жоқпыз. Алда не болатынын болжай алмайсың. Ертең деп жүріп ертеңге жете алмай қалуымыз да мүмкін. Сондықтан уақытты бағалай білейік. Өткен уақытты қайтара алмаймыз, бірақ сол өткеннен сабақ алып, өміріміздің соңын өкінбестей етіп өткізуге мүмкіндігіміз бар. 

Сөзімді бір ұстазымның "Не ленитесь ребята, лениться - это глупо" деген сөзімен аяқтағым келіп отыр. Себебі біз қазір қалай қалыптассақ, өміріміз солай жалғасын табады. Егер қазір еңбектенсек, болашақта соның жемісін көреміз. Сондықтан алтын уақытымызды бағалайық, достар!