Саған қалай жетемін?
блог
Қашан кетер екенмін?
Саған қашан жетермін?
Өзіңе деген қарызды
Енді қалай өтермін?
«Ауылдан шығып алып, "ауыл ма?" деген сөзді қойсақ қайтеді екен?» Жүрегіме қатты батқан сөз болды, рас айтамын, ауыр тиді. Мен ауылдан шықтым, қалада тұрамын. Бұл деген «қалалық» дегенді білдірмейді ғой. Мен - АУЫЛДЫҢ ҚЫЗЫМЫН!
Біраз уақыттан бері ауылымды, туған жерімді қатты сағынып жүрмін. Мектеп бітірген кезде барып қайтамын деп едім, жазда шығармашылық деп қалада көөөп жүрдім. Содан кейін бәрі қалды. Ауылдағы сыныптастарым «Қалаға кеткелі өзіңше болып кеттің. Бізді менсінбейсің, сондықтан келмейсің» деп реніштерін айтып жүр. Жандарым-ау, сағыныштан сарғайып өлейін деп жүрсем, менсінбегені несі?! Неге осы ауылдан адам келіп, қалада көп жүрсе «өзінше» деген статусты таға салады? Соны еш түсіне алар емеспін.
Осы жаз берекелі болды, шүкір. Той жасадық, ауылдан туған-туыс, дос-жарандар келді. Жүздері жылыы, қабақтары біздікіндей түйілмеген, нервтары жайында. Айтқан әңгімелері де көңілді. Той-томалақ, жиын, отырыс, балалары, көршілері туралы әңгімелер. Оған қарама-қарсы үстелге ата-анамның қаладағы достарын жайғастырдық. Бір-біріне үндемейді. Әңгімелері жұмыстан арыға бармайды. Өзім «алып отырыңыздар, жеп отырыңыздар. Анау бар ма, мынау бар ма?» деп стол жағалап жүріп байқағаным осы болды.
О, Алла-ай! Ауылда кезімде кітаптан ақын-жазушылардың «Ауылға сағыныш», «Ауылды сүйемін» деген өлең, әңгімелерін оқып «бұнысы несі-ей!» дейтінмін. Сөйтсем, туған жерге деген сағыныш, туған жерге деген махаббат қайда барсаң да жүректе болады екен ғой. Ауыл туралы бір көсілейін десем, көп кітап оқымағандығым білініп қалар. Ауылға, туған жерге деген сағынышымды Қалқаман Сариннің төмендегі керемет өлеңімен жеткізгім келіп тұр. Дәл менің күйім, бұдан артық не айтайын?
Туған ауыл, сен үшін тер төкпедім,
Кешір мені, кеш мені, сен текті елім!
Бір сағыныш мазалап ертелі-кеш,
Жүреді ылғи жанымды өртеп менің.
Туған ауыл. Бәрі есте...Балалық шақ,
Қалаға кеп қаңғырдық қалам ұстап.
Кешір мені, күнәсіз балалығым,
Қала алмадым ауылда саған ұқсап.
Қатты маған қызуың күннен сенің,
Сағынышым өзіңсің, мұң мен шерім.
Қайран ауыл, қалдың-ау үзіп алып,
Жұдырықтай жүректің бір бөлшегін.
Тұрғанда жасыл өлке жырға тұнып,
Көшіріп алушы едім, қырда отырып.
Жауһардай жырға құмар жүрегімді,
Алар ма ем, тұнығыңа бір батырып.
Көнермес қасиет бар келбетінде,
Сағынтар жалғыз мекен жер бетінде!
Ауылым, сенен алған тұнық сезім,
Жанымды бір ән болып тербетуде.
Бәрі есімде бал ғұмыр, бала кездің,
Арман қудым. Ат міндім. Дала кездім.
Қазыналым, қымбатсың маған мәңгі,
Қарашығы секілді қара көздің!