Саған деген

Саған деген
жеке
блог

Саған деген менде сезім болғанмен,

Сол сезімге екеумізде алаңбыз.

Маған деген сенде сезім болғанмен,

Бір емеспіз, екі басқа адамбыз.

 

Мына бізде, сезім деген көктегі,

Жасын болып жерге түсіп жатқандай.

Білем жаным мұның бәрі өтпелі,

Сүйе алмасаң қоя қойшы ақталмай.

 

Не де болса, шыныңды айт жасқанба,

«Тіл кеспек-жоқ» екендігін ұмытпа.

Мені ойла әрбір қадам басқанда,

Көзіңді ашып, ойла мені жұмып та.

 

Тағы да ойла, ісіңнің ақ-қарасын,

Үстем түскен шығар менен бақталасым.

Мейлі, тағдыр осылай болған болса,

Кете бергін, неліктен ақталасың.

 

Кете бергін, өткенге қарайлама,

Болашағың қол бұлғаса шарайнада.

Елеңдесе жүрегің өзге жаққа,

Қосыласың менімен қалай ғана.

 

Кештім бәрін ісіңнің кем-кетігін,

Самал менен бір болып тербетілдің.

Сәбиісің өйткені сен даланың,

Нәрестесі ұлан-ғайыр жер бетінің.

 

Және тағы сүйіктісі сүйіктіңнің,

Мені емес соны іштей сүйіп тұрдың.

Жолайрықтар біздерге таяп қалды,

Ортамызда жүр бірақ, күйіп құрбың.

 

Мен сені сүймеген ем, сүйе алмаймын,

Өзге әлем, өзге аруды қиялдаймын.

Отырғанда екеуміз оңашада,

Сүйемін деп, неліктен? Жиі алдаймын.

                           Арман ҚҰДАЙБЕРГЕН