САҒАН
блог
Қажеті де шамалы енді жылаудың,
Қажеті де шамалы енді сұраудың.
Сен мені енді көрмейтін де шығарсың,
Ал мен саған жыр жазбайтын шығармын...
Ағып түскен жұлдыздай боп жоғалдың,
Сені тіпті ойламайтын боп алдым.
Мені есіңе аласың ба? Білмедім,
Сені есіме алуды да доғардым...
Сен болғанмен жігерімді жасқаған,
Өзіңсіз – ақ өміріме дос табам.
Білем, сенде суреттерім жоқ менің,
Мен сенікін өшіріп те тастағам...
Сыйлап кеттің жүрегіме қанша мұң?
Сол мұңыңды көтерем деп шаршадым.
Сенде менің нөмірім де жоқ шығар,
Ал сенікін термейді енді саусағым...
Сор жауынын сорғалатты – ау мұнар күз,
Сондықтан ба сезім – шынар құнарсыз.
Мен сыйлаған кітап әлі бар ме екен?
Сен сыйлаған сезім қазір тым әлсіз...
Жазылмайды саған енді тұма жыр,
Аза тұтып жүрек дейтін бір ауыл.
Менсіз өмір саған қызық шығар – ау,
Сенсіз өмір маған қазір тым ауыр...
Көз алдымды көлегейлеп көк тұман,
Көк тұманнан сені іздеп көп тұрам.
Бақыттының сен қатарын толықтыр,
Бақытсыздың санын өзім арттырам...
Үмітіме тұмар тағып үкіден,
Сені қайтып келе ме деп күтіп ем.
Сен де менің сезімімді таптадың,
Мен де сенің сезіміңе түкірем...
Сая таппай сағынышым бақтардан,
Ерке Есілдің сол жағына ап барған.
Желге ұшырып жібердің-ау сырыңды,
Мен сырымды Бәйтерекке ақтарғам....
Көбеймейтін, өсуі де тоқтаған,
Сөзін сарқып жұрттың бәрі мақтаған.
Тамыры жоқ сезімдердей біздегі,
Сырласыма сені өлді деп барам...
Қайтем...
28.11.2010 жыл