Сәби қолынан жылан өледі деген рас екеніне көз жеткіздім. Осыдан бір-екі жыл бұрын жайлауға демалуға барған едім. Жайлауда ағам мен жеңгем және 10 айлық інім болды. Таң сәреде тұрып жеңгем екеуіміз сиыр, сағат сайын бие сауып, құрт жасап, кілегей тартып, бір уақыт судың жағасында отырып қайтатынбыз. Бірде үйреншікті ісімізбен таң сәреде женгем екеуіміз сиыр саууға, ағам болса бізге бұзау тартып көмектесуге шыққан едік. Ал 10 айлық кішкене ғана інім бесікте тәтті ұйқыда жатқан. Мезетте шелегімізде сүтке тола кетті, сүтті құюға үйге кіріп қалсақ, бесікте жатқан інім қолындағы қайыстай қап -қара затты, арлы берлі ұрғылап жатыр екен. Есіміз шығып, інімнің жанына келіп қарасақ, құдайдың құдіретімен сәби жыланның басынан мықтап ұстап алған екен. Әлгі жыланның шыбын жаны жібермей, баланың қолынан босау үшін, жан- жаққа ұрылып жатыр екен. Не істерімізді білмей дал болдық та қалдық. Осы мезетте інім бізді көргеннен бе қолындағысын тастай сала жымия күлді. Мен бесіктен інімді шешіп алып көтердім, ал женгем ағамды шақырып келіп жыланды барып байқағанда, жаны кетіп қалыпты. Осы кезде әжемнің «Сәбидің уысынан жылан өледі»,- деп айтатыны есіме түсіп кетті. Өмір парағын енді ашқан пәк періштені Аллам сақтап қалды. Ойлап қараңыздаршы, егер бейкүнә сәби жыланның құйрығынан ұстаса не болар еді? Көрер күні бар деген осы да...