Сәби сезім...

Сәби сезім...
жеке
блог

"Алғашқы махаббат, жүректі тербейді..."- деп Мейрамбек ағамыз әндеткенде бала кезімде түсіне бермеуші едім... Бой жеттім... Түсіндім... Алғашқы сезімді сезініп жүрмін, бұл менің алғашқы махаббатым деп ойламаппын да  сол кезде. Мен ол кезде әлі бала едім... Екінші сынып... Кіп-кішкентай бола тұра сезім дегенді қайдан ғана білдік екенбіз? Оған жауап та бере алмаймын. Өмірдің заңдылығы шығар. Мектепке бірге барып, бірге келетін ек... Ойын баласымыз ғой ол кезде, аулада да бірге ойнайтынбыз. Алғаш оның маған деген сезімі барын маған әпкесі айтқан еді. Бәрі сол сәттен басталды. Қалайша мен оны ұнатып қалғанымды да білмей қалдым. Жүрегіміз егіз болды ма? Неге мені сол адамға байлап қойды екен деп ойлайтынмын. Ол сабаққа келмесе көңіл хошым болмай, маған қарап сөйлемесе де қабағыма қар жауып қайтушы едім. Терезе алдынан көрсем, екі езуіме күлкі ұялап, соның жанында жүрген сәттерімде бақытты болатын ем... Қарсы алдымнан шықса екен деп тілеп келе жатып, алдымнан шыға қалса жан жүрегім тулап, екі бетім күйіп, тек амандасып қана қоюшы едім... Оның да мені жақсы көргенін білемін. Ең маңыздысы мен де оған сезімімді ашып айтпадым. Кішкентай кезде сезімді ашып айтпайды ғой ешкім, себебі, сыныптастарың мазаққа айналдырып, ол біліп қояды деп тіс жармайсың. Мен сияқты ұзақ жақсы көрмесе де, білемін аз да болса оның маған деген сезімі болды... Бірақ, бастапқыда шығар... Кейіндері мен де өстім, ол да өсті. Ол бетіне күліп қараған басқа қыздарға ғашық болған шығар, себебі мен басқа мектепке ауысып кеттім. Мен өссем де ұмыта алмадым... Білмеймін сол бір жан сол кезде алған жүрегімді қайтармады ма? Әлде, тағдырым солай мекен? Ойлап қарасам, мен ол жанға 10 жыл ғашық болыппын... Одан басқа бұл әлемде ешкім де қызықтырмаушы еді. Жаныңа өзге жан келіп тіл қатуға ұмтылса болды, қаша жөнеліп ғашығың біліп қоятындай көрінетін. Көп қиялдайтын ем. Болашағымды сонымен ғана елестететінмін. Сондай арманға толы күндерімді бір салқын самал кеп ұшырып әкеткендей болды. Інім оны басқа жанмен бірге жүргенін көріп, маған айтқан уақытта, сене алмадым... ол менімен араласып жүрген қыз еді... Ғашығымды кінәләмаймын, әрине, оның бақытты болуын тіледім керісінше. Сонда да ұзақ ұнатқаннан ба екен, ұзаққа дейін сол таза, пәк махаббатыммен қоштаса алмай, қимай қиналдым... Осы күнге дейін ол білмейді менің оған деген көңілімді, білмей қала беретін де шығар... Әлеуметтік желілерден аман-саулығын көріп Аллаға шүкіршілік етемін... Қайда жүрсе де, кіммен жүрсе де аман жүрсе екен...