Сәби жүрегі

Сәби жүрегі
жеке
блог

Алды үміт, арты - өкініш, алдамшы өмір,
желігіп жерге тықпас кісің бар ма? (Абай) 

Адамдардан көңілдің қалуы өмірдің заңдылығы. Адамзат баласының бойында қасиет пен мінездің тоқсан түрі бар. Оның бәрін айырып, танып та жату қиынға соғады.  Өмір сүру барысында көп қателік жасап, одан сабақ алып жатамыз. Осыдан бірнеше күн бұрын маған бір адам  «өткенге көз жүгірте берме, өткенмен өмір сүрме» -, деді. Мен басымды изеп, онымен келістім. Бірақ сол күні ұйқыға батардың алдында осы мәселені көп ойладым.

«Өткенмен өмір сүрмеу керек» деп әлемге әйгілі психологиялық кітаптардың авторлары қоймай  жар салуда. Иә, дұрыс та шығар. Егер бір нәрсе біздің өмірімізде тым көп болса, біз одан жалығамыз. Дәл сол секілді адамның өткені де оның өмірінде аз болуы керек. Дегенмен, бұл да толық келісетін пікір емес. Себебі, адам өткенін білмесе, одан сабақ алмаса, ол болашаққа деген нық қадамын баса алады? Айтыңызшы.  Меніңше,  бұл екі жақты қарастыруды талап ететін мәселе секілді. 

Негізінен, адамның өткен шағы көбінесе  орны толмас өкінішке, қимастыққа толы. Өткенге қатысты ой айтар болсам, менің де ішкі реніштерім бар. Дегенмен оған айтар алғысым да жоқ емес. Ендеше, ренішті айтпай, осы алғысты айтқан дұрыс шығар.

Осыдан 10 жыл бұрын-ау деймін,  анам ауылда  тауықтың жұмыртқасын сатумен айналысатын. Ірі тұқымдарын 35 теңгеден, кішкентайларын 25 теңгеден саудалайтын. Бір күні анам көрші ағамыздың үйіне қонаққа кетіп қалды, ал үйде сіңлім екеуміз жалғыз қалдық. Ештеңемен ісіміз жоқ, Дана екеуміз аулада алаңсыз ойнап жүрміз. Бір кезде үйге бір қара торы келіншек бас сұға келді. Біз кенеттен келген «құдайы қонаққа» абдырап қалдық. Әдеппен амандасып, оның жайын білмекші болдық. Үйдегі «ересек» мен болғандықтан, қара торы апай маған мән-жайды айта бастады. Оның әңгімесінен, мәселенің бәрі тауықтың тұқымына қатысты екенін түсіндім. Мен оған анамның көрші үйде қонақта екенін айттым. Ол оны білетінін және өзі де сол қонақтықтан жаңа шыққанын  білдірді. Сөйтсем, анам оған үйге барып, 30 шақты жұмыртқаны біздің қолымыздан ала кетуін өтініпті. Қара торы келіншек тұқымның пұлын апамның өзіне ұстатқан екен. Мені ересек көріп,  іші-бауырыма кіргеніне мәз болғаным сонша, қолына жұмыртқаны қалай санап бергенімді білмедім.  «Құдайы қонағымызды» шығарып салған соң, бір үлкен шаруа тыңдырғандай үйде шіреніп жүрдім. Кеудемді мақтаныш кернеп, өзімді ересек адамдай сезіндім.

Кеш батты. Қонақтық та бітті. Өрістен мал келердің алдында үйге анам да  келді. Мен байғұс шыр-пыр боп, анама бейтаныс әйел туралы оқиғаны айтып мәз болдым. Әңгімемді аяқтап болсам, анамның түрі бұзылып кетіпті. Мен аң-таңмын. Апаның қабағы түйіліп: «Ол қандай бейтаныс әйел? Сен неге менің рұқсатымсыз жұмыртқаны саттың? Мені неге күтпедің?» деп сұрақтарды жаудыра бастады. Сөйтсем,  «құдайы қонақ» боп келген қара торы апайымыз үйде анамның жоқтығын біліп,  мені баласынып, жұмыртқаны менің көзімше ұрлап кеткен екен. Әй, ақымақ басым-ай... Анам айқайды салды да, мені көк шыбықпен сабамасы бар ма? Бірақ ол сәтте менің жаныма анамнан оңбай таяқ жегенім емес, үлкен адамның мендей  бүлдіршінді алдағаны қатты батты. Осы оқиғадан кейін  «Дисней» не «Союзмультфильмдегідей» біз  бала сеніммен қарайтын кіршіксіз әлемнің жоқ екенін түсіндім. Сізді білмеймін, бірақ  олардың бойында болуы қажет адалдық пен адамгершілікке және ересектерге деген ақ сенімімнің күл-талқаны шықты.  Содан кейін мен көп нәрсеге күдікпен қарай бастадым және екінші рет мұндай қателік жібермеймін деп шешім қабылдадым. 

Соңғы жылдары әр нәрсенің жақсы әрі жаман жағыда болатынын аңғарып, оны қабылдай бастадым. Он жыл бұрынғы оқиғаны алар болсам да, одан екі жақты ерекшелікті аңғардым. Бірінші, балалардың жақсылыққа, махаббатқа, жылулыққа толы әлемі бүгін болмаса, ертең де құлауы мүмкін. Осыны түсінген кезде, сен, шынайы өмірге қадам бастым деп ойла. Әрине, мұндай қылмыскерлерге баланың балалық шағын құртуына жол бермеуіміз қажет.  Ал, екінші нәрсе – ол менің адамдарға күдікпен қарап, бірден сенбеуді үйренуім. Бұл да қатал әрі қиындығы мол өмірде қажет  қасиеттердің бірі.  Егер сол бейтаныс әйел біздің үйге кеп, мені алдамағанда  қазір мен бұдан да сенгіш, аңқау адам болар ма едім? Кім білсін... Қазақ халқының пәлсапасына салар болсақ, әр нәрсе өз қайырымен. Өткенге ренжігеннен гөрі, оған сабақ бергені үшін алғыс білдіруді ұмытпаған жөн.