Рухани құндылықтар жастардың тұлға ретінде қалыптасуының негізі

Болашақта ел тұтқасын ұстар азаматтардың өнегелі тәрбиесі – бүгінгі күн тәртібінде тұрған маңызды мәселенің бірі. Олардың отансүйгіштік сезімін, білім мен біліктілігін, дағдысы мен шеберлігін, асқақ адамшылық және адамгершілік қадір-қасиеттерін, жаңа дүниетанымдық көзқарастарын, салауаттылық дағдыларын, ұнамды мінез-құлық нормаларын рухани-адамгершілік құндылықтар арқылы қалыптастыру – үлкен қажеттілік екендігін елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үнемі еске салады.

Қай заманда болмасын, сол қоғамға сай азаматты тәрбиелеудің бірден-бір жолы адамның рухани байлығын арттыру. Қазақстан Республикасы жалпы білім беру тұжырымдамасында жеке адамның рухани және күш-қуат мүмкіндіктерін ашу, рухани-адамгершілікті қалыптастыру, әрбір адамды дамыту үшін жағдайлар жасау міндетінің ерекше аталуы біз көтерген мәселенің қоғам талабынан туындап отырғандығын дәлелдейді. Оның үстіне қоғамдағы рухани құндылықтардың табиғаты, мәні және атқаратын қызметтері туралы жан-жақты зерттеулердің адамгершілік пен руханилық мәселелерімен тікелей байланысты қарастырылып, осы кезге дейін күн тәртібінен түспеуі біздің мәселеміздің өзектілігін арттыра түседі. Өйткені, оқушылардың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру мәселелері көптеген ғылыми зерттеулерге арқау болған.

Рухани-адамгершілік тәрбиесі қоғамның барлық сатысында зерттеу нысаны болып отырғаны баршаға белгілі. Рухани-адамгершілік құндылықтар мәні, тәрбиелік маңызы туралы қазақ ғұламаларының, қоғам қайраткерлері мен ағартушы-педагогтарының ой-пікірлері мен көзқарастары бар. Бүгінгі таңда сұраныс қоғамдағы ізгілікке, руханилыққа бет бұрғызып, оқу-тәрбие жұмысын рухани-адамгершілік тәрбие негізінде ұйымдастырып, жоғары сынып оқушыларының рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру қажеттілігін айқындап отыр.

Адамгершілік – адам бойындағы ең асыл қасиет және адамзат баласының ең жоғарғы мақсатына бағытталады. Бұл қасиет адамды мейірімділікке, Отанын, елін, отбасын сүюге үйретеді. Рухани тәрбие – өзіндік сананы дамытуға жағдай жасауды, жеке тұлғаның әдеп ұстанымын, оның қоғам өмірінің нормалары мен дәстүрлерімен келістірілетін моральдік қасиеттерін және бағдарларын қалыптастыруды болжайды.

Жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеу, болашағына жол сілтеу кезек күттірмес мәселе. Негізгі міндет – балалардың жақсы әдет, мінез-құлқын қалыптастыру. Баланың сезіміне әсер ету арқылы ішкі жан дүниесін ояту нәтижесінде оның рухани-адамгершілік қасиеттері қалыптасады.

«Адамгершілікке тәрбиелеу құралы – еңбек пен ата-ана үлгісі» – деп Ы.Алтынсарин атамыз айтқандай, құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру баланың туғанынан басталуы керек. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал, үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан, баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші роль атқарады.

Осы мақсатта мектептегі балаларды адамгершілік сана-сезімін оятып, жағымды мінез-құлқын қалыптастыруда «Мен Отанымды сүйемін», «Сабырлық пен ұстамдылық», «Ойнайық та, ойлайық!» ойын-сабақтары өтті. Мұның бәрі адамгершілікке бағытталды.

Халқымыз «баланы ойын өсіреді» деген сөзі тегін айтылмаса керек. Бала ойнап жүріп, ойланады, жүйкесі тынығады, ойы сергиді, денесі шымырланады. Өздерінің құрбы-құрдастарымен жақсы араласуды үйренеді. Сан алуан ойындар баланың дене тәрбиесін дамытып, жас жеткіншектің бойына адамгершілік, сүйіспеншілік, кішіге көмек, үлкенге құрмет көрсете білуге, қиыншылықтан қорықпауға, мақсатқа жетуде төзімділікті ұлғайтуға тәрбиелеуде ерекше мәні бар. Ең бастысы, ойын баланы жан-жақты, тез ойланып шешім қабылдауға, ойын шыншыл ойнауға кешірімді, жанашырлыққа тәрбиелейтіні анық.

Рухани-адамгершілік білім беру – жас ұрпақтың бойына өмірдің мәні, сүйіспеншілік, бақыт, сыйластық, татулық, бірлік, төзімділік сынды құндылықтарды дарыту арқылы адамның қоғамда өз орнын табуына, қабілет-дарынының ашыла түсуіне, ақыл-парасатын дамытуына, яғни сәнді де мәнді өмір сүруіне қызмет етеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші бала тәрбиелеудегі осындай міндеттерді іске асырушылар – мектеп мекемелері мен отбасы. Осы екі арнада жүргізілетін тәлім-тәрбие сабақтаса, ұштаса өткізілгенде ғана көздеген мақсат нәтижелі болары сөзсіз. Бүгінгі жаңа қоғам мүддесіне лайықты, жан-жақты жетілген, бойында ұлттық сана, ұлттық психология қалыптасқан ертеңгі қоғам иегері боларлық парасатты азамат тәрбиелеп өсіру – отбасының, балабақшаның, мектептің, барша халықтың міндеті.

Адамгершілік тәрбиенің, адам бойында осы жақсы қасиеттердің болуы, жанұяға, өскен ортасына байланысты. Бала ісінің дұрыс екенін қоштап, оң бағыт беріп, теріс жерін дереу жөндеп, демеп жіберу ата-ана мен оқытушыға жүктелер міндет. «Адам бойында жақсы қасиеттер көп болса, оған бақ та, бақыт та қонады» деген сөзге сүйенсек, жағымсыз қылықтар болса одан арылту қажет.

Т.Камал, Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары



Бөлісу: