Рухани жаңғыру. Отандық жоғары білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру

Халықаралық шаралардың ашылуына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев және Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев, QS World Wide халықаралық комитетінің төрағасы Стюарт Паундер, QS вице-президенті Бен Саутер, ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов, IREG Observatory бас директоры Ян Садлак, SUN Бас Ассамблеясының төрағасы Ин Чуль Ким қатысты.

Бердібек Сапарбаев Үкімет Басшысы Асқар Маминнің құттықтау сөзін оқыды, онда бүгінде елімізде білім жүйесін, ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша талаптар жүзеге асып жатқандығы, университеттерге академиялық дербестік берілгендігі айтылған. «Бұл шаралардың барлығы ғылыми-білім беру, технологиялық және гуманитарлық кеңістіктің даму үдерістеріне университеттердің әсерін күшейтуге бағытталған. Сіздердің озық идеяларыңыз, креативті бастамаларыңыз іске асып, адами капиталдың ары қарай дамуына ықпал етеді деп сенемін», - делінген Премьер-Министрдің алғысөзінде.

Университеттердің жаһандық саммиті аясында жоғары деңгейдегі бірқатар маңызды іс-шаралар өткізілуде:

- ҚазҰУ-дың дүниежүзі бойынша мойындалған және беделді халықаралық QS рейтинг агенттігімен бірлесіп ұйымдастырған QS World Wide «Адами мұра және жоғары технологиялар үйлесімі негізінде жетілу» тақырыбындағы әлемдік конференция мен көрме;

- Әлемнің 130-дан астам жоғары оқу орнын біріктіретін Жібек жолы университеттері Альянсы (SUN) Бас Ассамблеясының отырысы;

- Түрлі континенттердегі жетекші жоғары оқу орындары кіретін әлеуметтік жауапкершілігі бар университеттері (USRN) дүниежүзілік желісінің Work shop-ы;

- ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры, G-Global Халықаралық Хатшылығы және ҚазҰУ ұйымдастырған «G-Global» бастамасын қолдаудағы «2030 - тұрақты даму мақсаттарын іске асырудағы жастардың рөлі» жаһандық конгресі.

Оған академиялық ортаның 800-ден астам көшбасшы өкілдері - университеттердің президенттері мен ректорлары, сондай-ақ 60-тан астам елдің ғалымдары мен сарапшылары қатысуда. Олар: БҰҰ, ЮНЕСКО және басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері, Microsoft, ВВС, Elsevier, Springer Nature, YODAK, AKSON сияқты әлемге танымал компаниялар; QS «World University Rankings» халықаралық рейтингінің топ-800-ге кіретін университеттердің басшылары; SUN, USRN, IREG Observatory ұйымдар мен университеттерді саралау бойынша халықаралық қауымдастықтың мүшелері; ENAEE инженерлік білім берудің аккредиттеуі бойынша еуропалық желінің сарапшылары.

Олар білім, ғылым, озық технологиялар мен рухани құндылықтарды интеграциялау аясында университеттердің болашақ дамуының жаңа моделін талқылауға және әзірлеуге қатысады. Ұйымдастырушылар бір алаңда бірлесіп іс-шараларды өткізу арқылы университеттердің адам капиталын қалыптастырудағы рөлін арттыруға және жаһандық мәселелерді шешуде синергетикалық әсер ететініне сенімді.

Айта кету керек, әлемдік тәжірибеде алғаш рет бір ғана университеттің базасында бір мезгілде осындай беделді қатысушылар құрамымен бірнеше ірі халықаралық шаралар өткізіліп отыр. QS World Wide ұйымдастырушылар комитеті атағандай, бұл – соңғы жеті жыл ішінде әлемдік рейтингтерде жасалған ҚазҰУ-дың феноменальді секірісімен, жаһандық ғылыми-білім беру кеңістігіндегі ҚазҰУ-дың артып келе жатқан рөлімен, сонымен бірге қазақстандық білім ордасы тарапынан халықаралық көлемде жүзеге асып жатқан бастамалармен тікелей байланысты.

Зерттеу университетіне айналу стратегиясын біртіндеп жүзеге асырып келе жатқан ҚазҰУ халықаралық QS World University Rankings рейтингінде Орталық Азия университеттерінен бірінші болып әлемнің ең үздік университеттері арасында 207 орынды бағындырды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мақсаттарына бағыттай отырып ҚазҰУ академиядық ортаның көшбасшыларымен және танымал ғалымдармен пікір алмасу үшін еліміздің даму старатегиясы бағыттарына және білім берудегі әлемдік трендтерге сай келетін «Жаһандық шыңға жету жолы: адами мұра мен озық технологиялар үйлесімі» тақырыбын алға қойды. Аталмыш форум ғылым және жоғары білім саласында озық тәжірибелермен алмасу және тарату бойынша әлемдегі бірегей және ірі платформа болып табылады.

Шаралар үш күнге созылды. Бағдарламада өте мазмұнды - пленарлық отырыстар, панельдік пікірталастар, іскерлік кездесулер және ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою, әлемдік және отандық жетекші жоғары оқу орындары жетістіктерінің көрмесі өткізілді.

МАҚАЛА АВТОРЛАРЫ: КАБДРАХОВА СЫМБАТ, АЛИМБАЕВА БАҒИЛА



Бөлісу: