Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты айрықша бағдарламасы тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашаққа нық қадам басып, мәңгілік ұлттық болмысы мен дамыған өркениеті ұштасып мәңгі өмір сүруінің негізгі тірегі болып табылады. Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл мақаласы еркін еліміздің еркін ертеңінің негізін құрайтын, салиқалы ой мен нақты пікірге, жарқын болашаққа бастайтын келелі қадамдарға, бағыттарға құрылған аса маңызды құжат. Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмысты сақтай отырып, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлем елдерінің құндылықтарымен үйлестіре отырып Қазақстанның игілігіне жарату, елдің жарқын болашағын қамтамасыз ету жайлы нақты қадамдар айтылады. Елбасы аталған мақаласында Қазақстанның дамуы, өркениетінің жаңғыруының негізі ретінде саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды ту ете отырып, өз көзқарасын білдіреді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мақаланың маңыздылығына тоқталады: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды». Ел дамуына бірден бір себепші болатын саяси және экономикалық реформа екені мәлім. Сонымен қатар, елбасы бұл мақаласында негізгі ой етіп рухани жаңғыру, ұрпақтың, халықтың рухани байлығын дамыту, рухани қазыналарының молаюын алады. Дәлірек айтқанда, халықтың, келер ұрпақтың ұлт дәстүрлерін жетік білуі, халық әдебиеті мен мәдениетін терең зерделей алуы, ұлттық болмысты сақтай отырып, халқымыздың рухани байлығын бойына сіңіруі бағдарламаның негізгі маңыздылығы болып табылады. Бұл шешім – көшбасшымыздың аса көрегенділігінің айқын көрінісі десек те болады. Себебі, ұлтымыздың рухани қазынасын бойына сіңіру – еліміздегі әрбір азаматтың міндеті екені сөзсіз.
Н.Ә.Назарбаев бұл ретте, тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытына жеке-жеке тоқталады. «Сананы жаңғыртудың» мазмұнын негіздей отырып, Президент жаңғырудың алты бағытын белгілейді:
1. Бәсекеге қабілеттілік;
2. Прагматизм;
3. Ұлттық бірегейлікті сақтау;
4. Білімнің салтанат құруы;
5. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы;
6. Сананың ашықтығы.
Жоғарыда аталған бағыттардың барлығы еліміздің жарқын болашағының кепілі болып табылады. Әр бағыт белгілі бір құндылықтарды негізге ала отырып, сан алуан сұрақтарға жауап беріп, алдына ауқымды да маңызды міндет қояды. Әр тұлға осы бағыттарды біртіндеп жүзеге асыра отырып, бір арнаға тоғыстырып, бойына дарыта білген, ғаламдық ғылымды игеріп бәсекеге қабілетті бола білген кезде еліміздің бәсекеге қабілеттілігі мен дамыған өркениетті ел болары анық. «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады… Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы», – деп ашып көрсетеді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы – мәңгілік еліміздің жарқын болашағының айқын көрінісі.
Дайындаған: Інкарқызы Жансая, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, филология және әлем тілдері факультетінің 1 курс студенті.
Жетекшісі: Қозыбақова Ф.А., Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, тарих және археология, этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры.