Рухани бай ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет

Рухани бай ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет
жеке
блог

   Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық академияға елге кеңінен таныс тұлға Қымбат Әбділдина арнайы ат басын бұрды. Академия президенті Ғани Бейсембаевпен кездескен "Айгөлек" бас редакторының айтары мол. Сөзді тізгіндесе, бір терлете шауып барып кілт тоқтайды. Сол шабыста еліміздегі білім беру ісі, балалардың оқуға деген құлшынысы т.б. туралы кесек-кесек сөз айтты...   

   ─ Баланың бойында керемет таза бұлақ бар. Оқығысы, үйренгісі келеді. Осылайша үлкенге қарайды. Сондықтан жасы үлкен ұрпақ баланы білімге қызықтыру үшін тілін білу керек. Баланың жүрегіне кілт таба білуі тиіс. Мұның аты ─ құштарлық. Баланың жүрегіне лайықты кілт таба білсе, олардың білімге, оқуға деген құштарлығы да қатар оянады. Ойын баласын көркем тәсілмен, қолына тәтті кәмпит ұстатқандай оқытып жіберсек, балаға сен қалай ойлайсың деп сыни ойлауын дамыта, мәмілесе отырсақ баланың білмейтіні, талапсызы жоқ, ─ деді Қ. Әбділдина.

  Ол академия қызметкерлерімен кездесуінде қазіргі балалардың басындағы ауыр рухани жағдай туралы да сөз қозғады. Ағынан жарыла ол бұл туралы былай деді: "Бүгінгі балаларымыздың ұшқыш, ғалым боламыз деп армандамайтынын жүрегім өте қатты ауырады. Қазіргі балаларда үлкен арман жоқ. Бірден салық басшысы, әкім болғысы келеді. Қысқасы, шенеунік болуға ұмтылады. Барлығы бизнесмен болғысы келеді. Өйткені, біздегі құндылықтың барлығы жаны жоқ, материалдық дүниеге бұрылған. Әрине, бай болған жақсы. Бірақ, рухани жетілмей, өткен тұлғаларыңның кім екенін білмей тұрып, бай болғанның баратын жері белгілі".  

  Осы тарапта ол Ы. Алтынсарин атындағы академияға артылар жүк жеңіл емес екендігін атап өтті. Академияны "білімнің алтын ұясы" деп, таяуда ғана президент болған Ғ. Бектайұлын ұлтын сүйетін, рухани шыңдалған азамат дей келе, жұмысына тілектестік білдірді.